Бұл өз кезегінде еңбек құндылығын қалыптастыратыны анық. Біздің бүгінгі кейіпкерлер де еңбектің қадірін білетін жандар.
Элмира Мағзомова – қарапайым ғана ауылдың келіні. Бірақ Эльмираға ауылға бой үйрету оңай болған жоқ. Себебі ол – қаланың қызы. Өмір бойына қалада тұрып, қалада оқыған қыз бір күнде сүйген жарының жетегіне еріп, ауылдан бір-ақ шыққан.
Біздің кейіпкеріміз көпбалалы ана. Жолдасы екеуі қырда мал ұстап отыр. Олар – 1997 жылы атакәсіпті серік етіп, қожалық ашқан ата-анасының кәсібін жалғап отырған жастар. Қаланың пысық қызы қазір ауылдың нағыз қаһарман келініне айналды. Олай дейтініміз – Эльмира нағыз шаруа келін. Қазір облыста майы мен құрты, сүт өнімдері үлкен сұранысқа ие. Біздің облысты қойғанда сонау Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Шымкенттен өнімдеріне тапсырыс түседі.
«Мен өз өнімдерімізді сатуға шығарамын. Таза, адал еңбек. Қолдың майы, құрт, ірімшік, сүт, қаймақ секілді таза экологиялық өнімдерді қалаға апарып сатамын. Алдын ала тапсырыс беретіндерді бірінші жеткізіп тастаймын. Жолдасым екеуміз маңдай термен, адал еңбекпен ұстап отырған малымыз. Соның еті мен сүтін саудалап, қажетімізге жаратамыз», – дейді шаруа келін.
Эльмира – нағыз еңбек адамы. Қырда мал ұстап, оның өнімін пұл етіп, бала-шағасын бағып отыр. Таңғы бесте тұрып 10 сиыр сауады. Жолдасына еріп жылқы ұстасады. Өзі де аттың құлағында ойнайды.
Ол жай ғана еңбек адамы емес. Ол қазір трендтен қалмай, блог жүргізіп жүр. Үйіндегілер оны «блогер келін» деп атайды.
Эльмираның парақшасы қазір өте танымал. Instagram парақшасында ауылдың өмірін еш қоспасыз, боямасыз береді. Таңда сиыр сауғанын, сүт тартқанын, май шайқағанын, бәрін салып, қырдың өмірін насихаттап жүр.
Парақшасын оқыған әр адам мал бағудың оңай тірлік еместігін түсінеді.
Біздің кейіпкеріміз «бастысы – адал еңбек пен келген нәпақа артық, біз жолдасымыз екеуміз де өте шаруа адамдармыз», – дейді.
Ал батысқазақстандық Даниял Мырзағалиев – қарапайым ағаш шебері. Ол қазір Орал қаласындағы «Өз бетінше тұруды сүйемелдеу» әлеуметтік орталығында жұмыс істейді. Қызметіне адал, еңбекқор Даниял Мырзахметов екі қыз тәрбиелеп, құтты орнына қондырған ардақты әке. Қазір жұбайы екеуі балалардың қызығын қызықтап жүрген қарапайым отбасылардың бірі.
«Біздің орталық әлеуметтік мекеме ғой. Қызмет алушыларымыз әртүрлі. Даниял аға солардың бәрінің көңілін табады. Еңбек нұсқаушысы болып қызмет атқаратын ағамыз жастарды еңбекке баулып жүр. Даниял Мырзахметов өзі ағаш шебері, енді бар білетінін біздің қызмет алушыларға үйретуде. Соның арқасында бүгінде екі жігіт ағаш цехына жұмысқа орналасты», – дейді орталық жетекшісі Гүлнұр Есқабұлова.
Орал қаласындағы «Өз бетінше тұруды сүйемелдеу» әлеуметтік орталығы 2022 жылы ашылған болатын. Бүгінде орталықта 16 адам тұрады. Олардың бәрі Даниал Мырзахметовты жақсы көреді. Себебі біздің кейіпкеріміз әр қызмет алушыны өзіне тартып, бауырындай қамқорлық танытады.
«Даниял Мырзахметов – көп жыл осы әлеуметтік салада жұмыс істеген адам. Сондықтан да Даниял ағайға арнаулы орындарда қызмет алатындардың мінез-құлқы өте жақсы таныс. Қазір ағамыз орталықтың жай ғана еңбек нұсқаушысы емес, ол кісі қолы шебер адам. Орталықта жөндеуді қажет ететін барлық жиһаз, есік-терезелерді Даниял ағамыз өзі жөндей береді», – дейді орталық қызметкерлері.
– Мен бұрын Круглоозерный арнаулы орталығында дене тәрбиешісі болып жұмыс істедім. Көмекке мұқтаж, ауру адамдарды шынықтырып, денелерін қимылға келтіріп жаттығу жасайтынбыз. Олар үнемі қамкөңіл жүреді, көңілдерін сергітуге тырысатынбыз. Қазір мына орталықта еңбек нұсқаушысы қызметіндемін. Қызмет алушыларды еңбекке баулимын. Мен ағаш шеберімін. Балаларды ағашпен жұмыс істеуге үйретемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламын, – дейді біздің кейіпкеріміз.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы