Қазақта «тамырын табу» деген жақсы сөз бар. Бұл – идеологиямен үндес ұғым. Халқымыз бір кездері «жаңа күнді» басқаша қарсы алып жүрді. Қазір ескіні жаңғыртып, тарих бетін ашып, өткенмен көрісетін мезгіл. Осы тұста наурыз мерекесін 9 күн тойлау туралы ұсыныс күн тәртібіне шықты. Ұсыныстың бағыты дұрыс болғанымен, концепциясы шикілеу. Наурыз – тұтастық мейрамы. Түбі бір түркінің қазаны қайнап, әсем әуен дала кезіп, арқа-жарқа болатын күн. Ішкі-сыртқы тоң еріп, түстік пен теріскей түйісетін шақ. Әрине, мұның бәрін 2 күннің ішіне сыйдыру мүмкін емес. Өйткені әр күннің жоралғысы мен әдебі бөлек. Сенбесеңіз, тарихи жазбалармен танысып, мәдениеттанушылардың пікіріне құлақ салыңыз. Немесе көршілердің жаңа жылын қалай тойлайтынын еске түсіріңіз. Солтүстіктегі Ресей мен шығыстағы Қытай он күндеп демалыс жариялайды. Мәселен, Қытайда туыс-туғанын былай қойғанда, шетел аралап кететіндер көп екен.
Бұл жоба 7 жыл бұрын басталған
Қазаққа да осындай болмаса да, осыған ұқсас аралық керек-ақ. Құп дегендей орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатының бірінде әз Наурызды 9 күн тойлау туралы ұсыныс тасталды. Ұсыныс дегеннен гөрі құрылымын бекіту дегеніміз жөн болар. Себебі осыдан біраз жыл бұрын мерекені 9 күн тойлау қолға алынған еді. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли тәптіштеп айтып берді. «Наурыз мейрамын 9 күн бойы атап өту бастамасы жаңа дүние емес. Алғаш рет 2013 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында мейрам осылай мерекеленген болатын. Сол кезде біз әр күнге жеке атау беріп, мерекені шынымен халықтық мейрам қылуға мұрындық болғанбыз. Онда ардагерлерді ардақтау, өткенге тағзым, қайырымдылық жасау, мереке қарсаңында сенбілік ұйымдастыру тәрізді бірқатар жаңалық енгізген едік. Өйткені Наурыз мейрамының ежелгі концепциясында мұндай шаралар бар. Айталық, бұлақ көзін ашу, ағаш егу, үй-жайды тазалау, дастарқан жаю тәрізді салт біздің сөзімізге дәлел. Оның үстіне Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазуына қарағанда мейрамды ұзақ тойлап, Наурыздама беру бұрын қазақта кең тарапты. Ал бастаманы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов қолдап, 14 наурыздан 22 Наурыз мерекесі өзінің түп негізіне оралған еді әрі іс жүзінде халықтық мейрамға айналған болатын. Кейін бұл бастаманы бірқатар облыс қолдады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысында мейрамды 9 күн атап өту қолға алынған еді» деп ұсыныстың дереккөзін көрсеткен Берік Уәли мерекені республикалық деңгейде кең көлемде тойлауды құптайтынын атап өтті. Ал мәдениеттанушы Серік Ерғали болса, неліктен 9 күн екеніне тоқталып, Наурыз-Фест атты жобасымен таныстырды. Неге жобаны қозғап отырмыз? Өйткені аталған баспасөз мәслихатында 9 күнге атау беріп, тойлау концепциясын көрсетті. Мысалы, 14 наурыз – Көрісу күні, 15 наурыз – Шежіре күні, 16 наурыз – Жайлау күні, 17 наурыз – Игі іс күні/дарқандық күні, 18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні, 19 наурыз – Зияткерлік күні, 20 наурыз – Жоралғы күні, 21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні мен 22 наурызды Бұқара күні деп белгілеген. Кейбір атауды оқығанда миығыңыздан күлдіңіз, білем. Себебі Наурызды тарихын білген де, білмеген де жоғарыдағы атаудың бірімен-бірі қабыспайтынын түйсінеді. Осыған байланысты Серік Ерғали түзген құрылым мерекенің ажарын аша түсетінін байқадық. Әрі мәдениеттанушы 9 күннің сырын ашып, тойлаудың мақсатын айқындап берді. – Бұл жайлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыздың 20 томдық кітабының 8-томында жазады. Әкесі Бұқара хандығына жібереді. Елге барса Абдулла атты қазақ текті хан наурызды 1-нен 8-іне дейін бейресми түрде мерекелейді. Юлиан күнтізбесі бойынша 1-і – қазіргі күнтізбемен 14-і, 8-і дегеніңіз – 21 наурыз. Иран мемлекеті тойлауды 14 наурыздан бастайды. Бізде көп нәрсе ұмытылып қалды. Ресми түрде наурыз мерекесін атап өту 21-22-сіне көшіп, ғұрпы мен жоралғысы 14 наурызда қалып қойды. Ол қазір көрісу күні болып кетті. Олай құндылықты бұрмалауға болмайды. Қазақта амал күні деген жоқ. Амал сөзі «қамал» деген жұлдыздың аты. Сондықтан қазақ қамал келді деп айтады. Күн 12 шоқжұлдызды аралайды. 