Адам өлтіруге оқталғаны үшін үш жыл іздеуде жүрген күдіктілерді Ұлытау облысының полицейлері ұстады.
Ұлытау облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысындағы әріптестерімен бірлесіп Жезқазған қаласының тумасы, 31 және 35 жастағы екі ер адамды ұстады.
"Ұсталғандар 2020 жылы маусым айында Қарағандыда екі адамды өлтіруге әрекеттеніп, қастандық жасады деп күдікке ілінген. Тұрғын үй кешендерінің бірінің автотұрағында күдіктілер жәбірленушілермен жанжалдасып, сол кезде олар бірнеше рет оқ атып, қашып кеткен. Оқ жарақатынан зардап шеккендер медициналық мекемеге жеткізілген. Күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде", – деді Ұлытау облысы ПД бастығы Қайыркен Әлиев.