Автордың екінші ғұмыры басталды

Бір жыл бұрын өмірден өткен журналист, публицист әрі саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбайдың «Әркімнің жолы – әртүрлі сапар» атты жаңа шығармасы көпшілікке таныстырылды.

Бас редакторлар клубы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультеті бірлесіп өткізген таныс­тырылымға астаналық журналистер, қаламгерлер жиналды.

Салтанатты жиынға ЕҰУ-дың бас­­қарма мүшесі – Ғылым, ком­мер­­цияландыру және интер­национал­­­дандыру жөніндегі про­ректоры Жан­на Құрман­ғалиева, Бас редак­тор­лар клубы­ның пре­зиденті, сенатор Бибігүл Жексен­бай, ЕҰУ-дың Журналис­тика және саясаттану факуль­тетінің деканы, профессор, алаш­танушы ғалым Қайрат Сақ, бей­неқұттықтау жолдаған журна­лист, сенатор Нұртөре Жүсіп, экс-сенатор Мұ­хамбет Көпей, фи­лология ғылым­дарының док­торы, профессор Се­рік Негимов, академик, фило­логия ғылым­дарының докторы, профессор, «Қазақ газеттері» ЖШС бас ди­рек­­торы Дихан Қамзабекұлы, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ, Ұлытау ауда­ны­ның құрметті азаматы Серік Ті­леу­баев, «Қазконтент» АҚ бас­қарушы директоры Махат Садық, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалидің құттықтау ха­тын оқып берген журна­лист  Әуес­бай­дың Қана­ты, ғалым Шах­маран Сейілов, Астана қаласы мемлекет­тік ар­хиві­нің ғылыми-зерттеу және ақ­­па­раттық-түсін­діру жұмы­сы қыз­меті­нің басшы­сы Ғазиза Иса­хан және жиынның тізгінін қолы­на ұстаған Бас ре­дак­торлар клубы­ның 1-ші вице-президенті, про­фессор Мұрат­бек Тоқтағазин секілді бірқатар қа­лам ұстаған қауым қатысты. Өз кезе­гінде сөз алған қатысушылар автор­дың адами болмысын, қай­рат­керлік қы­рын ерекше атап өтті. Қалам­гердің ұлттық руха­ниятқа қосқан өлшеусіз еңбегі, сая­саттану мен медиа саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесін де жоғары бағалады.

Сондай-ақ жиынға аймақтар­дан ат арылтып келгендер де болды. Олар­дың бірі – Ұлытау облысынан «Ұлытау» телерадио­компа­ниясының кре­ативті ди­рек­торы, Ұлытау облыстық мәс­ли­­хатының депутаты, журналист Базаркүл Үмбетова. Өз кезегінде сөз алған ол таныстырылымның алдында кітап авторы туралы жылы естелік­тері­мен бөлісті. Кен­жеболат Махмұт­ұлының тұл­ғалық сипаты туралы әзірлеген көлемді бейнехабарын «Ұлытау» облыстық телеарна эфирі­нен көрермендерге көрсетуді мақсат етіп отырғанын жеткізді.

Алқалы жиын соңында кітап­тың таныстырылымын өткізуге тікелей мұ­рын­дық болып, Кен­же­­болат Мах­мұт­ұлының рухани мұрасын жинақ  етіп құрастырған жұбайы Төкен Қорғанбекова жиналған жұртқа жылы лебізін білдіріп, алғысын айт­ты.  Оның сөзінше, 467 беттен тұра­тын кітап отбасылық қаражатқа шы­ға­рыл­ған. Сөз арасында Төкен Қорған­бекова жинақтың 50 да­на­сын ЕҰУ-дың кітапхана­сына, 50 данасын Ұлттық ака­демия­лық кі­тапхана қо­ры­на сый­ға тарт­қанын жеткізді. Са­на­лы ғұмырын журна­лис­тика мен сая­саттануға арнаған автордың көр­ген-білгені жас ұрпаққа азық болмақ. Өйт­кені бұл туынды жур­налистика, саясаттану ма­ман­дығы бойынша білім алып жүр­ген жастарға прак­тика­лық оқу құралы, рухани олжа бо­лары анық. Айта кету керек, «Фоли­ант» баспасынан 500 данамен жа­рыққа шыққан кітапта Кенже­болат Жол­ды­байдың соңғы жылдары отан­дық баспасөзде қазақ және орыс тілдерінде жа­рық көрген мақала­лары, сұхбат­тары, ой-толғамдары топтас­тырылып берілген екен. Сондық­тан бес бөлімнен тұратын кітап­тан келешек оқырман ел дамуы мен қоғамдағы түйткілдер туралы ой-тұжырымдарын, өзек­ті тақы­рыптарға арналған сұхбат­тарын, шетел сапары туралы жаз­ба­­ларынан өз қажетін тауып, автор жайлы жылы естелік­терді оқуға мүмкіндік ала алады. 

Ж.АСҚАРБЕК