Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ашылған орталықтың негізгі мақсаты – қариялардың уақытын тиімді ұйымдастыру, белсенді ұзақ өмір сүру салтын насихаттау. Қазір орталықта 500-ге тарта адам белсенді ұзақ өмір сүрудің қыр-сырын үйреніп жүр.
«Қамқор» белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Үкіметтің «Белсенді ұзақ өмір» Ұлттық жоспары аясында ашылып отыр. Ұлттық жоспар 2020–2025 жылдарға арналған.
Жоспарда 9 бағыт бойынша 36 іс-шара қарастырылған. Олардың барлығы аға буын азаматтарының өмір сүру сапасын, өмір ұзақтығын арттыруға, әлеуметтік және психологиялық саламаттылыққа, әлеуметтік өмірге тартуға және т.б. бағытталған.
Сол ұлттық жоспардың «Бос уақытты ұйымдастыру үшін жағдай жасау» бағыты аясында еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу, қарт адамдар үшін мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу, қарттар күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар өткізу деген бөлігі бар. Осы Ұлттық жоспарда көрсетілген жоспарды орындау мақсатында ашылған орталықтың жұмысы қазір өте белсенді жүріп жатыр.
– Орталықтың жұмыс істеп тұрғанына бес ай болды. Күніне 50-60 адам келеді. Бұл жер қазір біздің зейнеткерлердің сүйікті орталығына айналды. Біздің зейнеткерлеріміз бұл жерде сурет салады, хор сабағына қатысады, сканденавиялық серуенге шығады, иогамен айналысады, жаттығу жасайды. 500-дей адам сурет сабағына тұрақты келеді, ал сканденавиялық серуенге 300-ден астам зейнеткер қатысады. Олар таңда ертемен табиғат аясында жүріп келеді, – дейді «Қамқор» белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекшісі Айгүл Хасанғалиева.
Бүгінде облыста 93 463 зейнеткер, 14 Ұлы Отан соғысының ардагері бар.
Өмір бойына бала бағып, уақыттарын балаға арнаған біздің қарияларымыз қазір уақытты тек өздеріне арнап жүр. Олар таңда осы орталыққа келуге асығады. Орталықта мейірбейке және жаттықтырушылар жұмыс істейді.
Мейірбикенің жұмысы таңда орталыққа келген қариялардың қан қысымын өлшеуден басталады. Күнде таңертең қариялардың қан қысымы өлшеніп, арнайы журналға тіркеліп отырады. Араға уақыт салып үлкен кісілердің қан қысымының реттелгені байқалады, – дейді орталық қызметкерлері. Мұны қызмет алушылардың өздері де растап отыр.
– Жасым – 80-де. Қан қысымым 200-220 болып көтеріліп кете беретін. Балаларым «бір жерде құлап қаласың» деп, көшеге жіберуден қорқатын. Осы орталыққа келгелі қан қысымы дегенді ұмыттым. Ал қазір 120-дан аспайды. Себебі жаттығулар жасатады, сурет саламыз, ән айтамыз. Жақсы достар тауып алдым, шын айтсам, осындай жолмен ауруымнан айығып кетемін деп ойлаған жоқпын. Сөйтсем, бәрі көңілде, жан қалауында екен ғой. Біз қазір бір отбасы сияқты болып кеттік. Өзімді 50-дегі адам сияқты сезінемін, – дейді Зоя Абдрахманова.
Қариялардың қан қысымы өлшенген соң бірден табиғат аясына кетеді. Олармен бірге жаттықтырушы бірге шығады.
Жаттығу шаралары көбіне Хан тоғайында және Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында өтеді.
– Зейнетке шығып, үйде отырып қалған үлкен кісілер үшін бұл жер таптырмас орта. Мен өзім 45 жыл мұғалім болған адаммын. Өмір бойына бала оқыттық. Одан өз баламызды өсірдік, немере бақтық. Мына орталықты естіп күніне 2-3 сағат тек өзіме уақыт арнайын деп шештім, ол ойым жақсы болды. Қазір жаным тыныш, әдемі орта, керемет достар таптым, үлкейгесін ортаң сирейді ғой, шүйіркелесетін адам іздейсің. Біз осының бәрін осы орталықтан таптық. Орталықты ашып берген әкімдікке рахмет, – дейді Жанна Нүсупова.
Орталықта хор сабағы, сурет салу және еңбек сабағы жүреді. Қариялар шығармашылық қабілеттерін шыңдап қол өнермен айналысады. Бұдан бөлек, атаулы мерекелерге орай арнайы шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы