Тәртіп сақшылары жоғары сыныпта оқитын екі ұл мен төрт қызды тауып, аз уақыт ішінде аман-есен үйлеріне жеткізді. Мектеп оқушыларының бірі жай көшеде жүрсе, енді бірі жолдастарының үйінде қонақта болған.
Жеткіншектердің мұндай мінез-құлық көрсетуіне үлкендердің бақылауынан құтылып, қалаған нәрсесін істеуге ұмтылуы себеп болғаны анықталды.
Мәселен, жігіттердің бірі ғашық болғанын, бірақ анасы оған қызбен кездесуге тыйым салғанын жеткізді. Тағы бір бойжеткен бұл әрекетін ата-анасынан бөлек тұрғысы келетінімен түсіндірсе, енді бірі достарына кешке дейін сыртта жүруге рұқсат етілгенімен, оған рұқсат жоқ деп шағымданды.
Полиция қызметкерлері жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізді. Өз кезегінде ата-аналар полиция қызметкерлеріне жедел жұмыс атқарып, өзгенің басына түскен іске немқұрайлы қарамағаны үшін алғыс білдірді.
"Баланың үйден өз бетінше кетуінің соңы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін ата-аналарға қырағы болу ұсынылады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балаңыздың айналасына назар аударып, оның достарының мекенжайы мен байланыс нөмірлерін біліп жүріңіз, баланың бос уақытын алдын ала жоспарлап, ұйымдастырып, күн сайын оның жетістіктері мен қиындықтары туралы сөйлесіңіздер", - деп ескертті Шымкент қаласы Полиция департаменті.