Жалпы, 5-19 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1 300 шақырымнан аса қашықтықты басып өтті. Марафон 14 сатыға бөлінген. Оған еліміздің 19 өңірінен 1 командадан қатысты.
Марафонға қатысушыларға Ұлы дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.
Дүбірлі доданың жабылу салтанаты «Түркістан-арена» стадионы маңында ұйымдастырылды. Салтанатты шарада «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, JORYQ ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бәйге дүбірі күн өткен сайын алысқа тарап жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге ерекше маңыз бөліп отырғаны белгілі. Бұл орайда ұлттық спортымыздың да тарихи орны төрде екенін атап өткен жөн. «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен бүгінгі «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі – осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды шаралардың бірі. Бұл ел мерейін асырған, рухымызды көтерген дүбірлі дода болды. Біздің қажырлы азаматтар мен қайсар қазанаттар батыр бабаларымыздың рухын жаңғыртты. Бірте-бірте бұл жорық үлкен бәсекенің, ұлттық сана-сезімді жаңғыртудың алаңына айналады деп ойлаймын», – деді партияның Атқарушы хатшысы.
Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Мемлекет басшысының тікелей назарының арқасында ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлініп жатқанын айта кетті. «Мемлекет басшысы келер жылы Астанада өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойынына да айрықша назар салып отыр. «Ұлы дала жорығына» қатысқан шабандоздар көшпенділер ойынында олжа салады деген сенімдемін» деп айтты өз құттықтау сөзінде.
14-кезеңнің қорытындысы бойынша Жетісу облысының командасы жеңімпаз атанды. Одан кейін мәре сызығын ақтөбелік шабандоздар кесті. Ал Алматы қаласының командасы мәреге үшінші болып жетті. Ең қысқа уақыт ішінде жеткен Жетісу облысының командасы бас жүлде – 18 млн теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. Ақтөбе облысы командасы 2-ші орын үшін – 16 млн теңге, ал 3-ші орын иегері Алматы қаласының командасы 9 млн теңгені қанжығасына байлады. Төрешілер шешімімен, мәреге 4-інші болып келген Абай облысының командасына 5 млн теңге берілетін болды. Марафонға қатысушыларға Ұлы дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.
Он төртінші күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:
Жетісу облысы – 93 сағат 47 минут
43 секунд;
Ақтөбе облысы – 95 сағат 06 минут
37 секунд;
Алматы қаласы – 104 сағат 23 минут
57 секунд;
Абай облысы – 112 сағат 12 минут
46 секунд.
Сонымен қатар бұл кезеңде Маңғыстау облысының Адай жылқысы рекорд жасады. «Рекорд» командасындағы 21 жастағы Мағжан Абдолұлы 1 300 шақырымның соңғы 50 шақырымын бағындыруға таңғы сағат 7:10-да аттанып, Түркістандағы мәре сызығын 08 сағат 44 минут 09 секундта бірінші болып кесті. Астанадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырымды бастан-аяқ 1 атпен еңсеруді мақсат еткен «Рекорд» командасының құрамы Астана қаласы, Маңғыстау мен Жетісу облыстарының шабандоздарынан құралған.
Мәреге жетісулық шабандоз екінші болып келсе, артынша астаналық шабандоз жетіп, «Рекорд» командасы діттеген мақсатын ор6ындады. 1 300 шақырымды 1 атпен бағындырған азаматтар 1-орын үшін 2,5 миллион теңге, 2-орынға – 2 миллион теңге, 3-орынға 1,5 миллион теңге көлемінде сыйақы алады.
«Рекорд» командасының нәтижесіне тоқталсақ, Маңғыстау облысының жылқысы 1300 шақырымды 98 сағат 44 минут 47 секундта бағындырды. Ал Жетісу облысының тұлпары 100 сағат 04 минут 34 секундта еңсерді. Үшінші, астаналық сәйгүліктің уақыты 104 сағат 28 минут 11 секундты құрайды.
Сонымен бірге командасы жарыстан шығып қалса да, жорықты өз еркімен жалғастырып, 1 300 шақырымды жеке дара бағындырған 10 шабандоздың әрқайсысына төрешілер шешімімен 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық бекітілді.
Бұл ғана емес, екі апталық аламанға қатысып, аттылы шабандоздармен бірге 1 300 шақырымды бағындырған Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, елге белгілі велошабандоз Раббим Борашовқа да төрешілер «Ең үздік жанкүйер» номинациясын белгіліп, 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындады. Айта кету керек, Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасына жанкүйер велошабандоз бұған дейінгі марафон-бәйгеге қатысып, Түркістанға дейінгі 1 200 шақырымды бағындырған еді.
«Жорық» ат спорты федерациясының президенті, жоба авторы Бақытжан Тұрлыбеков келесі жылы Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойынында жоба жетекшілері ұзақтығы 400 шақырым болатын халықаралық бәйге өткізуді ұсынып отырғанын айтты. «Егер жоба қолдау тапса, жарыс Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай мәдениетінен басталып, елорда іргесіндегі Бозоқ қалашығында түйінделетін болады», – дейді ол.
«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі Sport Qory туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры екенін айта кеткен жөн.
Наурызбек САРША