Кеңес төрағасы, Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы Бауыржан Смағұлов бірқатар мәселені аяқсыз қалдырғаны және жауапкершілікті әкімдіктерге арта салғаны үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігін сынға алды.
«Партияның сайлауалды бағдарламасында экология мәселесіне көп көңіл бөлінді. Бүгінде еліміздегі ең өткір мәселенің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату. Елімізде жыл сайын 5-6 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі. Алайда тиісті ведомствоның қабылдаған шаралары тиімсіздігін көрсетуде. Оны реттеу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзырында болғанымен, министрлік те көп жұмысты аяқсыз қалдырғанын айта кету керек», – деді Бауыржан Смағұлов.
Сонымен қатар Экологиялық кеңес төрағасы салада мұндай жағдайдың орнауына халық арасында қоқыс сұрыптау мәдениеті дұрыс дамымағаны да себеп болып отырғанын атап өтті. Мәселен, еліміздегі 207 қала мен ауданның 64,3%-да ғана ҚТҚ-ды сұрыптап жинау жүйесі енгізілген. Елді мекендердің жартысында ғана сұрыптау желісі бар. Соның салдарынан ел аумағында ҚТҚ-ны іріктеу және қайта өңдеу үлесі тек 25%-ды құрайды.
Өз кезегінде, Қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының атқарушы директоры Наталья Кузнецова саладағы тағы бір маңызды мәселе ретінде жинау және бастапқы өңдеу үшін шикізаттың, яғни қоқыстың жетіспеушілігін атап өтті.
«Саладағы ең үлкен проблема – өндірушілерді сапалы шикізатпен қамтамасыз ету. Қоқыс полигондарға төгіледі. Оның иелерімен дұрыстап әңгімелесе де алмайсың. Мысалы, полигон иелері қағаз, картон және пластикті қайта өңдеу үшін көп жағдайда көрші елдерге саудалайды. Бұған ел ішіндегі логистика шығыны себеп болып отыр. Олар үшін қоқысты көрші елдерге жеткізген тиімді әрі ыңғайлы. Бұған қоса, шетел компаниялары қоқысты әлдеқайда қымбатқа сатып алады», – деді ол.
KazWaste қалдықтарды басқару қауымдастығының басқарма төрағасы Шынболат Байқұлов EcoQolday мобильді платформасының жабылып қалуына алаңдап отыр. Соның салдарынан кәсіпорындар аталған саладан жаппай кете бастады.
«2021 жылы қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу саласына шағын және микро бизнесті тартуды айтарлықтай арттыратын мобильді платформа іске қосылды. Субсидия берілгендіктен, бұл қызметтің де тартымдылығы арта түсті. Бұл платформа бүгінде жұмыс істемейді. Кәсіпкерлер шығынға ұшырап жатыр. 20 айда 100-ден астам жинаушы мен өңдеуші банкротқа ұшырады. Қалдықтардың кейбір түріне жинаушылардың сатып алу бағасының 80%-ын құрайтын субсидия берілді. Кейін субсидия берілмеген соң қалдықтарды жинау да тиімсіз боп қалды. Мәселен, бұрын шыны бөтелкені жинап, жуып, қайта өңдейтін болса, қазір оны сындырып, полигонға апарып жатыр», – деді ол.
Шынболат Байқұлов 20 ай бойы ӨКМ – «Жасыл Даму» АҚ жаңа мемлекеттік операторы барлық өнімнен кәдеге жарату алымын жинайтынын, алайда әлі күнге дейін субсидиялау ережесі қабылданбағанын, субсидия ешкімге төленбегенін айтты.
Алайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан, ҚТҚ-ны басқару саласында күрделі жағдай орнағанын алға тартып отыр.
«Әкімдіктердің мәліметіне сәйкес, елімізде 3 мыңнан астам полигон бар. Алайда олардың 622-сінде ғана тиісті жобалық және рұқсатнама құжаты бар болып отыр. Полигондар мен қоқыс тастайтын орындардың басым бөлігі толып тұр. Оларды қалпына келтіру қажет. Қолданыстағы экологиялық заңнамаға сәйкес, коммуналдық қалдықтарды басқаруға қатысты мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жауапкершілігі жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Әкімдіктер тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан, дағдарыс туындап отыр. Олар қалдықтарды сұрыптап жинауға, қайта өңдеуге және көмуге қажет инфрақұрылымды дамытуды ойламайды», – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.
Вице-министрдің айтуынша, ведомство жағдайды жақсарту мақсатында өңірлермен тіисті жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, жаңадан ҚТҚ полигондарын салу және жұмыс істеп тұрған полигондардың қуатын арттыру, сондай-ақ оларды экологиялық және санитарлық нормаға сәйкес келтіру жөнінде іс-шаралар жоспары қабылданды. Жаңадан 100 ҚТҚ полигонын салу, жұмыс істеп тұрған 8 полигонның қуатын арттыру және 5 полигонды қалпына келтіру жұмысы жоспарланды.
Есте сала кетейік, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында ҚТҚ-ты өңдеу үлесін 26%-ға, ал нормаға сай келетін полигондар санын 2027 жылға қарай 30%-ға дейін жеткізу көзделген.
Отырыс қорытындысы бойынша, кеңес мүшелері облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне қалдықтарды басқару бағдарламасын дайындау және іске асыру жөніндегі жұмысты күшейтуді ұсынды. Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды жинау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жұмысын ұйымдастыру саласында нормативтік құқықтық актіні қабылдауды жеделдетуі тиіс.