Кітапқа 23 жыл жиналған деректер енді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы­ның 165 жылдығына орай дөңгелек үстел өтіп, онда «Мәшһүр Жүсіптің тыл­сым әлемі» атты кітаптың таныс­тырылымы өтті.

Жиынды ұйымдастырған – Altyn Qyran Foundation қоғамдық   қоры, Ұлттық академиялық кітапхана мен Мәшһүр Жүсіп қоры. Таныстырылымды белгілі қаламгер, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жүргізді. Жиынға Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпақтары, Парламент Сенаты  және Мәжіліс депутаттары – Алтынбек Нұхұлы, Нұртөре Жүсіп, Ғари­фолла Есім, Дархан Мыңбай, Қайрат Әбу­сейітов, Дихан Хамзабекұлы секілді мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәшһүртанушылар, БАҚ басшылары қатысты. Жиында Мәшһүр Жүсіптің ел тарихындағы орны, мұраларын халық арасында дәріптеу мен зерттеулер жүргізу мәселелері талқылан­ды. Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Абай Шара­пиев жиындағы тұлғаның ұрпақтарын таныстырды.  Бұған қоса, ұлы бабамыздың бұрын-соңды жария­ланбаған материалдарды ұсынуды мұрат еткенін жеткізді. 

– Кітапқа тексерілген дәл ақпараттар кірді. Себебі кейінгі жылдары Мәшһүр атамыз туралы ойдан шығарылған әңгімелер де жоқ емес. Сондықтан мәшһүртануда дәл және айқын, шынайы деректер айтылуға тиіс. Қазір Мәшһүр атамның халық ауыз әдебиетінен жи­наған мұралары насихатталып, шығарма­лары жан-жағынан зерттеліп жатыр. Бірақ атамыздың әулиелігі, батагөйлігі, емшілік қасиеттері танымал болған жоқ. 2020 жылдан бастап атамды нақты көрген, батасын алған Жұқаш Кәрібайұлы ақсақалдың үйіне барып, атам туралы әңгімелерді сол кісінің өз аузынан жазып алып жүрдім, – деді Абай Шарапиев.

Жиынға қатысушылар әулиенің тойы бір ғана Павлодар облысы аумағында ғана емес, бүкіл республика аумағында аталып өтуі керектігін ұсынды. Елордадағы Мәшһүр Жүсіп атындағы көшені ұзарту мәселесі де сөз етілді. 

– Біртуар тұлға, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің есімі әр қазақ үшін қастерлі. Осыған орай «Алтын қыран» қоғамдық қоры Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөбересі Абай Шарапиев ағамыздың кітабын басып шығару­ға қолдау көрсетті. Бұл еңбек мәшһүртануға үлес қосып, оқырмандардың ықыласына ие болады деген үміттеміз.  Ұлы бабамыздың бай рухани және ғылыми мұрасы ел ішінде кеңі­нен таралып, қоғамдық-саяси және ғылыми қызметі тереңірек зерттелуі қажет. Сондықтан да бұл мәшһүртанудағы жаңа міндет, жаңа кезең болуы тиіс, – деді Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының төрағасы Исламбек Салжанов.

Исламбек Салжанов аталмыш кітаптағы тұлғаның еңбектеріне де қоса тоқталды.

– Мәшһүр Жүсіп 1907 жылы «Сарыар­қаның кімдікі екендігі» деген кітап шығарған. Ол шығармада Патша үкіметінің қазақ жерін отарлауы туралы жазылған. Бұл кітапта Ресейден көшіп келіп жатқан адамдардың көптігі, мал жаятын жерлердің тарылуы, ха­лық тұрмысының төмендеуі туралы баяндала­ды. Мәшһүр Жүсіп өз заманында қоғамдық-саяси істерге араласып, елінің егемендігі жолында қызмет еткен, – деді Исламбек Сал­жанов.

Жиын барысында «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабы Ұлттық академиялық кітапханасының ұжымына табысталды.

Жанель ҚҰТТЫБАЙ