Келіншек бірге тұрған 19 жастағы жігітіне ұлын тапсырып, жұмысқа кеткен. Бірақ жас жігіт мазасызданған баланың қылығын көтере алмай, оны өлімші етіп сабап тастаған. Қарнынан ауыр соққы жасаған. Сосын ештеңе болмағандай баланы балабақшаға апарып тастапты. Бет-аузы көгеріп-бозарып кеткен баланың жағдайы бөбекжайда күрт нашарлапты. Ішкен-жегенін құсып, мазасы кеткен соң, тәрбиеші бірден анасына хабар берген екен.
"Тәрбиеші қабылдап алған. Әкесінен "бетіне не болған" деп сұраған. Өзі солай көгеріп тұр деген. Бала әлсіз, ауырып тұр десе, жата тұрсын деп айтқан. Тәрбиеші апарып жатқызған. Бір сағат өтпей, бала құса бастаған. Мамасына хабарластық. Мамасы келді. 15 минуттай такси шақырып отырды. Сол кезде алып кетті", – дейді жекеменшік балабақшаның меңгерушісі Әйгерім Уәлиханова.
Соққыдан ішкі ағзасы қаңсырап кеткен бала бірнеше күн ес-түссіз жатып, ақыры жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Марқұмның анасы Алматы құрылыс техникалық колледжінде мұғалім екен. Оқу орнының басшылығы 25 жастағы педагогтың оғаш қылығын байқамадық, ал ұстазымен көңіл жарастырған студент бізде оқымайды деп сендірді.
"Ешқандай студентіміздің тіркеуде тұрғаны немесе іс жүргізіп жатқаны туралы ақпарат жоқ. Ол мүмкін емес. Біз студенттердің барлығын бақылауда ұстаймыз. Мүмкін басқа колледждің студенті ме екен. Бірінші қыркүйектен бастап ол кісі арнайы пәндердің оқытушысы ретінде жұмысқа орналасты. Ол кісінің жеке басының проблемаларын мен айта алмаймын. Бірақ ұстаз ретінде студенттердің аз уақытта жүрегінен орын алды деп айта аламын”, – деді Алматы құрылыс техникалық колледж директорының орынбасары Ақбота Нұржанқызы.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда өгей әкесі 4 жасар баланы ұрып өлтіргені туралы хабарланған болатын.