«Жасыл экономика» жарылқай ма?
«Жасыл экономика» жарылқай ма?
209
оқылды
Соңғы жылдары әлем елдері жаңар­тылатын энергия көздерін (ЖЭК) да­мы­туда жарысқа түсіп жатқандай. Де­се де, жа­һандық экономикаға қыз­­мет етіп жатқан энергетикалық жүйе ау­қым­ды әрі күрделі. Мәселен, көмірді, мұнай мен табиғи газды және уранды пайдалану арқылы энергия өндіру – бұл бұрыннан қалыптасқан әдіс. Соны­мен бірге сарқырама мен ағын судан, жел мен күннен, тіпті қалдықты, ескі ре­зеңке дөң­ге­лекті жағу арқылы да электр энер­гиясын алуға болады. Бі­рақ ол біраз қаржыны қажет етеді. Әсі­ресе, энергияның табиғи көз­дері – көмір, мұнай мен газ, уран өндірісі монопо­лия­ланған мем­лекеттерде бұл жұмыс баяу жүрері анық. Сондықтан ЖЭК дамытуда жігерлі саясат пен айқын стратегия керек-ақ. Биыл еліміз электр энергиясының 3%-ын ЖЭК-тен алуды жоспарлап отыр. Таяуда Энер­гетика министрлігінің алқа отырысында вице-премьер Роман Скляр былтыр 2018 жыл­ға қара­ған­да рес­пуб­ликада 2,4 миллиард кВт-сағат «жасыл» энерг­ия өн­дірілгенін мә­лімдеді. Яғни, бір жылдағы өсім – 77,8%. «Өн­­дірілген электр энергиясының жалпы көле­міндегі «жасыл« энергия үлесі 2,3 пайызды құрады. 2020 жылы бұл көрсеткішті 3 пайызға дейін ұлғайту керек», – деді Р.Скляр. Бұл тұрғыда осы жылы жалпы қуаты 605,5 МВт-ты құрайтын 18 жаңартылатын энергия көздері нысаны салынады. Энергетика министрлігінің дерегінше, бүгінде республика аумағында 90 нысан 1061 МВт қуатпен жұмыс істеп тұр.
Қазіргі күні Қазақстанда электр энергия­сының үлкен бөлігі орталық және солтүстік аймақтардағы көмір кен орындарынан өн­діріліп, оның 60%-дан артығы дәл сол ин­дустриалды өңірлердің өзіндегі қажеттілікке жұмсалады. Еліміз көмірдің барланған қоры жағынан 8 орын алатыны белгілі. Десек те, оның көзінің де таусылатын кезі келеді. Оған қоса, қазба байлықты өндіру арқылы өндірісті ұлғайтудың өзі шығын мен үлкен тәуекелді қажет ететіндіктен, әлемнің көптеген мемлекеті жаңа жолды таңдап отыр. Ол энер­гияның баламалы түрлері, яғни, жаңар­­тылып отыратын, сарқылмайтын және қор­шаған ортаға зиян келтірмейтін энергия көздері.
Ел үкіметі 2016 жылдан бастап ЖЭК-тен энер­гия өндіруді белсенді түрде қолға ала бастады. Себебі алдағы жылдары электр энергиясын тұтыну көрсеткіші оны өндіру көрсеткішінен екі есе артады деген болжам бар. Ондай жағдайда қуат көзінің белгілі бір мөлшерін көрші елдерден сатып алуға немесе айырбас жасау арқылы импорттауға тура келуі мүмкін. Одан бөлек, республика аумағының үлкендігі (2 724 902 шаршы шақырым) мен халықтың орналасу тығыздығының төмендігі (1 шаршы шақырымға 5 адамнан) секілді кри­терийлер де елді энергия қуатымен жүйелі түрде толықтай жабдықтауда тиімсіз көр­сет­кіш беріп отыр. Осының алдын алу үшін «жасыл» энергия нарығын ынталан­дыру экономикалық саясаты қолға алынып, арнайы тарифтер жүйесі жасалды. Нәтижесі де жоқ емес. 2017 жылы алты ЖЭК ны­саны пайдалануға берілсе, 2018 жылы – 10, 2019 жылы 23 нысан іске қосылды.  

3% КӨРСЕТКІШ КӨП ПЕ, АЗ БА?

Баламалы энергия көздері ту­ралы мәліметтер Қазақстан EXPO-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алған кезеңде жиі айтылды. Үкімет ЖЭК игеру­дің жүйелі негізі EXPO-дан кейін жасала­тынына сендіргендей бол­ған-ды. Көрменің арқасында елімізге да­мыған мемлекеттердің осы саладағы жаңа тех­нологиясы мен соңғы инно­вациялық жаңалығы келеді де­лінді. EXPO-2017 өткен жазда елор­даның көшелері мен кейбір елді мекендерде жел, күн энергетикасы ны­сандары қалқайып көп тұрғызыла бастағаны рас. Дегенмен үш жыл ішін­дегі көрсеткіш жоғарыдағы – 3%. Әйтсе де, 2015 жылы жаңар­ты­латын энергия көздерінен өн­діріл­ген электр энергиясының көле­мі 0,704 миллиард кВт-сағатты құрағанын ескерсек, былтырғы 2,4 миллиард кВт-сағатқа тәубе деуге тура келетіндей.  

ҚАЗАҚ ЖЕРІ – ЖЕЛ МЕН КҮННЕН ҚУАТ ӨНДІРУДІҢ КӨЗІ

Рас, электр энергетикасы өнді­рі­сінде энергия көздерінің құры­лы­мы өңірдегі түрлі шектеулер және ре­сурстар көлемі, сондай-ақ геогра­фиялық ерекшелігіне де байла­нысты. Мәселен, Бразилия­да электр энергиясы өндірісінің 80%-дан астамын су электр стан­са­лары береді, Қытайда да көрсет­кіш жоғары. Ал біздің елде үл­кен өзен­дердің басы өзге елдерден ке­летін болғандықтан, тұтастай энер­гетика өндірісіндегі гидроэнер­гети­каның үлесі аса үлкен емес. Десек те, қазақ жерінің үлкен бө­лігі жазық әрі жартылай құрғақ климатты болғандықтан, жел мен күн энергиясын өндіріп алуға қолайлы. Жоңғар Алатауы мен Барлық тауының түйіскен жеріндегі әйгілі «Жоңғар қақпасы» атанған желді өзектен секундына 70 метрге дейін жететін жел соғады, бұл ТМД аумағы бойынша аса қуатты желдің көзі саналатын жер. Қазақстанның жел энергиясы қуатының мүмкіндігі жылына 929 миллиард килловатт/сағат деп есептелген. Желдің жыл­дық орташа қуаты секундына 7 метр­ден жоғары. Дегенмен 929 мил­лиард киловатт-сағат қуатты бір­ден тұтас игеру мүмкін де емес, дамыған мем­лекеттерде де бұл көрсеткіш жалпы энергия өндірісі көрсеткішінде 20-25%-дан аса қойған жоқ. Бі­рақ желдің өзі соққанына ақы сұра­мағанымен, оның энергетикалық жүйесі тегін емес. Алынған энер­гияны тұтынушыға жеткізу, қон­дырғылардың бағасы біраз қаржы салуды талап етеді. Сондай-ақ баламалы энергия өндірудің екінші бір көзі – күн. Оңтүстік аймақта алты ай жаздың ыстығындағы күннің қызуы электр энергиясын беруде таптырмас мүмкіндік. Қазіргі сәтте Түркістан облысы Отырар ауданында күн электр стансасы (50 МВт) салынуда. Италияның Eni компаниясының қатысуымен жүзеге асатын жоба­ның құны 15,2 млрд теңгеге баға­ланған. Өңірде бұдан бөлек, 2019 жылы үш бірдей күн электр стансасы (2,5МВт, 20 МВт, 14 МВт) пайдалануға берілді. Әйтсе де, жел қондырғылары сияқты күн ба­тарея­лары да үзіліспен жұмыс істей­ді. Бұлт­ты күндері, түнде ол қондыр­ғы­лардан тұрақты түрде қа­жет­ті ток алу мүм­кін емес. Жаңартыла­тын энер­гия көздеріне көшудің қиын­дығы да бір жағынан біраз шығын­ды қажет ететінінде. Сол себепті одан алынатын қуаттың құны да қымбатқа түседі.  

ЖЭК-тен ҚУАТ ӨНДІРУДЕ КІМ АЛДА?

