Моноқала: үміт шамы қайта жанды...

Бүгінде елімізде 89 қала бар болса, олардың 27-сі моноқала санатына жатады. Бұл қалалардағы тұрғындар саны – 1,5 млн адамға жуық.

Моноқалалар өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді. Мұнай-газ, металлургия, химия өнеркәсібі және энергетика саласындағы ірі кәсіпорындарымыз сонда шоғырланған. Алайда бұл қалаларда шешімін таппай келе жатқан түйткілдер аз емес. 

Мәселен ең маңызды проблемаларға не­гізгі салалардағы бәсекеге қабілет­­­­­ті­ліктің жоғалуы, тұрғын үй және көлік ин­­фрақұрылымы сапасының төмендігі, жалақының төмендігі және жұмыссыз­­­­­дық деңгейінің жоғары болуы жатады. Аталған мәселелерді шешу үшін Мемле­­­­кет басшысы моноқалаларға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарау, олар­дың одан әрі дамуына және ең бастысы, онда тұратын азаматтарға қолдау көрсе­­­­туді тапсырған болатын. Осыған орай соңғы уақытта үкімет моноқалаларды дамытуға айырықша көңіл бөліп келеді. Бұған күні кешегі ел үкіметінің Жаңатас, Қаратау және Риддер қалаларын 2023-2027 жылдар аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған ке­­­шенді жоспарын бекіткендігі дәлел. 

Моноқалаларға 1,7 трлн теңге жоспарланған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде 27 моноқаланың әр­қайсысының тұрақты экономикалық өсім­нен бастап тоқырауға дейін даму перспективалары әртүрлі екенін атап өткен еді. Олардың кейбірі нарыққа бейімделіп, экономикасын әрта­ра­птан­дырып үлгерді. Осыған байланысты Ұлт­тық экономика министрлігі моно­­қа­лаларды дамытуда кешенді тәсілді қол­­­­дану мақсатында, сондай-ақ жаңа шара­ларды жүйелеу және іске асыру үшін тиісті Жол картасын әзірлеп жатыр екен. Жол картасында Моноқалаларды мемлекеттік қолдау шараларының бірың­ғай тізбесін, Әлеуметтік-эконо­­микалық дамытудың кешенді жоспар­ларын әзірлеу, индустриялық аймақтар мен озық даму аумақтарын құру және тағы басқа мәселелер көзделген.

Ал кешегі бекітілген кешенді жоспар бойынша 10 моноқаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша нақты мақсаттар белгіленді. Бұған дейін министрлер кабинеті Алтай, Арқалық, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Серебрянск және Степногорск қалалары бойынша кешенді жоспарлар қабылдаған еді. 10 кешенді жоспар аясында 608 тар­мақтан тұратын іс-шараларды іске асыру көзделген: денсаулық сақтау, білім беру, спорт, инженерлік инфрақұрылым, ша­ғын және орта бизнес, агроөнер­­­кә­сіптік кешен нысандарын салу және жөндеу, заманауи жабдықтарды сатып алу қарас­тырылған. Осы мақсаттарға 1,7 трлн теңге жоспарланған.

«Мысалы, Жаңатас қаласында рес­пуб­ликалық және жергілікті бюджет, сондай-ақ басқа да көздер есебінен 75 іс-шараны іске асыруға 3 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған. Қаратауда шамамен 50 млрд теңге – бюджеттен тыс ақша. Арқалық қаласында Маятас клас­терінің кен орындарына геоло­гиялық зерттеу жүргізілгеннен кейін тау-кен байы­ту комбинатын салу жоспарланып отыр. Құны 315 млрд теңге болатын жоба 1,2 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Арқалықты әлеуметтік-эконо­­­­­ми­калық дамытудың кешенді жоспары Қос­танай облысының Амангелді және Жангелді аудандарын дамыту жөніндегі іс-шаралармен толықтырылған», – дейді Үкіметтің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Үкімет баспасөзі Бал­қаш қаласында Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде өнеркәсіп өнді­­­­­рісінің нақты көлемінің индексі 8,5%-ға, өңдеуші өнеркәсібінің үлесі 90%-дан кем емес өсіп, негізгі капиталға салынған инвестиция 57 млрд теңге болады деп кү­тіліп отырғанын хабарлады. Сондай-ақ шағын және орта бизнес нысан­­­­дарының саны, олардың өнімдерінің көлемі және жұмыс орындары біраз көбеймек. Ал әуежай реконструк­­ция­­ланғаннан кейін туристер ағыны мен іскерлік белсенділік 4 есе артады деп болжанып отыр. Енді 2027 жылға дейін атмосфераға таралатын зиянды шыға­­­­­­рын­­­­­дылар 78,5 мың тоннадан 50,2 мың тоннаға дейін азаяды деп күтілуде.

Ақмола облысының Степногор қа­ласына келсек, өнім шығаруды 71 млрд теңгеден 90 млрд теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығындағы ЖІӨ көлемін 10%-ға арттыру көзделіп отыр. 3,5 мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Меди­­­­­цина қызметкерлері жаңа медициналық колледжде дайындалатын болады. Орта­­лық қалалық ауруханаға күрделі жөндеу және техникалық жарақтандыру жұмыс­та­­­­­ры жүргізіледі. Сондай-ақ жы­лумен және электрмен жабдықтау мен кәріз же­лілерінің тозу деңгейін төмендету жос­парланып отыр. 15 аула аумағын абаттандыру есебінен балаларға қолайлы жағдай жасалады. 

Жалпы экономиканы әртарап­тан­дыру мақсатында 5 моноқалада 2 806 жұ­мыс орнын аша отырып 214,3 млрд теңге сомаға 14 «зәкірлік» жоба іске асырылуда.

Кешенді жоспардың іске асуы бақылауда болмақ

Жалпы «AMANAT» партиясы жа­нындағы Өңірлік даму жөніндегі рес­публикалық кеңестің отырыстарында осы моноқалалардың әлеуеті мен бола­шағы туралы аз айтылып жүрген жоқ.

Онда кеңес төрағасы, Мәжіліс де­­путаты Берік Бейсенғалиев барлық мо­­но­қаладағы коммуналдық инфрақұ­­ры­лымның тозығы жетіп тұрғанын ай­­­­­­тып келген еді. Сонымен қатар ол де­пу­­тат ретінде үкіметке Алтай, Балқаш, Жаңа­­тас, Қаратау, Лисаковск, Риддер, Се­ребрянск, Степногорск және Арқалық сияқты 10 моноқаланы әлеуметтік-эко­­номикалық дамытудың 2023-2027 жыл­­­дарға арналған кешенді жос­пар­­ларын бекітуді жеделдету қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдаған бо­­латын. Осы мәселе бойынша Берік Бей­­сен­ғалиевпен байланысып, пікірін сұ­радық.

«Моноқалалар мәселесі маған етене таныс. Сайлауалды науқан кезінде ха­­­лықпен кездесулер барысында жи­­­налған өтініш тілектердің басымдығы елдің әлеуметтік жағдайына байланысты бол­ды. Оның ішінде моноқалалардың әлеуе­ті мен болашағы мәселелері бар. Аталған сұрақтар «AMANAT» партиясы­ның жанындағы Өңірлік даму жөніндегі респуб­­­ликалық кеңестің уәкілетті мем­­лекеттік органдар мен моноқалалар өкіл­­дерінің қатысуымен өткен маусым­­­дағы отырысында көтерілген. Оның қо­­рытындысы бойынша жауапты атқа­­­ру­шы органдарға барлық моноқалаларға тән проблемаларды жүйелі түрде шешуді бастау ұсынылған. Моноқалаларға сапар кезінде көзіміз жеткені, кейбір сұрақтар уақыт күттірмей шешуді қажет етеді. Мәселен, Арқалық қаласындағы жылу электр станциясының жұмысы. Қыс басталмай қала тұрғындары жылумен толық қамтылуы қажет. Арқалық жылу электр станциясының жұмысын өткен сапарларым кезінде де бақылап, қада­­­ғалауға алдым. Нысанның жұмыс істеу кезінде көптеген ақаулар шыққаны туралы да жазғанмын. Энергетика ми­нистрі Сатқалиев мырзаға да осы жағдай туралы депутаттық сауал жолдап Атом­дық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің өкілдерін Арқа­­лыққа жіберуін сұрап едім. Министр жедел түрде тиісті комитет қызмет­­кер­лерін Арқалық қаласына жіберіп, тексеру жұмысын жүргізді», – дейді ол. 

Сонымен қатар депутат енді қажетті кешенді жоспарлар қабылданғаннан кейін олардың іске асуын жіті бақылауға алатынын айтты. 

«Мемлекет басшысын елдегі моноқа­­­лалардың жағдайы алаңдатып отырғанын жыл сайынғы Жолдаудан байқауға болады. Биыл Мемлекет басшысы елді су, газ және сапалы жолдармен қамтама­­сыз етуге басымдық беріп отыр. Ол үшін жауапты министрліктер де құрылды. Сон­дай-ақ, халықты баспанамен қамту жолдарын да көтерді. «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Ел прези­­денті: «басты назарды облыс орталық­­тарына ғана емес, аудандарға, моноқа­­лаларға және ауылдарға аударған жөн», – деген еді. 

Қазір, моноқала тұрғындарын алаң­дататыны баспана және жұмысыссыздық мәселесі. Осы себепті, көптеген тұр­ғындар үлкен шаhарларға көшуге мәж­­бүр. Ол жасырын мәселе емес. Бұл мә­­­­селенің алдын алу үшін халық үніне құ­лақ түрілуде. Мәселен, өткен жылы шағын қалаларды сумен қамтамасыз ету үшін 16 млрд, жылуға 25 млрд теңге бө­лінді. Бұл, әрине, қазір толық қамтуға жеткіліксіз. Әлі де жұмыс жүргізуді талап етеді. Ауылдағы ағайынға қолдау қажет. Инфрақұрылымы мен әлеуеті дамыса, моноқалаларымыздың жойылып кету қаупі сейілетін еді», – дейді мәжілісмен. 