14 наурызда күн тоқты шоқжұлдызына жақындайды екен. Оның маңдайында қамал деген жұлдыз бар. Ежелгі астрономдар бақылағанда күн мен қамал шоқжұлдызының беттесіп, бір сызықтың бойына тұратынын байқаған. Яғни, күн мен қамал шоқжұлдызы бір-бірімен көріседі. Міне, осы жолы жер бетіне көктем орнайды. 13 наурызда 90 күн қыс шығады. 14-нен бастап тоң еріп, көктемнің алғашқы күні басталады. Көктемнің бірінші күні – 14 наурыз, – дейді Серік Ерғали. Сондай-ақ мәдениеттанушының айтуынша, әр күннің өзіндік салты бар. Мәселен, 14 наурызда ел бір-бірімен көрісіп, құттықтайды. Екінші, жасың құтты болсын деп айтады. Бұлай айтатын себебі – жыл жаңарады. Қазақтар бұрын туған күнін тойламаған. 14 наурызда бәрі жиналып, бір-ақ тойлаған. Үшінші ғұрпы – бір-біріне жолдық беріп, сый ұсынған. Наурыз ресми түрде 8-9 күн, бейресми түрде 30 күн мерекеленген.Бір-біріне қатысы жоқ ұғымдардың қойыртпағы
Ал қазіргі тойлау күні атауларына Серік Ерғалидың даты бар. Бастапқыда концепциясын өзі құрғанын айтқан ол бұрмаланғанына күйінішін білдірді. «Шежіре күні, Жайлау күні деген менің атауым емес. 9 күн тек наурызға қатысты болуы керек. Мәселен, шежіре деген мүлдем басқа нәрсе. 3 ай жаз жайлау болады. Мұның наурызға ешқандай қатысы жоқ. Мысалы, солтүстік облыстарда жайлауды көрмейсің, қар басып жатады. Қалайша жайлау дейсің? Қисынға келмейді. Тек қана наурызға қатысты ұғым мен ғұрыпты ашып, соларды паш ететін атау керек», – дейді ол.Той тойлау демалыспен өлшенбейді
Тойлату – жөн іс. Алайда 9 күнді шырайын кіргізіп әспеттеу үшін апталық демалыс қажет пе деген мәселе тағы бар. Осы орайда, ел арасында 9 күн демалыс жайлы айтылып жүр. Бірақ пікір алуандығы тағы бар. Мәселен, Президенттің баспасөз хатшысы 9 күн мерекелеу деген сонша тәулік демалыс болсын дегенді білдірмейтінін нұсқады. «Тек әр күнге белгілі бір мазмұн қосуды көздейді. Әрі бастаманы республикаға таратып, мейрамды ел бойынша айрықша сипатта тойлау үшін әлі де пысықталуы тиіс мәселелер бар деп ойлаймын. Ауа райы жағдайынан бастап, аймақ тұрғындарының белгілі бір дәстүрі, салт-санасын, өңірдің әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктерін назарда ұстаған жөн», – дейді Берік Уәли. Ал этнолог Серік Ерғали бізден басқа халықтың барлығы жаңа жылында демалатынын алға тартты. «Мәселен, Қытай да, Қырым мен Еуропада жұмыс істемейді. Орыстар күнтізбелік жаңа жылында 10 күн бойы ішіп-жеп жатады. Біз неге демалмасқа? Жалпы, өз басым мерекені демалыс етуге, демалысты мереке етуге қарсымын. Бірақ Наурыздың орны бөлек. Мұнда балаларға каникул беру керек деген ұсынысын қолдаймын. Мұғалім мен студент, оқушы демалу қажет. Бұл кезде аурудың өршитін тұсы, оқудың керегі жоқ. Мерекені шат-шадыман көңіл күймен тойлап, айналаңды тазалап, осындай ұлттық деңгейдегі құндылықты паш етуміз қажет», – дейді ол. Қос пікірдің де маңызы бар. Шешім – жоғары жақтың еншісінде. Бірақ мерекенің қай кезде мәні болып, шырайы кіретінін ұмытпаған абзал. Мысалы, 8 наурыз бен жаңа жылдың жөні басқа екенін белгілі. Неліктен? Өйткені ол күні баланың көңілі тоқ, әйел жадырап жүреді. Яғни, әйел күлімдесе, әлем құлпырады. Ал жаһанның «жайсаң» күйге енгенін көру үшін демалыс қажет-ақ. Егер Наурыздың 9 күндік торқалы тойға, баланың асыға күтетін мерекесіне айналғанын қаласақ, жоғарыдағы ұсынысты шолып өткен дұрыс. Айзат АЙДАРҚЫЗЫ