Қазақстанда лудомания науқастары жоқ, себебі бұл ауру ресми тіркелмеген

Букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеу де мүмкін емес

Төлем ұйымдары қауымдастығының өкілі Ирина Давыденконың айтуынша, шын мәнінде елімізде лудоманияға шалдыққандардың нақты статистикасы жоқ. Бүгінге дейін айтылып жүрген цифрлар ол тек әлеуметтік зерттеулерден алынған индикаторлар ғана. Бұл туралы осы мәселе бойынша Мәжілістегі талқылаудан кейін өткен баспасөз мәслихатында айтты.

"Қазақстанда мұндай ауру жоқ. Яғни, ресми түрде тіркелмеген. Сондықтан оны ресми түрде аурулар тізіміне кіргізіп, оның стандарттарын, классификациясын жасауды ұсынып отырмыз. Әзірге тек психологтар мен психиатрлардан ғана сұрастырып, мәлімет жинауға болады. Бірақ нақты статистиканы анықтайтындай сауалнама жүргізетін не батыстық, не отандық әдістемелік құрал жоқ", – дейді ол.

Сондықтан әзірге амал ретінде биометрияны енгізуді қарастырмақшы. Сол арқылы өз-өзіне шектеу қойғандар мен балаларды бәс тігу ойындарына үйір болып кетуден сақтауды ойластырып отыр. Бірақ әзірге ондай мүмкіндік банктерде ғана бар.

Ол сөзіне дәлел ретінде биыл Qalam қорының жастар арасында жүргізген зерттеуін келтіреді. Онда жастардың 70%-дан астамы стресстен, ұйқысыздықтан және апатиядан зардап шегетіні айтылған. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен бірнеше есе көп.

Бір қызығы, сол респонденттердің арасында 88,2%-ы ешқашан казино ойнамағанын, 83,8%-ы ешқашан букмекерлік кеңселерде бәс тікпегенін және 81,6%-ы лотерея билеттерін сатып алмағанын айтқан.

Сауалнамаға қатысушылар арасында үнемі лотерея ойнайтын немесе лото клубтарына баратындардың үлесі 3,8% болса, 3,9%-ы спортқа бәс тігеді, ал 3,2%-ы онлайн-казино, рулетка немесе покер ойнайды.

Сол зерттеуге сәйкес, қазақстандық жастардың шамамен 5%-ы түрлі онлайн және офлайн құмар ойындарға ынтызар, ал шамамен 1/5-і компьютерлік ойындарға патологиялық құмарлығын атап өткен.

Бұл деректерге әлемдік көрсеткіштен айтарлықтай айырмашылықтар жоқ екенін білдіреді. Тіпті Ұлыбританияның көрсеткіштерінен аз. Оларда 11 мен 16 жас аралығындағы жасөспірімдердің 15%-ы құмар ойындардың соңына түскен.

Дәл осындай тағы бір зерттеуді де айта кетуге болады. Damu Research Group 2019 жылдың маусым айында зерттеу жариялаған. Сонда халықтың 67%-ы құмар ойындардың пайда әкелетіне сенбесе, 33%-ы құмар ойындардың арасында халыққа және жалпы қоғамға пайда әкелетіндер бар екеніне сенімді.

Оған қоса, сауалнамаға қатысқандардың барлығы дерлік халықтың құмар ойындарға деген тәуелділігі аса қатты алаңдатарлық мәселелер ішінде соңғы орында тұр деп санайды. Есесіне, ең өзекті мәселелерді былай тізген:

  • балалардың болашағы үшін алаңдаушылық;
  • медицина сапасы;
  • экологиялық проблемалар;
  • білім деңгейі;
  • бағаның өсуі.

Сондықтан зерттеушілер «мәселені адамдардың құмар ойынға түсуінен емес, олардың қоршаған айналасынан іздеген жөн шығар» деген күмәнға қалады.

Тіпті, «АХАТ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесінің мәліметтері бойынша құмар ойыннан өзін-өзі шектеген 1914 адамның 1131-і неке қиған. Солардың арасынан 200-і ғана ажырасқан.

Екінші жағынан, букмекерлік кеңселердің жарнамасын да шектеу үлкен мәселеге айналған. Жарнама саласының сарапшысы Анна Тютькованың айтуынша, радиостанциялар мен телеарналарға тікелей жарнама жасау көлемін 10%-ға дейін қысқарту жөнінде ұсыныс бар. Бірақ ол бәріне тең үлеспен бөлінбеген. Мәселен, біреулері 8%-ға дейін ғана болса, басқаларында 50%-ға дейін барады. Демек олар табыстан қағылады. Егер шектеуді күшейте берсе, ол тоқтап қалады немесе жойылып кетеді деген сөз емес. Есесіне, ол жарнама заң құрығына ілінбейтін көлеңкелі аймаққа, яғни интернетке кетеді. Яғни, ойнаушыларды одан бәрібір құтқара алмаймыз және осы шектеу кесірінен ақпарат құралдары табыстан қағылады. Сайып келгенде оларға ақылға қонымды дәрежеде жарнама жасауға рұқсат беру керек деген тоқтамға келеміз.

Мамандардың сөзінше, букмекерлерді шектеп тастаудың тағы бір кері әсері бар. Олар үлкен жарыстарда жүлде қорының 70%-көтереді. Яғни, демеушілік қоры өте қомақты.

Әйтсе де Қазақстан букмекерлер қауымдастығы ойынқұмарларды емдеу үшін арнайы орталықтарға атсалысуға дайын екенін мәлімдейді. Қауымдастық өкілі Динара Қожағұлованың айтуынша, олар онсыз да емдеумен айналысатын орталықтармен ынтымақтасуды, жобаларды бірге әзірлеуді, осы проблемамен күресу үшін маман шақыруды ұсынып отыр.

Фото: stylishbag.ru