Батыс Еуропа елдері жел мен күннен энергия алу тәсілін ерте бастан қолға алғаны белгілі. Мысалы, Германия жел генераторларын 1993 жылдан бастап пайдалана бастады. 2019 жылдың алғашқы жартысында Германияда желден, күннен, судан және биомассадан өндірген энергиясының көлемі тұңғыш рет Атом электр стансасы мен көмірден өндірген электр энер­гиясынан асты. Оның себебі елде көмірқышқыл газын ауаға тара­туға тыйым жылдан-жылға қатаң­дап, квоталар енгізілуде. Яғни, қазба бай­лықтан энергия өндіру бұрынғы­дай емес, тиімсіз бола түсуде. Қазіргі сәтте Германияда жел, күн, су және биомассадан өн­діріл­ген энергия үлесі 47,3% же­тіп отыр. Ал көмір мен АЭС үлесі 43,4% көлемінде болса, қалған 9,3% газдан, 0,4% мұнай және өзге көз­дерден өндіріліпті. Немістердің ендігі мақсаты – 2030 жылға дейін «жасыл энергетиканың» үлесін 65%-ға жеткізу. Сонымен қатар күннен энер­гия алуды жапондар алғашқы бо­лып бастағанымен, кейіннен Гер­мания сәтті жалғастырып, Қы­тай өзіндік тәсілмен дамыта түсті. Бүгінде Қы­тайда өндірілетін күн ба­тарея­ла­ры­ның 75% сыртқа сатылып, табыс көзіне айналып отыр.
Германия ғана емес, жалпы Еуроодаққа мүше мемлекеттер осы­дан он бес жыл бұрын энергети­кадағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 20%-ға жеткізу керек деген мақсат қойған бола­тын. Ұлыбританияның сол кез­дегі премьер-министрі Дэвид Кэме­рон­ның «Мен біздің бүкіл тарихтағы ең «жасыл» үкімет болғанымызды қалаймын» деген сөзі Батыс мем­ле­кеттердің ұранына айналып үлгерді. Желден көп энергия алатын елдің бірі – Шотландия. 2019 жылы қаңтар-шілде аралығында желден өндірілген 9 831 320 мегаватт-сағат қуат 4,47 млн тұрғын үйді (182%) электр энергиясымен қамтамасыз еткен.
2011 жылғы Фукусимадағы АЭС апатынан кейін жапон қоғамы бірден атом энергетикасынан те­ріс айналды. Жапонияның ірі ком­паниялары энерго тиімділікке көшіп, жаңартылатын көздерден энергия өндірудің жолын қарас­ты­рып жатыр. BNEF деректері бойын­ша, 2017 жылы Жапония күн энерго жүйесінен 38 гигаватт (ГВт), желден – 3,5 ГВт, биомассадан 4,3 ГВт электр энергиясын өндіруге қол жеткізді. Ресми Токио 2040 жылға қарай энергияның 100%-ын жаңартылатын энергия көздерінен алуды мақсат етіп қойды. Батыс Еуропа елдерінен бөлек, кеңестік жүйеден бізден сәл бұрын ғана шыққан Балтық жағалауы елдері де айтарлықтай жетістікке жеткен. Еуростаттың 2018 жылғы мәліметінше, орта есеппен Еуроодақ бойынша ЖЭК алынатын энергияның үлесі 18% болса, Литвада бұл көрсеткіш 24,5%. Елдің энерго жүйесінде жұмыс істеп тұрған жел электр стансалары «жасыл» энергияның 54%-ын берсе, күн электр стансала­рына – 4%, су электр стансаларына – 20%, биомасса мен биогазға 11% және 7%-дан келген. Бір қызығы, Литва осынша үлкен көрсеткішке ие болса да өзінің көршілері Латвия мен Эстониядан қалып келеді. 2018 жылы Латвиядағы энерго баланстың 40,9% ЖЭК-ке келсе, Эстонияда ол 29,9% болған. Бұл екі елде де гидроэнергетика жақсы дамығанын айта кеткен жөн.  

ТҮЙІН:

Әлем елдері үшін электр энер­гия­сын жаңартылатын энергия көз­­де­рінен өндіруден басқа жол да қал­ған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, жер бетіндегі әрбір он адамның тоғы­зы ластанған ауамен демалатын жағ­дай­да отыр. Ауаға шығарылған өндіріс­тік қалдықтар, экологиялық ахуалды тұншықтырып, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Үкіметтің жоспары бойын­ша ЖЭК дамытуға бағытталған жұмыс­тар кезең-кезеңмен іске асы­рылмақ. Нәтижесінде, 2025 жылдан кейін ЖЭК нысандарында қуат өндіру ай­тарлықтай арзандайтын болады. Жалпы, еліміздегі энергетика саласы инновациялық жаңалыққа мұқтаж. Егер Қазақстан энергетикалық жаң­­ғыру бағытында өздігінен жаңа тех­но­логияны игере алмаса, дамыған мемле­кет­тердің технологиясын сатып алуға немесе көшіріп, үйренуіне тура келеді.