Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен 50-ден аса білім ордалары арасында жасалған мәміле аясында жас сарбаздардың офицер шенін алу үшін әскери кафедраларда ақысыз білім алу жүйесі де жасалды. Мұндай мүмкіндікті пайдалану үшін жастарға әскери борышын абыройлы өтеу міндеті қойылды. Сондай-ақ физикалық және психиологиялық тұрғыда шыныққан болуы қажет. Міне, осы талаптар үдесінен шыққан жамбылдық жастардың алғашқы легі оқу орындарының грантына ие бола бастады.
Мұндай жеңілдікке ие болған жастың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Сергей Симонов. Ол әскери борышын өтегеннен кейін Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтына оқуға түсіп отыр.
– Тараз қаласындағы №29 мектепті жоғары нәтижемен бітіргеннен кейін Жамбыл жоғары политехникалық колледжіне оқуға түстім. Арнаулы оқу орнын аяқтағаннан кейін әскерге шақыру қағазын алдым. Бастапқыда жүрексінгеніммен Отан алдындағы борышымды өтеп келейін деген оймен әскерге аттандым. Қызылорда қаласындағы «Ұлттық ұлан» сапындағы әскери өмірім тыныш өтті. Көптеген жаңа достар таптым. Егер әскери борышымды жоғары деңгейде өткерсем, жоғары оқу орнына тегін түсуге мүмкіндігім бар екенін естігенде тіпті құлшынысым арта түсті. Командир берген бұйрықтарды бұлжытпай орындап, өзімді физикалық тұрғыдан да шыңдай түстім. Психологиялық сынақтардан да сүрінбей өттім. Нәтижесінде, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, Халықаралық Тараз инновациялық институтына оқуға түстім. Оқуға қабылдау еш қиындықсыз өтті. Әскери билетім мен борышымды өтеу кезінде жеткен жетістіктерімді комиссияға ұсынып, грантқа түстім. Қазір «Компьютерлік инженерия» мамандығында оқып жатырмын, – дейді Сергей.
Жас сарбаз кейінгі жылдары әлем елдері ІТ саласында қарышты дамып жатқандықтан «Компьютерлік инженерия» мамандығын таңдаған екен. Ал оның жоғары оқу орнына ҰБТ қорытындысыз тегін оқуға түскенін естіген ата-анасының қуанышында шек болмапты.
– Оқу мәселесі мені де, отбасымды да қатты ойландыратын. Ата-анам ақылы бөлім болса да оқытатындықтарын айтқан. Алайда мен жақындарыма ауыртпалық салмайыншы деп әрдайым ойланып жүретінмін. Міне, осы арманым орындалып, тегін оқуға мүмкіндік алдым. Мұндай ақжолтай хабарды ата-анам естігенде қатты қуанды. Тіпті, көз жастарына ерік берді.
Мен сияқты жастарға осындай мүмкіндік тудырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және өзге де жанашыр азаматтарға алғыс білдіремін. Маған берілген бұл мүмкіндікті пайдаланып, барлық ынта-жігерімді білім алуға жұмсаймын. Білікті маман атанып, Отаным үшін қалтқысыз қызмет ететін боламын, – дейді Сергей.
Мемлекет жасаған мүмкіндікті игілігіне пайдаланған тағы бір жас – Ернұр Жарылқасын. Ол да Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтына тегін оқуға түскен. Болашақ мал дәрігері.
– Әскерге 2022 жылдың мамыр айында аттандым. Ол кезде мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдік туралы мүлде білмедім. Алайда Алматы қаласындағы әскери бөлімде жүріп оқуға тегін түсу туралы жаңалықты естігенде, бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырыстым. Берілген тапсырмалар мен бұйрықтарды бұлжытпай орындауымның арқасында жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, бүгін міне оқу грантын жеңіп алып отырмын. Отбасымда екінші бала болсам, артымда еріп келе жатқан қарындастарым бар. Міне, солардың еркін білім алып, ата-анамның қиналмауы үшін бұл гранттың мен үшін орны ерек. Бұйыртса, бес жылда білікті маман атанып, мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлесімді қосқым келеді, – дейді Ернұр.
Ернұр – Жамбыл ауданы Ерназар ауылының тумасы. Аталған елді мекендегі №11 арнаулы орта оқу орнын «тракторис-жүргізуші» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Енді «мал дәрігері» мамандығын игерсе, ауыл шаруашылығы саласына таптырмайтын маман атанғалы тұр.
Айтпақшы, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының басшылығы оқу грантынан бөлек, әскери борышын өтеп келген жастарды шәкіртақымен қамтамасыз ету жағын да қарастыратындықтарын айтыпты. Бұл әрине қуанатын жаңалық. Десе де, Ернұр бес жыл тегін біліммен сусындататын білім ордасының оқу грантының өзіне дән риза. Енді жас сарбаз офицер шенін алу үшін әскери кафедраға да оқуға түсу жағын қарастырмақ. Міне, осылайша Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жастың алға қойған мақсаттары орындалып, білімді де, білікті ұрпақтың бірі атанғалы отыр.
Сөз жоқ, бұл – егеменді еліміздің жасаған ең ұтымды шешімдерінің бірі. Бір жағынан жастарды әскери борышын өтеуге ынталандырса, екінші жағынан білікті кадрлар даярлауға жол салып отыр. Сондықтан жоба өміршең болып, әлі талай жас оқу гранттарының иегері атанады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы