Осы ретте Парламент Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сәбильяновпен ел дамуының кезекті межесіне қатысты сұхбаттасқан едік. Әңгіме қаржы- экономика саласы, банк жүйесі, аймақтарды дамыту, жаңадан құрылған Көлік министрлігі туралы өрбіді.
– Нұртай Салихұлы, еліміздің қаржы саласына, соның ішінде банктерге қатысты үлкен өзгерістер жасалғалы отыр. Оларды бөлшек сектордан корпоративті секторға тарту мәселесі бірінші кезекке шықпақ. Бұл экономиканы жандандыра түсуге септік ете ме?
– Президенттің халыққа арнаған жолдауында экономикада қордаланып қалған көптеген проблемалар көтерілді. Қаржы нарығына, ақша-несие жүйесіне қатысты кемшіліктер ашық айтылып, нақты тапсырмалар берілді. Бұл ретте бірінші кезекте банктерге, олардың қызметіне қатысты мәселелерді шешу қарастырылып отыр. Қазір елімізде екінші деңгейдегі 21 банк бар. Олардың қызметін реттейтін, қаржы саласына тиісті нормативтік актілерді шығаратын бізде Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Бұл жерде бірден назар аударатын жайт – банк жүйесіндегі бүгінгі мәселелер неден туындап отыр деген сұрақ. Өйткені Ұлттық банкпен Қаржы реттеу агенттігі қаржы нарығын дамытуға, банктерге қоятын талаптарды жетілдіруге онша назар аударған жоқ. Қадағалау болған жоқ. Банктер қаржылық жағдайы қиындаған кезде Үкіметке шығып, одан көмекке қаражат алып отырды. Ол қаражаттың тиімділігіне тексеру жүргізілмеді. Кезінде бұл мәселеге байланысты ұсынысымды бірнеше рет ашық айтқанмын: «Банктерге мемлекеттен қолдау көрсетуді тоқтатуымыз керек» деп. Енді қазір, міне, осы банктердің қызметіне байланысты әртүрлі көптеген мәселелер туындауда. Бірінші мәселе, бұл банктердің несие беретін пайыздарына, жылдық сыйақысына байланысты болып отыр. Қазір банктер шағын және орта бизнесті, жалпы кәсіпкерлікті қаржыландыруға жылдық 22%-бен несие беріп жатыр. Осы 22%-дың 14%-ын мемлекет банктерге субсидиялау арқылы қайтарып беріп отыр. Бұл – қайтарымсыз кетіп жатқан мемлекеттің қаражаты. Бұған жылына кем дегенде 250-350 миллиардтай теңге кетеді. Міне, осының қалай біз пайызын азайтамыз деген мәселе туындап отыр. Менің бұл тұрғыда мынадай ұсынысым бар. Банктерді қолдауға мемлекет қаражат бермеу керек. Мемлекеттен бөлініп жатқан қаражатты жинақтап, бізде Қазақстан Даму Банкі бар немесе «ҚазПошта» Ұлттық операторы бар, соларға орта және шағын бизнесті, ауылшаруашылығын қаржыландыру үшін беру керек. Осы екі мемлекеттік ұйымға мүмкіндік жасап, рұқсат беріп, лицензиялап, жаңаша дамыту керек. Мәселен, «ҚазПошта» Акционерлік қоғамының бүкіл республика бойынша филиалдары бар, тіпті алыс аудан-ауылдарда бөлімшелері бар. Халыққа жақын деген сөз. Бұл тұрғыдан оның мүмкіндіктері тіптен көп болмақ. Ендеше, неге оның осы мүмкіндігін пайдаланбасқа?! Қаржы операцияларын жүргізуге рұқсаты бар. Енді оны одан әрі дамытып, шағын несие беруге, кепілге жылжымайтын және де жылжитын мүліктер алуға және тағы да басқа операцияларға рұқсат беру керек.
– Сіздің ұсынысыңыз сонда «ҚазПошта» мен ҚДБ-ны отандық бизнесті, соның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға тарту ма?
– Иә, менің ұсынысым, Қазақстан Даму банкіне реформа жасау керек. Қазір онда ірі-ірі бизнес субъектілерін қаржыландырады, яғни соларға несие береді және мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан жобалар бар, соларды қаржыландырады. Біз осы банктің ашықтығын қамтамасыз етіп, берілген несиелердің тиімділігіне тексеру жүргізіп, егер анықталған кемшіліктері болса, оны жіберген адамдарды жауапқа тартып, ол банкке тек қана ірі кәсіпорындарды ғана емес, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын қаржыландыруға да мүмкіндік беру керек. Оның өңірлерде филиалдарын ашып, құзіретін кеңейту қажет. Сонда мемлекет сол ҚДБ арқылы немесе «ҚазПошта» арқылы бұл мәселені өз қадағалауына алады. Егер осылай жасасақ, онда шағын және орта бизнеске жылдық мөлшерлемені 7%-дан асырмай несие беруге болады. Мұндай жағдайда екінші деңгейдегі банктер де пайызын түсіруге мәжбүр болады. Өйткені жаңа айттым ғой, 22%-дың 14%-ын мемлекет субсидиялап отыр деп. Бұл ақшаны мемлекет енді банкке емес, «ҚазПошта» немесе ҚДБ арқылы тікелей кәсіпкердің өзіне қайтармалы негізде, аз пайызбен несие ретінде беретін болады. Қаржы нарығында Банктерге бәсекелестік пайда болады.
Осы тұста мен сізге бір сәтті мысал келтіре кетейін. Қазіргі «Отбасы банк», бұрынғы «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» құрылғандағы мақсат халықты жеңілдетілген несие беру арқылы, бағдарламалар арқылы баспанамен қамтамасыз ету болатын. Міне, осы мақсат орындалып жатыр, бұл банк ипотека сегментін алды. Басқа банктер бұл нарықтан шығып кетуге немесе үлесін азайтуға мәжбүр болды. Өйткені олар арзан пайыздық мөлшерлемемен ипотека бере алмайды. Сол сияқты отандық бизнесті қаржыландыруда да осындай қадамға баруымыз қажет. Бұл – бір.
Президент айтқан екінші тағы мәселе – екінші деңгейлі банктерден тұтынушы кредит алушылардың қатары жылдан жылға артып бара жатқандығы. Халық қарызға батып жатыр. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұтынушы кредиттердің көлемі 7 триллион 7 миллиард теңгеге жеткен екен. Бұл банктердің шағын және орта бизнесті қаржыландырып отырған қаражатынан әлдеқайда көп. Сөз болып отырған кезеңде шағын және орта бизнесті қаржыландыру 6,4 триллион болған екен. Ал еліміздегі банктердің жалпы активі 44,5 триллион екенін ескерсек, бұл шағын және орта бизнесті 15% ғана қаржыландырып отыр деген сөз. Яғни банктер пайда табуды көздеп, экономиканы емес, тұтынушы кредит секторына ден қойған. Олар несиені өздері де береді және шағын қаржы ұйымдары арқылы да береді. Соңғысына ақшаны 25%-бен берсе, олар оны халыққа жылына 56%-ға дейін мөлшерлемемен таратып отыр. Бұл Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің бекіткен жылдық ставка мөлшерлемесі. Бұл ставканы төмендету керек.
Бірақ интернет арқылы онлайн кредит алатындар көп, оларға берілетін пайыз 1000-1500%-бен болып тұр. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Бұл азаматтардың әлеуметтік жағдайын қиындатуға, болашақта шиеленіскен наразылықтарды туындатуға алып келуі мүмкін. Сондықтан да онлайн кредит беруге елімізде тыйым салынуы керек. Осыны қолға алып, жұмыс істеуіміз керек. Орта және шағын бизнесті қаржыландыруда да, азаматтарға кредит беруде де жеңілдетілген несие жүйесін қалыптастыру керек.
Осы тұста, тоқтала кететін бір жайт – Ұлттық банк құрған «Проблемалық кредиттер қоры» туралы. Ол қор банктерден қайтара алмаған қарыздарын өзіне алды да, оларға мемлекеттен бөлінген ақшаны бере салды. Енді осы қордың мәселесі не болып жатыр? Осы уақытқа дейін банкті қолдауға кеткен триллиондаған ақшалар қайда? Міне, осы мәселені шешуіміз керек, қаражат қайтарылуы керек. Бұл тұста біз тек мемлекеттік мүддені көздеуіміз керек. Қайталап айтамын, банктердің мүддесін көздемеуіміз керек, «Банктерге мемлекеттен қолдау көрсетуді тоқтауымыз керек». Бұл үрдіс сонау 2009 жылдан басталған, әлі де жалғасып келеді. Осы 15 жылда біз жыл сайын қайтарымсыз кетіп жатқан 250-350 миллиард теңгені жинап, жеңілдетілген несие жүйесін жасаған кезде, ендігісі қаржы айналымына шығып, 6-7%-бен арзан несие беруді жолға қояр уақыт болып еді. Әлі де кеш емес. Ол үшін сөз басында айтқан Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттейтін және дамытатын агенттік осы бағытта жұмыс істегені жөн. Сонда біздің елде 21 емес, бәсекеге шыдас берген 6-7 ғана банк қалуы мүмкін. Ең бірінші кезекте ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиемен қаржыландыру маңызды. Егер осыған батыл көшсек, сонда ғана экономика жандана түспек. Олар күш алып кететін болса, өздерін өзі қаржыландырып, мемлекет техникаға лизинг берумен шектеліп, субсидия беруді тоқтатуға болады.
Сонымен қатар банктерге, шағын қаржы ұйымдарына қойылатын талапты күшейтіп, жоғарғы пайызбен тұтынушы несиесін беруге шектеу қою қажет. Бұл саланы реттеуді тез қолға алған жөн.
– Банк саласына қатысты одан басқа да өзге өзгерістер туралы ойыңызды білсек. Мәселен, еліміздің қаржы нарығына шетелден 3 банк шақырылуы қажет екені хабарланды. Олар қай елдер болуы мүмкін? Олардың арнайы бір салаға (агробанк, ғылым банкі, энергетикалық банк және т.б.) келгені дұрыс па, әлде жалпы негізде болғаны дұрыс деп санайсыз ба? Олар біздің экономикаға не береді?
– Банк саласында бәсекелестікті қалыптастыру үшін Президентіміз шетелден үш банкті тартқан жөн деп қадап айтты. Бұл өте уақытылы айтылып отырған дұрыс ұсыныс, тіпті тапсырма деуге болады. Жаңа айттым, біздегі барлық 21 банктің активін қоса алғанда 44,5 триллион теңге (1.01.2023ж). Ал шетелдің бір банкінің активі бұл соманы 4-5 есе орап алады. Сондықтан да оларды шақырғанымыз біздің экономикамызға жақсы. Қаржысы көп болғандықтан олардың пайыздық мөлшерлемесі де төмен болуы мүмкін. Мәселен, шетелдік қаржы ұйымдары Libor (Лондондық банкаралық ставка ұсынысы) деген жүйеге қарап несие береді. Ондағы ставка қазір 5,5% . Осыдан екі-үш жыл бұрын ставка 2-3% болған. Енді қай елден, қандай банктер деген сұрағыңызға келер болсақ, оны талдап қарау керек. Өйткені әлемде мықты-мықты банктер көп. АҚШ-тың, Европаның, Қытайдың, Оңтүстік Кореяның, Жапонияның жақсы банктері бар. Жалпы шетелден банктерді кіргізетін кезде оған қоятын талаптар, нормативтер болады. Соларды сақтай отырып, ұлттық экономиканың мүддесі де ұтылмайтындай шарттар жасау керек. Сондықтан мен сізге нақты елдерді атап бере алмаймын. Өйткені ол шетелдік банктерге де байланысты. Ең бастысы, тапсырма берілді. Енді соны мақсатына сай орындау керек. Олар қай саланы қаржыландырады, мәселе онда емес. Ең бастысы, жеңілдетілген несиемен экономикаға жұмыс істеуі керек. Оларды сіз айтқандай, белгілі бір салаға тарта алмаймыз. Өйткені онсыз да нарығымыз кішкентай. Ал оны одан сайын тарылтып, осы салаға келіңіз деп талап қоятын болсақ, олар келмей де қоюы мүмкін. Ал жалпы Президенттің бұл идеясы – инвестиция тартудың ұтымды бір сипаты деп білемін. Яғни, ақша белгілі бір салаға тартылмайды, тұтастай экономикаға тартылады. Ең бастысы, арзан несие келуі керек. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басты көздегені осы болуы керек.
– «Мықты аймақтар – экономиканың драйвері» дейміз. Президент орталықсыздандыру бағытын тереңдетіп жүргізіп келеді. Бюджет дербестігі мен электораттық сипат – соның айғағы. Осы ретте алып-қосар қандай ұсыныстарыңыз бар? Әсіресе, шекара жанындағы аймақтардың мәселесін бірінші кезекте шешкен дұрыс сияқты.
– Жолдауда шоқтығы биік тұрған мәселенің бірі – аймақтарды дамыту деп білемін. Мысалы, кезінде бүкіл ауылдарға, ауылдық округтарға, аудандық маңызы бар қалаларға өзінің дербес бюджетін енгізу керек деген бастама көтерілген болатын. Бұл жоба 2020 жылдары толықтай енгізілді. Яғни, аймақтарды дамыту осы дербес бюджеттерді енгізумен де байланысты болды. Яғни, елді мекендердегі мүлік салығы, жер салығы, көлік салығы сол ауыл мен қаланың бюджетіне түседі. Бір ауыл мысалы 1 миллион жинаса, бір ауыл 15 миллион жинап жатыр деген сияқты. Әйтеуір өздеріне қыста тракторларына жанар-жағармай алса да, көшелерді тазалап, қоқыс шығарса да біраз қаражат пайда бола бастады. Бұрынғыдай ауданға қол жайып отырмайды. Шұғыл жағдай туса да әкімнің қорында ақша бар. Енді осыны ары қарай дамыту үшін екінші кезеңмен шағын және орта бизнестен түсетін Корпоративті табыс салығын жергілікті бюджетке берді. Бұрын ол республикалық бюджетке кететін. Енді 50%-ы облыстық бюджетте қалады да, қалғаны аудандық бюджеттерге бөлінеді. 2020 жылдан бері қарай осылай. Бұл жергілікті жерлердегі көптеген мәселелердің шешілуіне мүмкіндік тудырып отыр. Енді осыған байланысты өз Жолдауында Президент келесі бір салықтың түрі – Қосымша құн салығын қазіргідей түгелдей республикалық бюджетке емес, белгілі бір бөлігін жергілікті бюджетке беру туралы айтты. Бұл өңірлерге үлкен қолдау болмақ, өйткені шешімін таппай жатқан жергілікті мәселелер көп. Және бұл өте қомақты қаражат. Қазіргі есептеулер бойынша 2 триллиондай теңге деген дерек бар, енді оның нақты қанша екенін уақыт көрсетер, ең бастысы ол жергілікті бюджетке түсер болса, онда оның дербестігі артады да, жергілікті әкімдерде өңірдің проблемасын шешуде үлкен мүмкіндіктер пайда болады. Жолдарды жөндеу, мектептер, мәдениет үйлерін, спорт кешендерін және тұрғын үй салу, су тарту, қоғамдық көліктер – көптеген мәселелер бар ғой, осыларға ақша табылады. Сондықтан да мен Президенттің осындай қадамдарға барып отырғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Жолдауда айтылған бастамаларды толық қолдаймын. Бұл тұста тағы бір беріліп отырған мүмкіндік жергілікті бюджетке түсетін салыққа жеңілдіктерді жергілікті атқарушы билік пен өкілетті билік бірлесіп қарастыруға болатыны туралы ұсыныс. Егер, бір кәсіпкерге немесе кәсіпорынға әкімдігі бар, мәслихаты бар, салық органдары бар бірігіп, талқылап, жергілікті бюджетке түсетін салыққа жеңілдік жасайтын болса, ол кәсіпкерді қолдауға, жағдайын дұрыстауға көмек болар еді. Ол жағдайын жақсартып алғаннан кейін сол ауылға немесе қалаға он есе артық пайдасын тигізетін болады. Сондықтан да билікті орталықсыздандырудың бір тармағы осы деп алатын болсақ, бұл да халқымыз үшін игі бастама болмақ.
– Әрине, бастамалардың қай-қайсысы да құптарлық-ақ. Бірақ «таяқтың екі ұшы бар» демекші, біз жең ұшынан жалғасқан жемқорлық проблемасын әлі жеңген жоқпыз ғой. Өз ақшасы өз қолына тиген соң, бұрынғыдай жоғарыға есеп бермейтін болған соң, әкімдердің тәбеті ашылып кетпей ме? Мемлекеттік сатып алу деген де тұрлаусыздау дүние болып тұр.
– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Қадағалау әрине болады. Бізде қазір жергілікті бюджетті ревизиялық комиссиялар тексереді, сонымен бірге Қаржы министрлігінде Ішкі аудит департаменті бар, солардың тексеруге мүмкіндігі бар. Оған қоса біз биыл жазда заңға толықтырулар мен өзгерістер енгіздік, енді соған сәйкес Жоғарғы аудиторлық палата жергілікті бюджетке толықтай аудит жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Бұрын олай жасай алмайтын еді, тек республикалық бюджетті, квазимемлекеттік секторды ғана тексерумен шектелетін. Осылайша, үш орган қадағалау жасамақ. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бар. Сондықтан коррупциямен күрес тоқтамайтын болады. Ең бастысы, жемқорлықты болдырмай, өңірлердің бойына қан жүгіріп, экономикаға жан бітсе дұрыс болар еді.
Ал мемлекеттік сатып алуға келер болсақ, ол – үлкен мәселе. Оны реттеу үшін Президент осы заңды қайта қарап, жетілдіруді тапсырды. Соның ішінде, мердігерлерге қойылатын талаптарды дұрыстау керек. Бұл бағытта біз жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мұнда жергілікті компанияларға басымдық беру керек. Мысалы тұрғын үй салуды алайық. Енді оларды салуға бұрынғыдай ақша бөлумен қатар дайын тұрғын үйлерді шекті бағамен сатып алуға мүмкіндік жасау керек. Өйткені тендер жариялап, мердігер анықтап, ол оны саламын дегенше уақыт кетеді. Сондықтан дайын, сапалы үйлерді, тиісті талап қоя отырып сатып алса, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жылдамырақ болар еді. Өйткені үй кезегінде 600 мыңнан аса азамат тұр.
Тағы бір айтатын мәселе, мемлекеттік сатып алуда, тендерде қосалқы мердігерлерге берілетін жұмыстың көлемін 25 пайыздан асырмау керек. Бұл құрылыс компанияларының арасында бәсекелестікті қалыптастырады. Өйткені тендерді ұтқан компания ары қарай жұмысты қосалқы мердігерге бере салып, өзі пайыздарын алады, келіседі. Бұл көп жағдайда құрылыстың бітпеуіне, сапасыз салуына, қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуына әкеп соғады. Сондықтан біз осындай тәсілге көшуіміз керек. Осындай жүйе орнатуға мүмкіндік беруіміз керек.
– Әкімшілік-құрылымдық өзгерістер нысанасына биыл министрліктер ілінді. Қайта құрулардың ішінде қалпына келген Көлік министрлігі бар. Еліміздің транзиттік әлеуеті үшін бұл ведомство керек-ақ. Жаңа министрліктің алдына бірінші кезекте қандай міндеттер қойылуы керек деп санайсыз?
– Көлік министрлігінің құрылғаны біздің елдегі қордаланған мәселелерден туындап отыр. Жол жөндеуге, оларға реконструкция жасауға жылдар бойы көптеген қаражат бөлініп келді. Бірақ осы ақшаның мақсатына сай жұмсалуын, жұмыстың сапасын бақылайтын тиісті министрлік болса да, шынын айту керек, оған назар аударылған жоқ. Мысалы: Өскемен – Аягөз – Талдыкорған, Қалбатау – Майқапшағай жолдарының салынып жатқанына бес жыл болды. Әлі аяқталған жоқ. Халық бұл мәселені күнде көтеріп жатыр.
Енді, міне, Көлік министрлігі осы жұмыстарды нақты атқармақ. Автожолдар бар, одан бөлек жағдайы сын көтермейтін теміржол саласы бар. Мен өзім теміржолмен көп жүремін. Әсіресе, өңірлерді аралағанда, болмаса, сайлау округіме барғанда. Сонда бәріміз де байқап жүрген болармыз, ескі вагондар көп, санитарлық талаптарға сай келмейді, жазда кондиционер істемейді, қыста суық. Содан кейін вагондардың жетіспеушілігі бар. Жалпы біздегі жолаушылар паркінің 55-60%-дан астамы ескірген. Жолаушылар вагондарын жаңарту қазір өте маңызды. Қазақстанның жер көлемі үлкен болған соң халқымыздың басым көпшілігі теміржол көлігін пайдаланады. Өйткені автобустар көп емес, онымен ұзақ жол жүру жайсыз, ал әуе билеттері қымбат. Бұл да назар аударуды қажет ететін бір проблема. Сондықтан да «Қазақстан теміржолын» жан-жақты тексеріп, оған реформа жасап, мәселені шешу керек. Бұл саланы дұрыстап дамыту керек. Мұнда жолаушылар тасымалы ғана емес, жүк тасымалы да бар. Вагон жетіспеушілігінен қаншама кәсіпкерлеріміз зардап шегіп отыр. Олардан түсіп жатқан шағым көп. Тауарын экспортқа уақытында шығара алмай қиналып отыр. Ішкі тасымалдағы да жағдай да осындай. Автомобиль тасымалына да мәселе көп. Міне, осындай проблемалар қордаланғандықтан да Көлік министрлігін құру туралы шешім қабылданды деп ойлаймын. Бұл өте дұрыс шешім. Енді бейінді ведомство тек өзіне қарасты мәселелермен тікелей айналысатын болады деп білемін. Бұл тұста саланы жайлаған жемқорлық проблемасы бар. Әсіресе, автожолдар құрылысында, теміржолда бұл терең тамыр жайып кеткен. Авиасалада да жағдай оңып тұрған жоқ. Билеттердің бағасы өсіп жатыр, бәсекелестік жоқ. Бұл тұрғыда ұсынысым бар: еліміздегі әуе тасымалы саласын реттеу керек, бәсекелестік болу қажет, шетелдік авиакомпанияларды кіргізу керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