Медеу ауданының №2 сотында Ұлттық экономика экс-вице-министрі Ілияс Өсеровке (Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары), Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Талғат Мұхановқа және Алматы қаласы Қаржы басқармасының экс-басшысы Айнұр Құдайбергеноваға қатысты сот процесі аяқталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сотта анықталғанындай, ҰҚКД орынбасары алдау жолымен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ө. және Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қ. арқылы сот үкімі бойынша тәркіленген 5 мүлік нысанын көрінеу төмендетілген бағамен иеленген», – деп мәлім етті қалалық сот.
Айыпталушылар өз кінәларын мойындамады. Соттан өздерін ақтауды сұрады.⠀
Олардың кінәсі іс бойынша жиналған айғақтар, куәгерлердің жауаптары, сот сараптамаларының және аудиторлық қорытынды арқылы дәлелденді.
Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, келесідей жаза тағайындады:
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Талғат Мұхановқа – мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі атағынан өмір бойына айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру;
Ұлттық экономика экс-вице-министрі Ілияс Өсеровке – мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру;
Алматы қаласы Қаржы басқармасының бұрынғы басшысы Айнұр Құдайбергеноваға – мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру.
«Жаза тағайындау кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларды – сотталушыларда соттылықтың жоқтығын, кәмелетке толмаған және кішкентай балаларының болуын, сондай-ақ бір сотталушы М.-нің (Т.Мұқановтің) залалды өтеуін ескерді», – деп атап өтті қалалық соттан.
Сотталғандар жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.