Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне барды.
Астана қаласындағы Халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан іс-шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алайда, еліміз аталған көрмеге 2019 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. «ИННОПРОМ» көрмесінің негізгі мақсаттары – өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, инвестиция тарту, сауда ынтымақтастығын кеңейту және тәжірибе алмасу. Биылғы іс-шара жаңа кезеңдегі өнеркәсіптік стратегия тақырыбына арналған. Оған ЕАЭО елдерінен 300-ден астам кәсіпорын мен компания қатысып жатыр.
Мәулен Әшімбаев көрмеде металлургия, машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, сондай-ақ, фармацевтика салаларында өндірілген тауарлармен танысты.
Біздің еліміз өнеркәсіп саласында ЕАЭО-дағы серіктестерімен бірге 38 бірлескен жобаны іске асырды. Тыңғылықты өңдеу, барынша локализация, жаңа өнімдер өндіру және экспорттық әлеует кооперацияның басты басымдықтары екенін атап өткен жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің өнеркәсіптік үлгісін қалыптастыру және Жолдауда айтылған жоғары қайта бөлу кластерлерін құру жөніндегі тапсырмалары аясында мұндай тәсілдің маңызы артып отыр.
Анықтама: «ИННОПРОМ» – халықаралық өнеркәсіптік көрмесі 2010 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Форум делегация басшыларының қатысуымен бірнеше блоктардан тұрады. Олар: өнеркәсіпті цифрландыру, машина жасаудағы кооперация, ірі қалаларға арналған технологиялар, энергетикаға арналған технологиялар және халықаралық ынтымақтастық тақырыптары бойынша мамандандырылған сессиялар. Былтыр Қазақстан көрменің серіктес елі болды.