Жолдауды қолдауға арналған жиынға облыстық мәслихат депутаттары, тарихшылар, қоғам белсенділері, облыстық әкімдікке қарасты басқарма басшылары, студенттер қатысты.
– Президенттің бұл жолғы Жолдауының ерекшелігі, кез келген кезде халық үніне құлақ асатын Үкімет екендігімізді тағы бір мәрте көрсете білді. Елімізде үлкен тартыс болып жатқаны белгілі. Қиын кезеңді еңсерудеміз. Біз тіршілік етіп жатқан сәтімізде «неден күш аламыз, неден нәр аламыз?» дегенді үнемі ойда ұстауымыз керек. Егер жұтқан ауа, ішкен суымыз таза болмаса, қуат беретін азық-түлігіміз сапасыз болса, қиыншылық туындары сөзсіз. Тіршіліктің көзі суға байланысты жақсы ойлар айтылды. Электр энергетикасы саласында тапшылықты болдырмау мақсатында АЭС салу жөніндегі пікірді, жалпыхалықтық референдум арқылы шешу керектігін айтты. Осының бәрі жаңа министрліктерді құруға себеп болды. Бұл – уақыт талабы, – деді «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.
Жиында бүгінгі таңда атқарылып жатқан істер де сараланды. Арнайы келіп жастарға өз ойын жеткізген Қарағанды университетінің мұғалімі, профессор, тарихшы Нұрсаған Ахметқызы:
– Маған Президентіміздің елге шетелден қайтарылған активтердің ашық болуы және мемлекеттік қорларды біріктіру туралы ұстанымы ұнады. Жолдаудағы ерекеше қолдау табатын бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы туралы мәселелер деп санаймын. Соның ішінде өндірілген өнімді өңдеу, оның жұмысын ынталандыру арқылы мол табыс табу соның нәтижесінде ішкі өнімді көбейте отырып экспортты нығайту. Ол үшін мемлекет тарапынан ауыл-аймақтағы бизнесті қолдау, ұсақ шаруашылықтарды біріктіру мәселесін шешуді атап көрсетумен қатар, өнім өткізу саясатын дұрыстау арқылы шетелге шығару керек дегені өте дұрыс болды. Мұндай саясаттың тарихи өзегі – биыл құрылғанына 175 жыл толып отырған атақты Қоянды жәрмеңкесі. Ол заманда мал өнімдерін тауар ретінде сату, айырбастау барысында ұтылумен қатар, мол пайда табу мектебінің тарихи тағылымы мол еді. Олай болса тарихтан сабақ алудың да бір мысалы осы Жолдаудан көрінді, – деп атап өтті.
Сонымен қатар TALQYLAU диалог алаңында сөз сөйлеген «Сенімен болашақ» бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының басшысы Индира Тоқмурзина:
«Жолдау – біз үшін стартегиялық құжат. Жолдаудың жүзеге асуына бәріміз, халық болып жауаптымыз. Мемлекет басшысының қоғамдық сананы өзгерту керек дегені ұнады. Өйткені ортақ мүддеге жұмылуымыз тікелей қоғамның санасына байланысты. «Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс» деді Президент. Олай болса, азамат адал болғанда біздің мемлекетімізде әділеттілік болады, әр адам өзінің жұмысына шынайылықпен қарауы керек», – деді.
Жиында студенттер аға буыннан өз сұрақтарына тұшымды жауап алды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы