Қойылым ресейлік драматург әрі режиссер Иван Вырыпаевтың «Иран конференциясы» пьесасына негізделген. Ал тырнақалды туындының режиссері, көркемдік жетекшісі – Фархад Молдағали. Премьерада елімізге белгілі өнер майталмандары бой көрсетті. Олардың қатарында Самал Еслямова, Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Зарина Кармен, Сағызбай Қарабалин, Ерлан Біләл, Дархан Сүлейменов және т.б актерлер бар.
«Иран конференциясы» – адамзаттың заманауи мәселелеріне түрлі пікірлерді айқындайтын философиялық мәндегі көркемдік дәрежесі жоғары, салмақты қойылым. Конференцияға жиналған сегіз спикерден сегіз түрлі көзқарас мен толғанысты бағамдауға болады. Пікірлер бір-біріне қарама-қайшы болса да, әрқайсының сөзінен мән-мағына таба аласыз. Сегіз спикердің талқылауында әлемге ортақ мәселелер қаузалады. Қойылым режиссері Фархад Молдағали «Иран конференциясының» біз өмір сүріп жатқан қоғам үшін маңыздылығын түсіндіріп өтті.
– Мен пьесаны алғаш рет оқыдым. Екі спикердің монологінен кейін пьесаның қойылымға айналарын түсіндім. «Иран конференциясы» – бізге керек шығарма. Маңызды жиын Дания елінде өткенімен, «Иран конференциясы» аталғанымен мұнда әлемге ортақ мәселелер талқыланады. Жаһандық деңгейдегі осындай мысалдарды көрерменге ұсынсақ деген ниетіміз еді. Қойылымда маңызды дүниелер өте көп. Қазір Ресей мен Украинаның соғысы, Түркиядағы жер сілкінісі, Иранда өршіп тұрған дін мәселесі, Еуропадағы оқиғалар сынды оқиғаларды көріп жүрміз. Мұндай қақтығыстар көбейген сәтте адамда іштей сұрақ туындайды. Осы өзгерістердің бәріне өзіңше жауап іздейсің, – дейді ол.
Сондай-ақ режиссер мұндай қойылымдар көрерменнің әлемдік мәселелерге деген жеке ой-пікірін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Оның сөзінше, мұндай формадағы пьесалар елімізде жиі қойыла бермейді. Актердің кәсіби деңгейін өсіруде де қойылымның маңызы айрықша көрінеді.
– «Иран конференциясы» – нағыз дамыған актерлердің бір деңгейге жетіп, одан әрі келесі деңгейге өткісі келетіндерге арналған шығарма деуге болады. Өйткені мұнда сахнаға шыққан бір кейіпкер 15 минут, тіпті жарты сағат ішінде көрерменді вакуумның ішінде ұстап тұруға тиіс. Бұл үлкен шеберлікті талап етеді. Ал шығармадағы кейіпкерлердің болмысын ашу үшін актерлік құраммен бірге қажырлы еңбек жұмсалды. Процесс оңай болған жоқ. Бұл жаңа драма болғандықтан, актерлер қанша талантты, тәжірибелі болса да сәл-пәл қиындығын туғызды, – дейді режиссер Ф.Молдағали.
Конференция жайлы аз-кем ақпаратпен бөліссек. Қойылымда шешімін табу күннен күнге күрделеніп бара жатқан қақтығыстардың себебі мен салдары баяндалады. «Бүгінде батыс әлемінде де, шығыс әлемінде де әртүрлі елдер бар. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын неше түрлі саяси және діни структуралар қалыптасып кеткен. Сондықтан әлемді батыс, шығыс деп бөлу мүмкін емес. Біз бұл қақтығысты ең әуелгі екі түсінікпен тарқатар едік: бірі – «діни дәстүршілдік», екіншісі – «гуманистік рационализм». Бір ретте белгиялық әріптесіміз: «Екі күш күресіп жатыр. Алла мен кока-кола» деп әзілдеп айтып еді. Бұл – қалжың. Десе де, Шекспирдің Гамлетіндегі Полоний айтпақшы, «Бұл есуастық болса да, ақылға қонымды». Конференцияның алғы сөзі терең мазмұнға ие осындай пайымдаудан бастау алды.
«Шам» театры – қойылымдары қазақ тілінде қойылатын еліміздегі тәуелсіз шығармашылық ұжым. Бүгінде жас театрдың бір жылға жуық уақыт ішінде бағындырған белесі де жоқ емес. Солардың бірі, ticketon.kz сайтының нұсқасы бойынша өткен байқауда «Жыл спектаклі» мен «Жыл премьерасы» атты қос номинацияға ие болды. Естеріңізге салсақ, «Шам» театры былтыр күзде қазақстандық беделді актерлердің қатысуымен өткен «№37» премьерасымен тұсауын кескен еді. Бір жылда 14 мыңнан астам көрермен тамашалаған қойылымның көрсетілімі республикамыздың 10 қаласында аншлагпен өтті.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы