Ұлт руханиятына қосқан үлесі зор

Кеше елордадағы Ұлттық музейде дарынды жазушы, публицист Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған «Жасын ғұмыр жазушы» атты көркемсөзден оқу кеші ұйымдастырылды.

Шараға жас ақын-жазушылар, Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері, елорда мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері және ЖОО студенттері, сондай-ақ арнайы қонақ ретінде жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы қатысты.

Айта кету керек, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған конференция қатысушыларына жолдаған құттықтау хатында «Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға. Қарымды қаламгер әдебиет әлеміне алғаш қадам басқан сәттен бастап шоқтығы биік шығар­ма­­­­ла­­ры­мен оқырман қауымның ықыласына бөленді. Оның «Қай­­дасың, қасқа құлыным», «Қар қызы», «Ұйқым келмейді», «Атау кере» және басқа да туындылары қазақ әдебиетінің алтын қо­­­­­­ры­­на құнды қазына болып қосылды. Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пьесалары еліміздің іргелі өнер ордаларында қойы­лып, көрермен көзайымына айналды. «Алтайдың Кербұғысы» атанған ерекше дарын иесі­нің шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы және қайрат­керлік қасиеті – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Оның мол әдеби мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық бола беретіні сөзсіз», – деген еді.

Жазушының туған күніне арналған шаралар туған жері Шы­ғыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданынан бас­талып, республика деңгейінде атап өтіліп жатыр. Алдағы уа­­­­қытта да әр өңірде қаламгердің тағылымды ғұмыры мен шы­­­ғармашылығына арналған әдеби-мәдени жиындар жыл бойы жалғаспақ. 

Бұл үшін қуанышты екенін айтқан жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы: «Өйткені, Оралхан облыс көлеміндегі емес, әлемдік деңгейдегі қазақ жазушыларының бірі. Жазу­шының шығармаларын оқысаңыз сізді сұлу сөздерімен, қаламының қарымымен, дарынымен, суреткерлігімен бірден баурап алады. Бүгінгі кештің ұйымдастырылып отырғаны жастарға көп пайдасын тигізеді. Себебі Оралхан тек сурет­керлігімен ғана емес, еңбектеріндегі тағылымды ойлары, өмірден алынған мысалдары жас оқырманды тәрбиелейді деп ойлаймын», – деді.

Сонымен бірге жиында Оралхан Бөкейдің өмірі мен шы­ғармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді. Қа­тысушылар жазушының прозалық, драмалық шығарма­ларынан үзінділер оқып, өз өнерлерін ортаға салды.

Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Гиззатовтың айтуынша, қазіргі таңда кітап оқушы жастардың қатары күн санап көбейіп келеді. Солардың қазақтың дарынды жазушы­ларын танығанын, шығармаларымен сусындағанын қалайты­нын тілге тиек еткен ол: «Оралхан Бөкей ағамызды тек әдебиет­ке қызығушылық танытып жүрген адам ғана емес, жалпы әр қазақ оқитын қаламгерлердің бірі деп есептеймін. Бүгінгі жиын­ды ұйымдастырып жатқан себебіміз де осы. Өйткені кештің мақсаты – оқушыларды жазушы Оралхан Бөкейдің өмірбаянымен, шығармашылығымен таныстыру, жастардың көркем шығармаларды оқып-үйренуге ықыласы мен қызы­ғушылығын арттыру», – деп атап өтті. 

Ж.МҮСІЛІМ