Дөрекі полицей кімге қалқан?
Дөрекі полицей кімге қалқан?
290
оқылды
Тәртіп сақшысының не дегенін түсіне алмасаңыз не болады? Әрине, оның талабын дұрыс орындай алмайсыз. Егер полиция талабын орындамасаңыз не болады? Бұл қылмыстық не әкімшілік жазаға соқтырады. Сондықтан дамыған елдерде полицейлер өзін-өзі ұстау және сөйлеу мәнері бойынша дайындықтан өтеді. Елордада бір жағынан, езуге күлкі үйіретін, екінші жағынан, көңілге ой салатын жағдай болды. Кәсіпкер А.Алшанбаев Нұр-Сұл­тан қаласының Тұран даңғылы­мен өз жұмысы бо­йынша келе жатқанда, оның көлігін қалалық жол полициясы қызметкерлері қайта-қайта тоқтата береді. «Мен жиындарда Ішкі істер министрін көріп қаламын, бос­текі әңгімемен басын қатыр­ма­йын деп ойлаймын, бірақ келесі жолы жолықса, міндетті түрде барып, ойымдағыны айтпақпын. Мәселе біреу: жол полицейлері жүргізушілерді жүйесіз, заңсыз тоқтата береді. Неге тоқтатқанын сұрасаң, «Боран» немесе «Бараш» деген арнайы операция жүріп жатқанын, айыппұлының бар-жоғын тексеретінін мәлімдейді. Бұл не дегені?» деп кейіді ол. Құқық қорғау органдарының базасын да «былық» жайлаған дерсіз. «Жарайды, содан базада тө­ленбеген айыппұлым жоғын көр­сетсем, өздерінде, басқа бір ба­зада айыппұл салынғаны жа­зыл­ғанын, сол үшін тоқтатқанын алға тартады. «Өтірік айтпа, база біреу, басқасы жоқ» деймін. Менде бол­маса, онда да жоқ. Осыдан кейін полицей бас­қа кінәрат пен себеп іздеп, қипақ­тайды. Әйтеуір, тиі­судің амалы. Қашан билік бұлар­ды жұмыс істеуге үйретеді! Бар­лығы жақсы киім киген, астын­да машина, қо­лында жақсы жалақы. Жұрттың жүйкесін жұ­қартқаннан ләззат ала ма?!» деп ренжиді кәсіпкер. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елордада жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шараның (ЖПІ) атауы «Боран» да, «Бараш» та емес, «Борышкер» болғанын жеткізді. Келіп түскен шағымдарға орай тексеру жүргізілген екен. Бірақ тәртіп сақшылары қыз­ме­тінен заңбұзушылық анықтал­мапты.
«Биылғы 5-16 ақпан аралы­ғында Нұр-Сұлтан қаласы аума­ғында «Борышкер» жедел-про­филактикалық іс-шарасы ұйым­дастырылғаны рас. Патрульдік полиция қызметкерлерінің ви­деотіркеуіші түсірген бейнежаз­балар қаралды. Көлік құралын тоқтатқаннан кейін полицейлер дереу жүргізушіге келіп, тоқтату себебі мен мақсатын түсіндір­ген. Олар ешқандай дөрекілік­ке, өрес­кел әрекеттерге бар­мады», – дейді ІІМ басшысы өз блогында.  
Заңгерлердің түсіндіруінше, «Жол жүрісі туралы» заңның 52-бабына сәйкес, полиция қыз­меткері көлік құралын тек 2 жағ­дайда ғана тоқтатып, құжатын тексере алады: біріншісі – ста­ционарлық полиция бекеттерінде, екіншісі – жедел-профилак­ти­калық іс-шараларды жүргізу кезінде. Оған құқық қорғау және арнаулы органдар жүргізетін же­дел-іздестіру, күзет іс-шара­лары және терроризмге қарсы опера­циялар жатады. Тоқтатқан соң полицей алшаң баспай, жылдам жүріспен көлік құралына жақын келуге, өзін та­ныстыруға және жүргізуші талап етсе, қызметтік куәлігін көр­се­туге, сондай-ақ көлік құралын тоқ­тату себебін түсіндіруге мін­детті. Бірақ заңда полицейдің қай тілде сөйлейтіні бекітілмеген, был­дырламай, нақты әрі айқын сөйлеу талабы да жоқ. Бір апта бұрын журналис­тер­мен сұхбатында министр Ерлан Тұрғымбаев жақында қазақ­стандық тәртіп сақшыларының қандай болуы керегін бекітетін арнайы стандартқа қол қойы­латынын хабарлады.
«Ол полицейлердің кәсіби және жеке қасиеттеріне қатысты негізгі талаптарды белгілейді. Со­нымен қатар олар әртүрлі жағ­дайларда ұстануы тиіс мінез-құлықтың базалық стандартын бекітеді. Бұрындары патрульдік қызмет жарғысы деген болатын, онда қандай да бір жағдайда полицей өзін қалай ұстауы кере­гі көрсетілетін. Қазіргі кезде ондай жарғы жоқ. Жаңа стан­дартта по­ли­цей азаматтармен қалай қа­рым-қатынас жасай­тыны, қалай үн қататыны, от­басылық жан­жалдарға немесе қоғамдық тәртіп бұзу оқиға­ла­рына қайтіп тосқауыл қоятыны нақты жазылады», – деді Ішкі істер министрі.
«Полицей стандарты» жоба­сында тәртіп сақшысы «шыдам­дылық және сабырлық сақтай отырып, өзінің ескертулері мен талаптарын сыпайы және сенімді түрде баяндауы» тиіс делінген. Одан даулы-шиеленісті жағ­дайды шеше білуі, пара ұсыну­шы­ға қарсы тұруы, жеке және отбасылық құпияны сақтап, сырт­қа сыр шашпауы, көрген-біл­генін өсек қып таратпауы та­лап етілмек. Үсті-басы ұдайы таза, ұқыпты, денесі ширақ болуы қажет.
«Полицей азаматтармен қа­рым-қатынаста оның жынысына, жасына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, азаматтығына, әлеуметтік, мү­ліктік және отбасылық жағда­йына, саяси немесе діни көзқа­расына байланысты кемсітушілік сипаттағы сөз айтуына не іс-әрекет жасауына; қоқан-лоқы жасауына, қорлап тіл тигізуіне, тәкаппар қарауына, дөрекілік, менсінбеушілік, әдепсіздік таны­туына, дәлелсіз айып тағуына; былапыт сөйлеп, нормативті емес және жаргондық лексиканы пайдалануына жол берілмейді» делінген құжатта.
Бұл стандарт жай қағаз емес: құқық қорғау қызметкерінің он­дағы талаптарды сақтауы, мансап бойынша жоғарылату, ынта­ландыру және полицейдің кәсіби қызметін бағалау кезінде еске­рілетін болады. «Дамыған елдер – 100 пайыз «полицейлік мемлекет». Оларда азаматтар полицейлерге құрмет­пен қарайды, қорғаным деп са­найды және олардың талабына сөзсіз бағынады. Өркениетті елдерде полицеймен салғыласуға, дауласуға болмайды, өйткені оның талабы 99% жағдайда дұ­рыс, заңды болып шығады және қоғамдық тәртіп құндылығына құрылады. Қазақстанмен салыс­тырғанда, дамыған елдерде поли­цейлердің құқығы мен құзыреті әлдеқайда зор. Біз сол деңгейге жетуіміз үшін тәртіп сақшы­ларымыз заңды жетік білуі, жұрт­шылықпен лайықты қарым-қа­тынас жасауды үйренуі, ал осы жүйе парақорлық пен жемқор­лықтан арылуы керек. Сонда азаматтардың құрмет-қошеметіне бөленеді», – дейді әлеуметтанушы Александр Черненко.   Елдос СЕНБАЙ