Қазақстандық бизнесті қаржыландырудың жаңа көзі пайда болады

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер осы жылдың наурыз айында Түркі инвестициялық қорын (ТИҚ) құру туралы келісімге қол қойды.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер осы жылдың наурыз айында Түркі инвестициялық қорын (ТИҚ) құру туралы келісімге қол қойды. Құжатты бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ратификациялады. Бұл заңның қабылдануы Қазақстанға экономикалық дамудың қосымша құралын береді, ал отандық кәсіпкерлер өз бизнесіне қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік алады.

Қор түркі мемлекеттері құрған алғашқы және негізгі бірлескен қаржы институты болмақ. Оның қызметі Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің экономикалық әлеуетін жұмылдыруға, кәсіпкерлікке, оның ішінде шағын және орта бизнеске, сондай-ақ жұмыс орындарының өсуі мен ашылуына жәрдемдесуге бағытталады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік өндіріс, инфрақұрылым, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-коммуникациялық технология, туризм және «жасыл» экономика салалары.

Сонымен қатар қор аясында Қазақстан халықаралық және ұлттық қаржы институттарымен, сауда-өнеркәсіп палаталарымен және жеке ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға, өңірішілік сауданы, көліктік-логистикалық тізбектерді, қоймалық және өндірістік қуаттарды кеңейтуге мүмкіндік алады.

Фото: halyq-uni.kz