Алматы облысында ауыл мектебінің автобусы батпаққа батып қалды

Жақында Қызылту ауылының Көкжиек көшесінде су құбырын тарту жұмыстары жүргізілген.

Алматы облысының Қызылту ауылында балалар таситын автобус батпаққа батып қалды.

Батпаққа батып, шыға алмай тұрған мектеп автобусына қатысты видео әлеуметтік желіде тарап жатыр. Видео авторының айтуынша, автобустың ішінде балалар да отыр.

Аталмыш оқиғаға байланысты Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі түсінік берді.

Ведомство мәліметінше, жақында Қызылту ауылының Көкжиек көшесінде су құбырын тарту жұмыстары жүргізілген.

«Осыған байланысты 20 қыркүйек күні мектеп автобусы батпаққа батып қалған. Көше негізінен қиыршық тастан тұрады. Қазіргі таңда жол қозғалысы қауіпсіздігі үшін қосымша балласт пен құм-қиыршықтас қоспасын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселе бақылауда», – деп хабарлады аудандық бөлімнен.