Соның ішінде жыл сайын жылу қазандықтары мен жылыту құбырларын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары қатаң сұралады. Бұл тұрғыда Сыр өңірінде де биылғы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Жалпы, Қызылорда облысы бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 208 шақырымды құрайды. Соған орай биыл тозығы жеткен 8,9 шақырым жылу желілерін жаңартуға республикалық бюджеттен 8 жоба қарастырылып, оған 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазір жаңартуды қажет ететін жылу желілерінің 65 пайызы толық ауыстырылды. Бұл жөнінде Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Болатбек Ысмағұлов мәлімдеді.
– Біздің облыста 1 067 әлеуметтік нысан бар болса, оның 532-сі – білім беру, 247-сі – денсаулық сақтау, 288-і – мәдениет және спорт кешендері. Қазір әлеуметтік маңызы бар 20 нысанның қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жылу беру маусымына кедергісін келтірмейді. Ал көмір қорына тоқталсам, алдағы жылу беру маусымына облыс бойынша барлығы 238 мың тонна қатты отын қажет. Оның ішінде облыс халқына 205 мың тонна қатты отын қажет болса, әлеуметтік нысандарға 33 мың тонна көмір керек. Бүгінгі күнге дейін облысқа 80 мың тонна көмір жеткізілді. Көмір бағасы маркаларына сәйкес, 17 мың теңгеден 22 500 теңге аралығында сатылып жатыр. Сондай-ақ алдағы жылу беру маусымына әлеуметтік нысандарға 17,1 мың тонна дизель отын қажет болса, оның 5,3 мың тоннасы жеткізілді, – деді басқарма басшысы.
Ал «Қызылордажылуэлектр-орталығы» МКК директоры Медет Усаин жылу беру маусымына байланысты дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын алға тартады. Соған орай қыс мезгілінде жайсыздық туындамайтынына нық сенім білдіреді.
– Кәсіпорында жалпы 24 энергия көзі бар. Сонымен қатар қала бойынша 190 шақырым жылу желілері қамтылған. Жалпы, орталықтандырылған жылу жүйесіне 1 620 нысан қосылған. Кәсіпорынның негізгі және қосалқы қондырғыларын жөндеу үшін арнайы Жол картасы жасалып, Энергетика министрлігімен бекітілген болатын. Осыған сәйкес, аталмыш жұмыстарға 1,7 млрд тенге қаржы қарастырылды. Қазір жоспарға сәйкес жұмыстардың орындалуы 96 пайыздай, – деді бұл жайында кәсіпорын директоры.
Негізінен, кәсіпорында барлығы 24 энергия көзі бар. Сонымен қатар Қызылорда қаласы бойынша 190 шақырым жылу желілері тартылған. Өңірде орталықтандырылған жылу жүйесіне 1 620 нысан қосылған. Бүгінде осы жылу жүйелерінің 48 пайызының тозығы жетіп тұр.
Соған байланысты жылу маусымы қарсаңында жөндеу жұмыстарына барлығы 9,8 млрд теңге қаралса, жылу желілерін жаңғыртуға 8,2 млрд теңге бөлініпті. Оған 14 шақырымды құрайтын жылу жүйелері жаңғыртылып, ақаулар қалпына келтіріп жатқаны мәлім болып отыр.
Алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы облыс әкімінің де назарынан тыс емес. Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің әзірлігін қатаң бақылауда ұстап, қажетті отын қорын уақытылы жеткізуді тапсырып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы