Аудан орталығындағы жарты ғасырдан астам уақыттан бері қызмет еткен су ұңғымалары әбден тозып, аудан халқын сумен қамтамасыз етуге қауқары жетпейтін болған. Қолданылып жатқан тоғыз ұңғыманың тек төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Қалғанында су қоры таусылып қалған. Түйткілді жағдай «AMANAT» партиясының қарауына түсіп, күні кеше Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Айна Мысырәлімова Шортанды кентіне арнайы ат басын бұрған еді. Мәжіліс депутаттарының республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлуді өз бақылауларына алатынын жеткізді. Ол үшін ауызсу тапшылығын шешу үшін «Егемен» учаскесінен Шортанды кентіне дейін су құбыры тартылмақ.