Қалалық спорт басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері мен елімізге танымал, халықаралық әлемдік деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар қатысып, шараға атсалысты. Қоғамдық іс-шараны бастамас бұрын олар шаһар төріндегі «Ғашықтар» саябағында сенбілікті таңғы жаттығумен ашты.
Жиналғандарға қоғамдық жұмыстың мән-маңызын түсіндірген пара дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы Ақмарал Науатбек сенбілік тазалық кепілі екенін айтты. Осындай тазалық жұмыстарын жүргізу қашанда елордалық спортшылардың назарынан тыс қалмағанын тілге тиек еткен ол:
«Бүгін бәріміз бір кісідей жұмылып бізге берілген аумақты түгелдей тазартып шықтық. Өз ойымша сенбілік – бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Барша қазақстандықты туған жерімізді таза ұстауға шақырамыз», – деді.
Соңғы жылдары қаладағы мұндай игі іс жұртшылықтың қолдауына ие болып келеді. Бұл бір жағынан жас ұрпақты өз туған жерінің табиғатын сақтап, азаматтық парызды орындаудың құндылығын үйретуде берері мол. Айталық, осы жолы да елордада 16 қыркүйектен 14 қазанға дейін «Жасыл Астана» дәстүрлі экологиялық айлығы өтеді. Осы жұмыс аясында ұйымдастырушылар қалалық қызметтерді, еңбек ұжымдарын және белсенді қала тұрғындарын жұмылдыра отырып, бірнеше коммуналдық және жалпықалалық сенбілік өткізбек.
«Елордалық 100-ден астам спортшымен бірге Спорт басқармасының ведомстволық бағынысты мекемелерінің қызметкерлері көшелерді тұрмыстық және өсімдік қалдықтарынан тазалап, қаланы абаттандыруға өз үлестерін қосты. Астанада «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында жалпықалалық сенбілік қазанға дейін жалғасады», – дейді қалалық Спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.
Елордада жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырған «Жасыл Астана» экологиялық айлығын қала экологиясын сақтаудың алғышарты ретінде қарастырсақ та болатындай. Өйткені акция аясында өтіп жатқан жалпықалалық сенбіліктің өзіне 56 мыңнан астам қала тұрғыны шықты. Демалыс күніне қарамастан белсенділік танытушылардың қатары көп. Таңғы сағат 9-дан бастау алған жалпықалалық сенбілікке ірі, орта және шағын бизнес өкілдері де қатысты. 200-ден астам компанияның қызметкерлері, қаланың тазалығына бейжай қарамайтын тұрғындар өз ұйымдары мен кеңселерінің жанындағы аумақты тазартып, азаматтық іс атқарғандарын абыройлы жұмыс деп санайды. Қала тұрғындары сағат түске дейін 110 тоннаға жуық қоқыс шығарды. Сонымен бірге қарағаш, үйеңкі, қарағай, бұта сияқты 1 200-ге жуық жасыл желек отырғызды.
Ж.АСҚАРБЕК
Фото: dknews.kz