Моноқалалардағы мәселелер қандай?

Моноқалалардың ең негізгі проб­­лемалары – негізгі салалардағы бәсекеге қабілеттіліктің жоғалуы, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы сапа­сының тө­мендігі, жалақының аздығы және жұ­мыссыздық деңгейінің жоғары болуы. Көпшілігінің әлеуметтiк-экономикалық даму қарқыны бәсең. Сонымен қатар халық санының кемуі де бөлек мәселе. 2000 жылдары бұл қалаларда 3 млн адам тұрған болса, қазір 1,4 млн халық тұрады. Деректерге сүйенсек, шаһарлардағы ха­­лық санының өсімі аса жоғары емес. Ұлттық экономика министрлігінің рес­­ми мәліметінде моно және шағын қала­­ларды қоса есептегендегі халық саны 2009-2019 жылдар аралығында бар-жоғы 52,5 мың адамға көбейгені көрсе­тілсе, осы жылы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков моноқа­­­лалардағы халық санына да жеке тоқтал­­­­­ған бір сөзінде: «Моноқалалардағы де­­мо­­­­­графиялық жағдай көші-қон ағы­­ны­­­­мен және халық санының төмен­­деуі­мен сипатталады. Осылайша, 7 жыл­да көші-қонның теріс сальдосы 336-дан 13 088 адамға дейін өсті, ал моно­қа­лалардың халқы 2,5%-ға қыс­қарды. 2030 жылға дейінгі демо­­графиялық болжамға сүйенсек, 16 мо­ноқалада халық саны 40 мың адамға, яғни 821 мың­­­­нан 741 мыңға дейін азаюы ық­тимал. Болашақта Сереб­рянск және Қара­жал сынды кейбір мо­но­­­қалаларды ауылға айналдыру мә­­­­селесі туындауы мүмкін», – деген еді. 

Ал экономист Бейсенбек Зиябековтің пікірін сұрағанымызда ол ауыл шаруа­­­­­шылығы кооперативтерін құру ісіне басымдық беру керектігін айтты. Соны­мен қатар моноқалаларда ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорын­дар көбірек салынуы тиіс деп санайды. Бұл өз кезегінде қаланың дамуына серпін беретін маңызды фактор екенін айтқан ол шағын және орта кәсіпті дамыту да көптеген түйіткілдің шешілуіне ықпал етеді дейді. «Үкіметтің моноқалалардағы аталған жағдайға көңіл бөлуі, әрдайым назарда ұстауы орынды. Моноқалаларды олармен іргелес жатқан ауылдардан жеке бөліп алып қарастыруға болмайды. Бар­лығы кешенді түрде қамтылып қарасты­рылуы керек. Сонда ауыл мен қала ара­сындағы үзіліп қалған жіп қайта жал­­­­­­­ға­­­­­­­нады. Моноқала да, ауыл да қатар да­миды. Бизнес саласы біраз шаруаны реттеп береді деп ойлаймын. Бізде үлкен, шағын және орта бизнестердің әрқайсы­сы өз қазанында ғана қайнап жатыр. Ара­ларында байланыс жоқ. Осыны рет­­теу керек. Сонда ірі бизнес орта биз­нес­ке, орта бизнес ірі бизнеске қызмет көрсе­­­тетін болды. Ауыл мен қала­ны да осылай жалғастырамыз, – дейді Бей­сенбек Зиябеков.

 

ТҮЙІН:

Үкімет моноқалалардың мәселесіне 2012 жылдан ғана назар аудара бастады. Өйткені шағын қалалардағы жағдайды реттей алмаса, ондағы мәселелер ушыға беретінін жақсы түсінді. 2012 жылдың ма­мыр айында «2020 жылға дейін Моно­қалаларды дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасы» қабылданды. Бұл құжат ая­сында 27 моноқала іріктеліп алынып, оларды қолдау бұрынғы өңірлік даму бағдарламаларынан бөлек, өз алдына дербес қарастырылды. Ұлттық эконо­мика министрлігінің Өңірлік даму де­­партаменті директорының орынба­­сары Нұрлан Құдияровтың жыл басын­дағы мәліметінше, 2012-2022 жылдары моно және шағын қалаларға жалпы сомасы 103,9 млрд теңге жұмсалған. Енді ке­шен­ді жоспар бойынша тағы да қо­мақты қаржы бөлінбек. Мемлекеттің тұрақты дамуы – қалалардың тұрақты дамуынсыз мүмкін емес. Ендеше мо­­но­қа­­лаларды дамыту – еліміздің әл-ау­қа­тын арт­ты­румен тең болмақ. 

Наурызбек САРША