Көгілдір отынға тегін қосып берді

Жетісу облысында ауылдарды газдандыру жалғасуда. Инвесторлар жергілікті тұрғындардың жағдайларына қарай мүмкіндігінше қолдау жасап отыр.

Күні кеше газ тасымалдау компаниясы өз есебінен ауылдық жердегі 50 пәтерлі тұрғын үйді газға қосып, бұл жұмыстарға 2,5 млн теңге жұмсады. 

Көксу аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұр­ғын үй инс­пекциясы бөлімінің бас­шысы Мәди Кәрібаевтың ай­туын­ша, жалпы аудан бойынша жеті елді мекен газдандырылған. Алдағы кезде Мұса­бек ауылы да табиғи отынға қосы­лады. Ал Балпық би ауылындағы ша­ғын ауданда 200 пәтерлік көпқабатты 5 жаңа үйдің төртеуінің тұрғындары 2019 жылдан 2023 жылға дейін бюджет есебінен газға кезең-кезеңімен қол жеткізді. Енді көгілдір отын 5-ші көп­қабатты үйге тар­тылды. Бұл үйлердің тұр­ғындарына газ қостыру әр пә­терге шамамен 35 мың теңге кө­лемінде айналған болатын. Де­генмен жеке ком­­­пания оны өз есебінен тегін қосып беруге ниет білдіріпті. 

– Көпқабатты үй тұр­ғын­дарының басым бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына жа­тады, сондықтан облыс бас­шы­лығының тап­сырмасы бойын­ша біз инвес­торлардан көмек сұ­радық. Жергілікті BSP-Group Ltd ЖШС газ тасымалдау ком­па­ниясы қол­дау білді­ріп, 2,5 млн теңге жеке қаржысын сал­ды. Тиісті жұмыстар толықтай жүр­гі­зіліп, көптен күткен көгілдір отын пәтерлеріңізге беріліп отыр. Осы мүм­кіндікті пай­даланып, сіздерге тағы бір қуанышты жаңа­лықты жет­кізейін. Келесі жылдан бастап Балпық би ауы­лы орта­лық­тандырылған ыстық суға қо­сылады. Қазір тиісті жобала­рын дайын­­дап жатырмыз, – деді аудан әкімі Мәр­лен Көлбаев.Көппәтерлі үй тұрғын­дары да қуа­нышын жасырмады. 

– Біз осы сәтті 7 жыл күттік. Қалай болғанда да көрші көп­қабатты үйлер газға тегін қо­сылды ғой. Сол себепті біздің үй­ді де тегін қостыруын сұрап, осы мәселемен облыс әкіміне, аудан басшылығына жүгіндік. Тиісті кө­мекті жасады. Газға қос­ты­руға қар­жылай қолдау көрсет­кен кә­сіп­кер­лерімізге тұрғын­дардың аты­нан алғыс біл­діремін. Сондай-ақ біз тұратын пәтер­лерді заң­дастыру мә­селесі де ше­шіл­ді, – дей­ді тұрғын Ай­ман Той­шыбекова. 

Көпқабатты үйдің тағы бір тұр­ғыны, зейнеткер, өмірінің көп бөлігін қант қызылшасы алқап­та­рында өт­кізген еңбек ардагері С.Тән­ті­баева да риза­шылығын жеткізді. 

Жалпы, Көксу ауданында 34 елді мекеннің 26-сы газ­данды­­руға жатады. Қазір Бал­пық би, Те­­рек­ті, Мұқыры, Бесқайнар, Жам­­был, Мәмбет, Аман­гелді ауыл­дары газдан­дырылды. Мұ­сабек, Ең­бек­шіқазақ ауылдарын, Көксу стансасын көгілдір отынға қосу жұ­мыстары жүргізіліп жа­тыр. Аудан­ның барлық елді ме­кені 2025 жылға дейін газ­данды­рылады деп жоспар­ланған. 

Жетісу облысында барлығы 22 елді мекен газдандырылып, 288 мың адам газға қол жеткізді. Биыл жалпы со­масы 22,9 млрд теңгеге газ тарату же­лі­лерін салу бойынша 22 жоба іске асырылуда, соның нәтижесінде 1 061 ша­­қы­рым желі салынады. Оның ішін­де жыл соңына дейін 20 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жос­парланыпты. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы