Қарқаралыда орманға саңырауқұлақ теруге кетіп, жоғалып кеткен әйелге 4 күн бойы іздеу жүргізілді. Бүгін таңертең оның денесі табылды.
20 қыркүйектен бері Қарқаралы ауданындағы «Берлога» демалыс аймағы аумағында орманда адасып кеткен 1951 жылы туған әйелді іздеу жұмыстары жүргізілді. Ол саңырауқұлақ теруге кеткен. Жоғалған әйелді іздеуге Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, ТЖМ 52859 әскери бөлімі, полиция департаменті мен ерікті тұрғындар жіберілді.
«24 қыркүйекте сағат 10:54-те «Берлога» демалыс аймағынан оңтүстікке қарай 8 шақырым жерде іздестіру тобы із-түзсіз жоғалған әйелді тапты», – деп хабарлады Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті табиғат аясына шықпас бұрын ауа райы болжамын тексеріп, ұялы телефоныңызды қуаттап, қайда және қашан баратыныңызды туыстарыңызға айтып, олармен байланыста болу керегін еске салады.