Жалақы күткен дәрігерлер

Елімізде орман және балық шаруашылығында жұмысшылар тапшы. Мамандар оның себебін жалақының төмендігімен байланыстырады.

Салдарынан мамандардың саны азайып барады. Мәселен, орман және ағаш кесу саласында орташа жалақы 120-дан 140 мың теңгеге дейін ғана. Өсім­дік шаруашылығы мен мал шаруа­шылығы саласында 180 мың тең­геге жуық айлық алады. Бұл елдегі орта­ша жалақыдан төмен.

Сол сияқты жуырда шымкенттік мал дәрігерлері жалақының аздығына наразылық білдірді. Олар бар-жоғы 109 мың теңге жалақы алады екен. 

Мал дәрігерлері Шымкент қала­сын мегаполис болғанымен халқының жағдайы жақсы деп айта алмайтынын жеткізді. Бір топ мал дәрігері жиналып, осылайша өкпе-ренішін жеткізді. Мал дәрігері Ержігіт Байданов «өзге ме­га­полистермен салыстырғанда шым­кент­­тік мамандардың айлығы өте тө­мен» дейді. «Айлықты айлыққа жеткізе ал­май, несие алып отбасын бағуға мәж­бүрміз» деп ашынды. 

Айта кетейік, үшінші мегаполистегі ве­­­­теринария бөлімінде 85 дәрігер жұ­мыс істейді. Олар «қаңғыбас» жануар­лар­ды тексереді, егу жұмыстарымен ай­налысады, жануарлар сырқаттанса емдеп, аурудың алдын алу шаралары­мен айналысады. Бүгінде мал дәріге­ле­ріне сұраныс бар, бірақ оларға ме­ди­циналық жәрдемақы немесе басқа да төлемдер қарастырылмаған. Мал дә­рігерлері 109 мың теңге жалақыдан ар­тық емделуге арналған ешқандай ме­­дициналық жеңілдіктің де жоқ еке­нін жеткізді. Денсаулыққа қауіпті, вак­цина егу жұмыстары да осынау ма­мандардың мойнында. Сондықтан мал дәрігерлерінің ашынатынындай жөні бар. Болмашы жалақының өзін екі айлап алмай қалатын күндер бола­ды. Мәселен олар тамыз айынан бергі жа­ла­қыны әлі алмапты. 

Шымкент қалалық ауыл шаруашы­лығы және ветеринария бөлімі бас­шы­сының міндетін атқарушы Ерлан Әде­­нов тамыз және қыркүйек айлары­ның жалақысы жолданып жатқанын, бүгін-ертең қолға түсетінін айтты. Ал жалақының аздығы бойынша ұсыныс ен­гізіліп, алдағы күндері қалалық мәс­лихатта қаралмақ. Онда да бұл мәселе ке­лесі жылдың еншісіне қалуы мүм­кін. 

Қалай болғанда да ауыл шаруа­шы­лығы саласының маңызды фак­торы са­налатын ет-сүт, азық-түлік өнім­де­рін­сіз күніміз жоқ. Жалақының аз­ды­ғы маман тапшылығына келіп тіре­леді. 

Жалпы ветеринарлардың жалақы­сының аздығы бірнеше уақыттан бері кө­теріліп келеді. Тіпті өткен жылы Үкі­мет сағатында да сол кездегі Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Қа­ра­шөкеев бұл мәселені көтерген. «Ве­тери­нарлардың жалақысы төмен, ал олардың жұмысы өте қауіпті және олар үнемі үйден тыс жерде, сапар­лар­да болады. Республика бойынша мал дәрігерлерінің орташа жасы – 40-55 жас­ты құрайды. Өкінішке қарай, жас­тар ветеринарлардың оқуын оқығысы келмейді. Себебі олардың жалақылары тө­мен, ал жұмыстың көлемі үлкен», – деген болатын. Одан соң, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі төрт жыл ішінде вете­ринарлардың жалақысын кезең-ке­зеңімен екі есеге арттыруды қамти­тын ветеринария жүйесін реформалау бойынша ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспарын бекіткенін айтқан. Осынау ақпараттан соң мал дәрігерлері елеңдеп қалған-ды. Алайда одан бері тағы бір жыл сырғып барады. Өзгеріс жоқ. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы