Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деді.
Бүгінде көне Тараз шаһарының көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – «Жасыл Ел – Тараз» ЖШС-ның тұрмыстық қатты қалдықтар шығару учаскесінің жүргізушісі Ержан Құдайбергенов. Ол 1965 жылы Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында дүниеге келген. Мектепте оқып жүріп-ақ темір тұлпар тізгіндеп, техниканың тілін ерте меңгеріп үлгереді. Сөйтіп, мектепті бітірген соң Түркістан қаласындағы техника мамандарын дайындайтын оқу орнында білімін шыңдайды. Оны үздік бітірген соң ауылына оралып, мектепте ұстаздық жолын бастайды. Сол аралықта ата жолымен қолына таяқ ұстап, кеңшардың малын бағады.
Тәуелсіздіктің алтын таңымен жеткен азат күнде ауыл шопаны малшылықты қойып, Тараз қаласына табан тірейді. Бала кезден моторлы көлікке жақын өскен ол шаһарда алғаш ашылған «Таза қала» ЖШС-ның қызметкері болып жұмысқа орналасады. Өз ісіне жан-тәнімен берілген Ержан Тұрсынбайұлы бүгінде табан аудармастан күректей 20 жыл «Жасыл Ел – Таразда» мекемесінде еңбек етіп келеді.
– Кез келген жұмысқа немқұрайдылықпен қарау – табиғатыма жат дүние. Бала кезімнен көлікке жақын өскендіктен, сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Сондықтан талай жыл бойы тазалық саласында қызмет етудемін. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйрендім. Көктем, жаз мезгілінде қаланың қоқыстарын тазаласақ, қыста қарын күрейміз. Өзің тазалығын сақтап, күтіп-баптаған сүйікті қаланың айнадай жарқырап тұрғанын көргенде қиындықтың барлығын ұмытып, марқайып қаласың. Осылайша, жұмысымыз жалғасын табуда. Қызметім өзіме ұнайды. 450 мыңнан аса халық тұратын қаланың тазалағына жауапты болу – мен үшін абырой. Өз ісімен мақтанамын. Әрбір адам өз жұмысына адал болып, соңына дейін жеткізу қажет. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Ол үшін төзімділік пен сабырлық қажет. Кейінгі жастарға да үнемі осыны айтып отырамын, – дейді тазалық сақшысы.
Асқар тау әкесінің «Балам қандай жұмыс істесең де шын ынтаңмен жаса, ешқашан жалқауланба, себебі ол сенің жейтін наның» деген өсиет сөзін бойына бойтұмар еткен ол жұмысына өте жауапкершілікпен қарайды. Әріптестері: «Ержанның жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатынын күнде көріп жүрміз. Ол сондай ақкөңіл, мінезі жұмсақ жан», – деп тәнті болуда.
Бір отбасының тірегі, отағасы, төрт баланың әкесі болған Ержан Құдайбергеновтің еңбегі елеусіз қалған емес. Оның кеудесінде «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі жарқырап, облыс, қала басшыларының марапаттары ұсынылған.
Иә, нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзіп жүрген еңбек адамдары қандай құрметке де лайық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы