Тіл мерекесін атап өтті

Алматыдағы Шаңырақ-2 ықшам ауданында орналасқан №26 жалпы білім беретін мектепте «Менің тілім – ұлы дала рухы» атты мерекелік іс-шара өтті.

– Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде Тіл мерекесі аталып өтілуде. Тіл – мемлекетіміздің тірегі. Сондықтан адамзат өз тілін қастерлеп, дәріптеуі парыз деп ойлаймын. Өткізіп отырған шарамыздың мақсаты да сол – оқушы­ларымызды ана тілімізді құрметтеп, қадірлеуге баулу, олардың тіл байлы­ғын дамыту. Ана тіліміздің өрісі кеңейе берсін, – деді мектеп директоры Ғалия Сейдахметова.

Мекеме басшысының сөзінше, тіл мерекесіне арналған шаралар мек­тепте жыл сайын ұйымдас­тырыла­ды. Қазір оқушылардың тіл байлығын арттыру мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынған.  Әрбір оқушы бірнеше шығар­маны оқуға міндетті. Балалар бір-бірімен жарысып оқиды. Жауапты ұстаздар балалардың талпынысын бағалап, ерекше ізденісімен көзге түскендерді арнайы номинациялармен марапаттап отырады екен. 

Кеште Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сту­дент­тері мектеп оқушыларымен бірлесіп қойылым ұсынды. Әсіресе, Өнер академиясы студенттерінің Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасы негізінде қойған қойылымы көрерменге ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ мектеп оқушы­лары Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Шаханов сынды тау тұлға­лар­дың бейнесін сомдап, жырдан шашу шашты. Әрмен қарай кеш кішкентай өнерпаздардың рухты әндерімен жалғасын тапты. 

Бүгінде №26 жалпы білім беретін мектепте 3 715 бала білім алады. Жалпы саны 247 мұғалім балаларға сабақ береді. Ал соның ішінде 40 педагог – аталған мерекелік жиынды өткізуге ұйытқы болып отырған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы