Дейтұрғанмен, жергілікті халық соңғы кездері су маржанына сусап отыр. Әсіресе, балықшылар теңіз бен көлде балық қоры тапшы екенін айтады.
Өңірде балық өсіру тәлімбақтары жұмыс істейді. Кезең-кезеңімен балық шаруашылығын дамыту жұмыстары тиісті орындар тарапынан жоспарға сай жүргізіліп жатқаны айтылады. Алайда халық аулайтын балық таппай сенделіп жүр. Әсіресе, айдынды Арал өңірінің жұртшылығы атакәсіптен қол үзіп қалғанына ашынып отыр.
Былтыр дәл осы өңірге қарасты Бөген ауылы Қарашалаң су айдынында балық шабақтарының жаппай қырылу оқиғасы тіркелгені ел есінде. Сол кезде Сағымбай каналында 1 тоннаға жуық балық қырылып қалған. Бұл келеңсіздікті тексерген су мамандары балықтардың жаппай қырылуы оттегі жетіспеушілігінен болғанын алға тартқан еді.
Жуырда ел арасында күріштік алқаптарда су тартылып, қайраңда қалған балықтардың жаппай қырылатыны жайында ақпарат тарады. Шаруа қожалықтары күріш алқабында қалған балық шабақтарын жинап, су айдындарына жіберуі қажет. Алайда бұл талап орындалмай, есесіне жыл сайын мұндай келеңсіздік жиі көрініс тауып отыр. Соның салдарынан ондаған тонна балық шабақтары оқшауланған суларда қалып, текке қырылуда. Осыған тиісті шара көріліп, жауапты орындар тарапынан балық шабақтарын құтқару жұмыстары жүйелі жүргізілсе деген талап-тілектерін жеткізген еді.
Құзырлы орындар тарапынан да өңірде мұндай келеңсіздіктің орын алатынын жоққа шығармады. Соған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты.
– Жыл сайын Қызылорда облысының әкімдігімен балық шабақтарының жаппай қырылуының алдын алуға бағытталған жұмыстардың іс-шаралары арнайы әзірленіп, бекітіледі. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын тауып отыр. Бұл іс-шара Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынның Қызылорда филиалы және Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мекемелерінің ұйымдастыруымен жүргізіледі. Оған қоса табиғатқа жанашыр ерікті азаматтар мен балық шаруашылығы саласындағы табиғат пайдаланушыларда шараға қатысып келеді. Өткен жылдың өзінде 8 млн данадан астам балық шабақтары құтқарылып, Сырдария өзені мен күріштік алқаптарға жақын орналасқан балық шаруашылығына маңызы бар су айдындарына жіберілді», – деп түсіндірді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров.
Мәліметке сәйкес, Қызылорда облысында Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзені, балық шаруашылығында маңызды рөл атқаратын 207 көл бар. Соның ішінде 180-нің үстінде көл табиғат пайдаланушыларға 5-10 жылға берілген. Ал қалған бөлігі резервтік қорға алынған.
Жалпы Сыр өңірінің теңізі мен өзен, көлдерінде балықтың 22 түрі мекендейді деген ақпар бар. Соның 18 түрін ғана аулауға рұқсат беріліпті. Дейтұрғанмен, су айдындарындағы осындай көлемдегі балық қорының өзі көбеймей тұр. Бұл бірінші кезекте тіршілік нәрінің тапшылығына байланысты орын алып отырғаны жасырын емес.
– Су айдындарындағы балық қорының тапшылығы су мөлшерінің аздығына байланысты болып тұр. Соның салдарынан оның табиғи жолмен көбеюіне кедергі көп. Су айдындарындағы балық қорын қорғау бағытында тиісті жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Биылғы жылғы жоспарға сәйкес 7 млн данадан астам балық шабақтарын құтқару қажет. Соның негізінде Қызылорда қаласы мен барлық аудан аумағында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап қазан айының соңына дейінгі уақыт аралығы күріштік алқаптарда қалған балық шабақтарын құтқару айлығы деп жарияланған. Осы уақыттар аралығында жоғарыда аталған мекемелердің қызметкерлері іс-шараға сәйкес тұрақты жұмыстар жүргізеді, – дейді балық шаруашылығы инспекциясы.
Инспекцияның мәлімдеуінше, биылға арналған іс-жоспар бойынша тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктелген. Соның негізінде табиғат пайдаланушыларды балық шабақтарын құтқару жұмыстарына жұмылдыру, құтқарылған шабақтармен су айдындары мен учаскелеріне шабақтандыру жұмыстарын жүргізу, облыс аумағындағы су жүйелерінде қалған балық шабақтарын құтқару жұмыстарын ұйымдастыру көзделген. Сондай-ақ күріштік алқаптарда қалған балық шабақтарын құтқару шараларын ұйымдастыру және құтқарылған шабақтарды резервтік қордағы балық шаруашылығына маңызы бар су айдындары мен учаскелеріне жіберу қарастырылған. Қазіргі таңда осындай жұмыстардың нәтижесінде 1 млн-ға жуық балық шабағы құтқарылғанын мәлімдеді. Ал күріштік алқаптар мен су жүйелері бойынша қалған балық шабақтарын құтқару жұмыстары облыстың әр өңірінде жүргізілетінін алға тартып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы