Тәртіп сақшысының не дегенін түсіне алмасаңыз не болады? Әрине, оның талабын дұрыс орындай алмайсыз. Егер полиция талабын орындамасаңыз не болады? Бұл қылмыстық не әкімшілік жазаға соқтырады. Сондықтан дамыған елдерде полицейлер өзін-өзі ұстау және сөйлеу мәнері бойынша дайындықтан өтеді. Елордада бір жағынан, езуге күлкі үйіретін, екінші жағынан, көңілге ой салатын жағдай болды. Кәсіпкер А.Алшанбаев Нұр-Сұлтан қаласының Тұран даңғылымен өз жұмысы бойынша келе жатқанда, оның көлігін қалалық жол полициясы қызметкерлері қайта-қайта тоқтата береді. «Мен жиындарда Ішкі істер министрін көріп қаламын, бостекі әңгімемен басын қатырмайын деп ойлаймын, бірақ келесі жолы жолықса, міндетті түрде барып, ойымдағыны айтпақпын. Мәселе біреу: жол полицейлері жүргізушілерді жүйесіз, заңсыз тоқтата береді. Неге тоқтатқанын сұрасаң, «Боран» немесе «Бараш» деген арнайы операция жүріп жатқанын, айыппұлының бар-жоғын тексеретінін мәлімдейді. Бұл не дегені?» деп кейіді ол. Құқық қорғау органдарының базасын да «былық» жайлаған дерсіз. «Жарайды, содан базада төленбеген айыппұлым жоғын көрсетсем, өздерінде, басқа бір базада айыппұл салынғаны жазылғанын, сол үшін тоқтатқанын алға тартады. «Өтірік айтпа, база біреу, басқасы жоқ» деймін. Менде болмаса, онда да жоқ. Осыдан кейін полицей басқа кінәрат пен себеп іздеп, қипақтайды. Әйтеуір, тиісудің амалы. Қашан билік бұларды жұмыс істеуге үйретеді! Барлығы жақсы киім киген, астында машина, қолында жақсы жалақы. Жұрттың жүйкесін жұқартқаннан ләззат ала ма?!» деп ренжиді кәсіпкер. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елордада жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шараның (ЖПІ) атауы «Боран» да, «Бараш» та емес, «Борышкер» болғанын жеткізді. Келіп түскен шағымдарға орай тексеру жүргізілген екен. Бірақ тәртіп сақшылары қызметінен заңбұзушылық анықталмапты.
«Биылғы 5-16 ақпан аралығында Нұр-Сұлтан қаласы аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылғаны рас. Патрульдік полиция қызметкерлерінің видеотіркеуіші түсірген бейнежазбалар қаралды. Көлік құралын тоқтатқаннан кейін полицейлер дереу жүргізушіге келіп, тоқтату себебі мен мақсатын түсіндірген. Олар ешқандай дөрекілікке, өрескел әрекеттерге бармады», – дейді ІІМ басшысы өз блогында.Заңгерлердің түсіндіруінше, «Жол жүрісі туралы» заңның 52-бабына сәйкес, полиция қызметкері көлік құралын тек 2 жағдайда ғана тоқтатып, құжатын тексере алады: біріншісі – стационарлық полиция бекеттерінде, екіншісі – жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде. Оған құқық қорғау және арнаулы органдар жүргізетін жедел-іздестіру, күзет іс-шаралары және терроризмге қарсы операциялар жатады. Тоқтатқан соң полицей алшаң баспай, жылдам жүріспен көлік құралына жақын келуге, өзін таныстыруға және жүргізуші талап етсе, қызметтік куәлігін көрсетуге, сондай-ақ көлік құралын тоқтату себебін түсіндіруге міндетті. Бірақ заңда полицейдің қай тілде сөйлейтіні бекітілмеген, былдырламай, нақты әрі айқын сөйлеу талабы да жоқ. Бір апта бұрын журналистермен сұхбатында министр Ерлан Тұрғымбаев жақында қазақстандық тәртіп сақшыларының қандай болуы керегін бекітетін арнайы стандартқа қол қойылатынын хабарлады.
«Ол полицейлердің кәсіби және жеке қасиеттеріне қатысты негізгі талаптарды белгілейді. Сонымен қатар олар әртүрлі жағдайларда ұстануы тиіс мінез-құлықтың базалық стандартын бекітеді. Бұрындары патрульдік қызмет жарғысы деген болатын, онда қандай да бір жағдайда полицей өзін қалай ұстауы керегі көрсетілетін. Қазіргі кезде ондай жарғы жоқ. Жаңа стандартта полицей азаматтармен қалай қарым-қатынас жасайтыны, қалай үн қататыны, отбасылық жанжалдарға немесе қоғамдық тәртіп бұзу оқиғаларына қайтіп тосқауыл қоятыны нақты жазылады», – деді Ішкі істер министрі.«Полицей стандарты» жобасында тәртіп сақшысы «шыдамдылық және сабырлық сақтай отырып, өзінің ескертулері мен талаптарын сыпайы және сенімді түрде баяндауы» тиіс делінген. Одан даулы-шиеленісті жағдайды шеше білуі, пара ұсынушыға қарсы тұруы, жеке және отбасылық құпияны сақтап, сыртқа сыр шашпауы, көрген-білгенін өсек қып таратпауы талап етілмек. Үсті-басы ұдайы таза, ұқыпты, денесі ширақ болуы қажет.
«Полицей азаматтармен қарым-қатынаста оның жынысына, жасына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, азаматтығына, әлеуметтік, мүліктік және отбасылық жағдайына, саяси немесе діни көзқарасына байланысты кемсітушілік сипаттағы сөз айтуына не іс-әрекет жасауына; қоқан-лоқы жасауына, қорлап тіл тигізуіне, тәкаппар қарауына, дөрекілік, менсінбеушілік, әдепсіздік танытуына, дәлелсіз айып тағуына; былапыт сөйлеп, нормативті емес және жаргондық лексиканы пайдалануына жол берілмейді» делінген құжатта.Бұл стандарт жай қағаз емес: құқық қорғау қызметкерінің ондағы талаптарды сақтауы, мансап бойынша жоғарылату, ынталандыру және полицейдің кәсіби қызметін бағалау кезінде ескерілетін болады. «Дамыған елдер – 100 пайыз «полицейлік мемлекет». Оларда азаматтар полицейлерге құрметпен қарайды, қорғаным деп санайды және олардың талабына сөзсіз бағынады. Өркениетті елдерде полицеймен салғыласуға, дауласуға болмайды, өйткені оның талабы 99% жағдайда дұрыс, заңды болып шығады және қоғамдық тәртіп құндылығына құрылады. Қазақстанмен салыстырғанда, дамыған елдерде полицейлердің құқығы мен құзыреті әлдеқайда зор. Біз сол деңгейге жетуіміз үшін тәртіп сақшыларымыз заңды жетік білуі, жұртшылықпен лайықты қарым-қатынас жасауды үйренуі, ал осы жүйе парақорлық пен жемқорлықтан арылуы керек. Сонда азаматтардың құрмет-қошеметіне бөленеді», – дейді әлеуметтанушы Александр Черненко. Елдос СЕНБАЙ