18 қыркүйек күні елорданың жас отбасылары арасында ұйымдастырылған “Қазағымның дәстүрлері-ай” байқауы өз мәресіне жетті. Ұлттық рухты түлеткен айтулы шара “Қара шаңырақ” қоғамдық бірлестігінің идеясымен, Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының демеуімен өтті. Сондай-ақ Білім басқармасы жанындағы әдістемелік орталық пен Байқоңыр аудандық әкімдігі зор қолдау білдірді.
Астана тұрғындарынан 30-дан астам отбасы сайысқа қатысуға ниет білдіріп, оның ішінен ереже-талапқа сай келген 9 отбасы іріктеліп алынып, өнер мен рух додасына түсті. Ол мықтылар: Байтасовтар отбасы, Дәнебековтер отбасы, Қазиевтер отбасы, Қазкеновтар отбасы, Рашитовтар отбасы, Сәмек отбасы, Секеновтар отбасы, Ұлықпанұлы отбасы және Халат отбасы.
Жас көрермендер театрында өткен айтулы шараның қазылар алқасының құрамында мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, публицист Сәуле Мешітбайқызы, «Қара шаңырақ» ҚБ директоры, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тұрар Шәкен, ҚР Мәдениет қайраткері, «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Еркебұлан Ағымбаев, Білім беру ісінің үздігі, ақын, сазгер, күйші Оспан Сүлейменұлы, Астана қалалық мәслихатының депутаты Мәдина Әжкенова, театр және кино актері, радиожүргізуші, мәдениет саласының үздігі Толқын Сұлтан және «AMANAT» партиясы Сарыарқа ауданы филиалының атқарушы хатшысы Руслан Шәкібайұлы сияқты азаматтар болды.
Отбасы мүшелері жұмылған жұдырықтай болып, сайыстың әр кезеңінен абыроймен өтуге тырысып отырды. Бірінші кезең «Біздің отбасының бір күні» деп аталатын бейнесайыс еді. Онда әр қатысушы отбасының біркүндік тыныс-тіршілігін танытатын, ұзақтығы 2 минуттан аспайтын бейнероликті ұйымдастырушыларға алдын ала жіберіп, қазылар алқасы сынға түскен бейнеөнімді өлшемшартқа сай бағалады. Екінші кезеңнің аты «Он саусақтан өнер тамған» деп аталды, онда отбасы мүшелері қолөнері арқылы сайысқа түсті. Сахнаға шыққан отағасы қазақ қолөнерінің ер азаматтарға тән үлгісін дайындап әкеліп, көрерменге таныстыруы тиіс болса, келіншектері ұмыт бола бастаған ұлттық ас әзірлеп әкелуі қажет болатын. Ер азаматтар арқан есіп, қамшы өріп, алтыбақан құрды, ашамай мен жебе жасады. Ал келіншектер ұлттық тағамдар – қарын бүрме, ұн-қуырдақ, әсіп дайындап әкеліп, оның құрамы мен мәнін түсіндіре білді. Ал бүлдіршін қыз балалар ісмерлікпен айналысып, ою ойып, кесте тікті. Сөз арасында белгілі болғандай, сахнаға шыққан кей отанасы өздері киіп шыққан ұлттық бешпенттерін өздері тіккен екен.
Үшінші кезең «Өнер, білім бар жұрттар» деп аталды. Бәйгенің көрігін қыздырған негізгі шығармашылық кезең осы болды. Отбасы мүшелерін ерекше нақышпен таныстырған қатысушыларды көріп сүйсінген ел, зияткерлік сайыста салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап бере алған топтарға таңдай қағысты. Бұл бөлімде конкурсанттарға тарих, этнография, салт-дәстүр, фольклор, мақал-мәтел бойынша сұрақтар қойылды. Ал өнер сайысында жас отбасылардың мүлдем тың қыры ашылып, жасын оттай жарқылдады деуге болады. Айтылған бөлімде қатысушылар отбасы құндылығы мен арман-мақсатын айқындайтын ән айтып, күй шертті, ұлттық аспапта ойнап, өлең оқыды. Бір айта кетерлігі, жас отбасыларды демеп, үйдің қарттары да қатысқан отбасылар болды. Мәселен, Қазиевтер отбасында бұрын инженер-құрылысшы қызметін атқарған ақсақал атасы белсенділік танытып, ұл-қыздарын қолдап, күй тартса, Сәмек отбасының ақ жаулықты қажы әжесі батасымен, қолөнерімен өз тобының жеңісіне үлес қосты.
Осылайша, 3 кезеңнен тұратын, 4 сағатқа созылған байқау нәтижесінде 3-орынды Қазиевтер отбасы иеленсе, 2-орын Халат отбасына бұйырды. 1-орынды Ұлықпанұлы отбасы алды, ал бас жүлдені жүзден жүйрік шыққан Сәмек отбасы еншіледі. «Ұл мен қызға тең қарап, тең тәрбиелеп, ұлттық құндылықты тең сіңіріп жатқан осындай өнегелі отбасылар көп болсын!» – деді өз қорытынды сөзінде қоғам қайраткері, абзал ана Сәуле Мешітбайқызы. «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Сәттарқызы жеңімпаздарға дипломдар, этнографиялық мазмұндағы құнды кітаптар мен ұлттық нақыштағы ағаш астауларды сыйға тартты.
Мәдени іс-шараға қолдау білдіріп келгендер – хормейстер Фанида Нұрбаева жетекшілік ететін «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблі және «Наз» би театрының өнерпаздары, атап айтқанда Зағипа Иманғазы мен Батима Изенаева әннен шашу шашты.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, «Қазағымның дәстүрлері-ай!» байқауына дайындалу барысында ұлттық қолөнерден бастап, қазақтың тағамдары, салт-дәстүр туралы білімі мен танымдарын дамыта білген отбасылардың жүздерінде қуаныш, жанарларында ұлттық рух жалындап тұрды. Ал осы бір ұлттық рух мерекесін тамашалауға келген, жүрегінде жалыны, бойында ұлттық намысы бар дүйім жұртшылық айтулы шарадан мән-мағынасы зор өнеге алып кетті деуге негіз бар.
Алма Сайлауқызы