Павлодар облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Ертіс орманындағы» ерекше қорғалатын аумақта ағашты заңсыз кесу және ұрлау дерегін анықтап жатыр.
Polisia.kz-тің дерегінше, 18 қыркүйекте облыстық прокуратура көмегімен, «Ертіс орманы» резерватында ауқымды операция жүргізілді. Полицейлер «Ертіс орманы» РММ-де, Шалдай және Бесқарағайда, сондай-ақ бірнеше басшының тұрғылықты жері бойынша 20-ға жуық тінту жүргізді. Тінту кезінде құжаттамада көрсетілгеннен басқа атыс қаруы, оқ-дәрілер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болжам бойынша орманды заңсыз кесуге «Ертіс орманы» РММ-нің лауазымды тұлғалары қатысты болуы мүмкін.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, биыл Абай облысында орман өртеніп, 15 адам қаза тапты. Осы апаттан кейін Президент орманшылардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға тапсырма берді.
Фото: видеодан скриншот