Ауылды өркендету ісі – кез келген азаматтың міндеті. Ал оны ұйымдастыру – тікелей әкімнің жұмысы. Ауыл халқы әкім сайлап, бірлікпен ынтымақтың ұйытқысы болады деп сенім білдірген азамат – Қуат Нұрғожаев.
Топар ауылында 1970 жылы дүниеге келген кейіпкеріміз ауылдағы орта мектепті 1987 жылы бітіріп, 1998 жылы Алматыдағы Қазақ аграрлық университетін инженер-механика мамандығы бойынша тәмамдады. Осы аралықта ол совхозда қызмет істеп, әскер қатарында да болды. Еңбекке араласып, тәжірибесі толысты.
Қызмет жолын 1998 жылы ауылдық әкімдікте салық инспекторы болып бастап, 2002 жылы селолық окург әкімі аппаратының бас маманы болды. Қызметте тұрақты түрде абыройлы жұмыс істеген азамат 2013 жылдан бастап округтің әкімі болып жұмыс істейді.
Сан салада пісіп, жан-жақты дамыған жанның ісіне ауылдастары сүйсінді, қолдау көрсетті. Оған дәлел 2021 жылы сынақ жүзінде ауыл әкімдерін халық сайлайтын тұста да «AMANAT» партиясы арқылы кандидатурасын ұсынған Қуатты ауылдастары бірауыздан сайлады.
- Топар ауылында түрлі қызмет істедіңіз. Совхоздан бастап жаңарған ауылға дейін көз алдыңызда. Ауыл үшін айтулы қандай жұмысты атқардыңыз?
- Бас маман болып жүргенімде-ақ халықтың жағдайын жақсарту мақсатында бірнеше жоба ұйымдастырдық. Атаулы әлеуметтік көмекті қарастырдық. Жалпы ауылды көркейтуге, көгалдандыруға атсалыстым. Ал 2013 жылы әкім болып тағайындалғаннан бері екі көшеге асфальт төсеп, көшелерді жарықтандырдық. Ауыл азаматтары, жастары қай іс-шара болмасын қолдау көрсетіп, қасымыздан табылады. Кез келген істің оң шешім тауып, қалыпқа түсуіне халықтың қолдауы зор. Биыл жоспар бойынша төрт көшеге жарық жүргізіліп жатса, соның ішінде Аманқұлов, Түркіменов көшелерінде жұмыс аяқталды. Алдағы уақытта да осы бағыт бойынша бірқатар істі жүзеге асырамыз деген жоспар бар. Мысалға, Момышұлы көшесіне асфальт жасату үшін құжаттар дайын, бюджеттен бөлінетін қаржы да белгілі. Одан бөлек Топар орта мектебінің ішінен IT сыныбын ашуды ойлағанбыз. Ұсыныс берілген, тек қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып тұр.
- Қалай ойлайсыз, жұрт сенімінен шыға алдыңыз ба?
- Халыққа уәде беріп, жұрт сеніміне ие болғаннан кейін үздіксіз жұмыс істеуге тиіссің. Бұл – халық алдындағы парыз. Сенім жөнінде, жұмысыма байланысты ауылдастарым айтып, өз бағасын берсін. Жұмыс жоспары құрылып жатыр және олар ретімен орындалып келеді. Біздің мақсат: не істесек те халық үшін?! Өзімнің ұстанымым белгілі және ол шеңберден аттап кетпеймін.
- Кез келген іске кірісерде дайындық керек. «Әкім болсам, осыларды қолға алар едім, мына мәселелерді шешем» деген жоспар болған шығар және олар қаншалықты орындалды?
- Дұрыс айтасыз әуелі үлкен дайындық керек. Қызметте сатылы өрлеу арқылы жетістікке жетесің. Әкем мен анам берген тәрбиеден де болар ұстанымға, уәдеге келгенде берікпін. О баста «әкім болсам осы істерге назар аударатын едім» деген ойдағы жұмыстардың 80 пайызы орындалды. Әлі де кезек-кезегімен жүзеге асырылуда. Көшелерді жарықтандыру, балалар ойнайтын алаң салу, халықты таза сумен қаматамасыз ету бойынша ойға алынған істер бүгінде нәтижесін берді. Қазіргі кезде көшелерді шетінен асфальттап, халықтың сұрауы бойынша футбол алаңын салуды қолға алдық.
- Жалпы әкімдер сайлауына қатысты жеке пікіріңіз.
- Тағайындалғаннан гөрі сайланған әлдеқайда тиімді. Іскер азамат үшін де, халық үшін де! Халықтың өзі қолдап-қуаттап сайлағаннан кейін күш-жігер, қажыр-қайратыңды аямауға тиіссің. Әдетте жұрт сөзі мен ісі келіскен азаматты қолдайды.
Болат Абаған,
Алматы облысы.