Ең биік халықаралық мінберде сөз алған Қазақстан Президенті адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді.
– Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай сауда жүйесін бұзады, экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтеді. Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал. Өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, БҰҰ Бас Ассамблеясына жиналған көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты.
– Диалог – жаңа принциптер мен нормалар бойынша келісімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қолайлы орта қалыптастырудың жалғыз жолы. Қабылданып жатқан барлық шешімге қарамастан, әлемнің көптеген аймағында қақтығыстар жалғасып жатыр. Біз барлық тарапты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларын негізге ала отырып, қақтығыстарды реттеудің дипломатиялық жолын іздеуге шақырамыз. Осы орайда Қазақстан Украина дағдарысын саяси реттеуді қолдайтын түрлі мемлекеттер мен елдер топтары ұсынған барлық бастамалар мен жоспарларды жоғары бағалайды. Халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек. Сондықтан біз қазіргі жаһандық институттардың жалғыз жүйесін тұрақтандыруға барынша күш салуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, бұл қиындықтар еңсерілмейтінін мәлімдеді.
– Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек. Біздің өңірде Ұйымға мүше мемлекеттердің ықпалдастығының жандануы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрлықтағы делдалдық пен бітімгершілікке үлес қосуға қабілетті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруда оң ықпал етті. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бастама көтерді. Біз сіздерді осы игі іске қосылуға шақырамыз. Бұл – жаңа қауіпсіздік парадигмасын, әділ экономикалық ортаны және таза планетаны қамтитын бастама. Жаһандық Оңтүстік пен жаһандық Солтүстік арасында ашық диалог орнату – оның негізгі арқауы, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, адамзат бетпе-бет келген барлық сын-қатерлердің ішінде ядролық қаруды қолдану қаупі ең жойқыны болуы мүмкін. 30 жыл бұрын Қазақстан Кеңес өкіметінен мұраға қалған төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты.
– Сондықтан ядролық күн тәртібінің логикасын қайта қарау керек. Ядролық державалар арасында ядролық қарудан ада әлем құру жолында өзара сенім мен ынтымақтастық болғанда ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Осыған байланысты Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақтайтынын мәлімдейді. Біз қарусыздану және қаруды таратпау саласы бойынша жаңа тетіктерді дамытуды қолдаймыз. 2045 жылға қарай ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспары қазіргі көшбасшылардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ең маңызды үлесі болуы мүмкін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында дәрменсіз екенімізді көрсетіп бергеніне назар аударды. Осыған байланысты Қазақстан Ассамблеяның Бас хатшысы мен Төрағасына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру процесін бастау туралы үндеу тастады.
– Біз Бас хатшы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог аса маңызды. Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс. Түптеп келгенде, бейбітшілік мәдениеті тек «бірлігіміз – әралуандығымызда» және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады. Сондықтан мен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін мақтан тұтамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет.
– Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және егемендік – мұның бәрі халқымыз қазір де, келешекте де басшылыққа алатын мызғымас қағидалар. Біз барлық стратегиялық мәселе бойынша негізгі одақтастарымызбен қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент даму құқығын қамтамасыз ете отырып, жаһандағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін жаңа бағамдар керек екенін атап өтті.
– Ол үшін Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттары мен ережелеріне негізделген ашық, анық әрі инклюзивті көпжақты сауда жүйесі қажет. Сонымен қатар бізге жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің анағұрлым мінсіз жүйесін құруды ойластырған жөн. Былтыр дүниежүзі халқының 10 пайызға жуығы аштықпен бетпе-бет келді. Өндіріс көлемін және азық-түлік тауарларының экспорты мен импортын қоса алғанда, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ақпаратпен еркін алмасу ісін жандандыру қажет. Біз халықаралық қауымдастықтың азық-түлік дағдарыстарына төтеп беру шараларын қаржыландыруына ашық мониторинг жүргізуді бірлесіп қамтамасыз етуіміз керек. Қазақстан азық-түлік жеткізуші аймақтық хабқа айналуға дайын. Ол үшін бізде барлық қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар. Еліміз қазірдің өзінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызға жуығы өтетін сенімді бағыт саналады. «Орта дәліз» аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағдары Шығыс пен Батыс арасындағы өзара қатынастарды едәуір нығайта алады. Бұл көлік бағдары маңызды нарықтар арасындағы сауда қарқынын ұлғайтып, теңіз жолымен жүк тасымалдауға кететін уақытты екі есеге жуық қысқартуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі мәселеге баса мән берді.
– 2030 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа көтерілуін шектей алғанның өзінде, Орталық Азиядағы температураның 2,-2,5 градусқа дейін көтерілуімен бетпе-бет келеміз. Климат жөніндегі Париж келісімі аясында ауқымды жұмыс атқарылғанына қарамастан, біз барлығымыз көміртегісіз келешекке ұмтылысымыздан айнымауымыз қажет. Климат мәселесін сауда және инвестициялық ынтымақтастықты шектейтін шаралар үшін пайдаланбау керек. Керісінше, біз БҰҰ айқындаған Климат өзгерісімен күрес жөніндегі оң шаралар сияқты нәтижелі өзгерістерге баса мән беруге тиіспіз. Мұнда «жасыл» экономикаға негізделген жұмыс орындарын ашуға инвестиция құю, қазба отындарын пайдалануды субсидиялауды тоқтату және климаттағы өзгеріске қарсы күрес әрекеттерінің барлық деңгейінде әділеттілікті, инклюзивтілікті және әйелдердің қатысуын қамтамасыз ету шаралары қамтылады. Алайда тиісті қаржыландыру болмаса, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі ауқымды жоспар жүзеге асырылмайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Орталық Азия өңіріндегі су тапшылығы трансшекаралық өзендер бассейнінде күрделі экономикалық және басқа да мәселелер туындатып отырғанына назар аударды. Мұндай жағдай келешекте бүкіл әлемде байқалады. 2040 жылға қарай суға жаһандық сұраныс ұсыныстан 40 пайызға асып кетуі мүмкін.
– Біз климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шаралармен бірге осы бір маңызды жаһандық мәселені шешу үшін саяси күш-жігеріміз бен экономикалық ресурсымызды жұмылдыруымыз керек. Келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етеді. Біз қоршаған ортаның одан әрі тозуына жол бермеу және бір кездері планетамыздағы аумағы жөнінен төртінші орында тұрған көлдің айналасындағы тіршілікке кері әсерін болдырмау жұмыстарын жалғастырамыз. Қазір әлемдегі ең ірі көл – Каспий теңізі де суының тартылуы, су арналарының бұрылуы, флорасы мен фаунасының ластануы сияқты экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Каспий теңізін құтқару мәселесі ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты қажет ететін ортақ басымдыққа айналуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан Орталық Азия елдерімен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты. Аймағымыз халықаралық қауымдастықтың «біртұтас әрі дербес» бөлігі ретінде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ дамудың жаһандық процестеріне өз үлесін қоса алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан тұрақты, өркендеген мемлекетке және сенімді сауда серіктесіне айналуы керек деп санайды. Осы орайда ол Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашу туралы бастаманы қолдауға шақырды.
Бұдан бөлек, Президент жиын қатысушыларына Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар, Конституцияға енгізілген түзетулер, елдегі саяси-экономикалық жүйенің жаңғыруы жөнінде қысқаша мәлімет берді. Сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың түп негізінде әділдік, теңдік, адалдық пен еркіндік қағидаттары жатқанын жеткізді.
– Менің пікірімше, кез келген жағдайда заң үстемдігін сақтау бәрінен басым тұруы қажет. Саяси реформалар мен адами капиталды дамытуға жұмсалатын инвестиция ғана экономикамызды әлдеқайда мықты әрі тұрақты ететінін жақсы түсінеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдер мен қыздардың құқықтарын және мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан едәуір ілгерілеген.
Президент жуырдағы Жолдауында, ең алдымен азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне қажетті мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған жаңа экономикалық саясатты ұсынғанын атап өтті.
– Өскелең ұрпақтың денсаулығы, әл-ауқаты және сапалы білім алуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы саналады. Мен елімізді баянды болашаққа жетелейтін жастарға зор сенім артамын. Елімізде және шетелдерде кемел келешек үшін аянбай еңбек етеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының негізінде жатқан бірлік пен ұжымдық ықпалдастық рухын жаңғыртайық! Жарқын әлем құруға деген ортақ мақсатымыз біздің әралуандығымыздан әрдайым биік тұруға тиіс екенін есте ұстайық. Қазақстан жарқын, әділетті және орнықты әлем құру ісінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын, – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты. Жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.
Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін сөйледі. Сонымен қатар шараға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Кездесу барысында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогті, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілді.
Бұдан бөлек, пікірталас барысында қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды.
Қазақстан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын ашу ісінде АҚШ тарапының қолдауына сенім артатынын жеткізді.
Сондай-ақ Президент Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар мемлекет басшыларымен кездесті. Кения Республикасының Президенті Уильям Рутомен кездесу барысында Кениямен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелері талқыланды. Президент Кенияны Африка құрлығындағы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде атап өтіп, өзара ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық туғызатын мемлекет екенін жеткізді. Өз кезегінде Уильям Руто қазақстандық компанияларды Кения экономикасына белсенді түрде инвестиция құюға, соның ішінде астық терминалын салу арқылы Момбаса портын кеңейту мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты нығайтудың мүмкіндіктерін зерттеу үшін Кенияға сауда миссиясын жіберуге ниетті екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тығыз әрі дәстүрлі достық қарым-қатынасты атап өтті. Сондай-ақ екіжақты байланыстарды стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін кеңейту мүмкіндігіне назар аударды. Мұнымен қоса Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, Қазақстан мен Моңғолияның Іскерлік кеңесін құру қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы Португалия Президенті Марселу Ребелу де Соузамен де кездесіп, екі елді достық қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті. Тараптар инвестиция, су ресурстарын басқару, туризм және басқа да салалардағы жан-жақты қатынастарды одан әрі арттыру үшін зор әлеует бар екенін айтты.
Мемлекет басшысының Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесуі барысында Президент Қазақстан Черногорияны Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Подгорица қаласында Қазақстанның Консулдығын ашу жоспары туралы айтты. Бұл қадам екі ел арасындағы іскерлік және тұлғааралық байланыстарды дамытуға тың серпін береді. Өз кезегінде Яков Милатович екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Черногория Президенті жан-жақты байланысты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Румыния Президенті Клаус Йоханниспен кездесті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Румыния арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Румыния – Қазақстанның Шығыс Еуропадағы жетекші сауда серіктесі. Бүгінде екіжақты сауда-саттық көлемі 20 пайызға артып, 1,3 миллиард долларға жетті. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға тың серпін беру үшін Үкіметаралық комиссияның, Қазақстан және Румыния Іскерлік кеңесінің жұмысын жандандыру керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркқа жұмыс сапары Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен кездесумен қорытындыланды. Әңгімелесу барысында қазақ-корей стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Қазақстан Президенті екіжақты тауар айналымы былтыр 6 миллиард доллардан асып, тұрақты өсім байқалып отырғанын айтты. Сонымен қатар корей компанияларының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 8 миллиард доллардан асып, еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарында нық тұрғанын жеткізді.