Ауыл тұрғындарының қуанышына облыс әкімі Нариман Төреғалиев ортақтасты. Бұл фельдшерлік-акушерлік пункт «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып отыр. Бұған дейін дәл осындай орталық Теректі ауданы Барбастау ауылында салынып, қолданысқа берілген еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында ауылдық жердегі денсаулық нысандарының құрылысын салуды, халықтың денсаулығын жақсартуды тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Жоба қазір пилоттық режимде жұмыс істеуде. Осы жоба аясында облыста 2025 жылға дейін 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланып отыр.
– Бүгінде БҚО Құрылыс басқармасы 2023 жылға жоспарлаған 24 нысанның 14-і бойынша құжаты әзір. Соның ішінде 12 нысан бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті. Ол үшін бюджеттен 3,6 млрд қаржы бөлінді. Биылғы жылға осы 12 нысанды тапсырамыз. Оның екеуі халық игілігіне беріліп үлгерді, – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов.
Қайнар ауылында ашылып отырған фельдшерлік-акушерлік пункт ішінде алғашқы медициналық көмекті көрсетуге арналған барлық қажетті құрал-жабдық қойылған. Енді ауыл тұрғындары қарапайым қан анализдерін тапсыру үшін аудан орталығына бармайтынына қуанып отыр.
Сондай-ақ биыл БҚО бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 22 медициналық ұйым нысанына күрделі жөндеу жүргізілген. Соның ішінде 19 нысан ауылдық жерлерде орналасқан.
Медициналық нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аймақ басшысы: – Президентіміз денсаулық саласына көп көңіл бөліп отыр. Әсіресе, ауылдық жердегі халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын көтеруді күн тәртібіне қойды. Осы ретте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Сол жоба аясында міне, сіздерге арнап фельдшерлік-акушерлік пункт салып бердік. Енді сіздер дәрігер іздеп аудан орталығына сабылмайсыздар. Бұл орталықта медициналық көмек көрсетуге арналған барлық құрал бар, – деді.
Айта кетейік, Қайнар ауылында 800-ге жуық халық тұрады.
Ж.ҚАЙЫРҒОЖИНА