Әлбетте, байрақты бәсекеде ел намысы үшін сынға түсіп жатқан спортшыларымыздың барлық жағдайы жасалғаны дұрыс. Күні кеше сондағы маунтинбайктен Қазақстан құрамасының спортшысы Алина Сарқұлова спорт киімдерінің сын көтермейтінін, аяқкиім мен жейденің жыртыла беретінін айтып, видео жариялаған болатын. Осыған қатысты біз де ақпарат іздеп көрдік.
Киетін киімнің сапасына шағымданып, бейнеүндеу жариялаған спортшы Алина Сарқұлованың айтуынша, спортшыларға берілген киім формалары бір реттік қана киілетін киім секілді.
«Бізге берілген форма туралы не айта аламын? Кроссовкамыз жарамсыз. Мен кроссовкаммен екі рет қана жүрдім. Екінші рет кигенде табаны ажырап кетті. Жейдемді қараңыздаршы, жіптері сөгітіліп жатыр. Шалбарымыз да дәл сондай. Жіптері сетінеп, жыртылып кетті. Спорттық формамыз бір киюге ғана жарайды. Біздегі жағдай осындай», – дейді Сарқұлова бейнежазбада.
Алина Сарқұлованың шағымына Азия ойындарының спортшыларына арнап киім тіккен «КазСпо-N компаниясы «Zibroo» ЖШС басшысы Елена Свечникова компанияның әлеуметтік парақшасында жауап берді. «Зибро компаниясы крассовкалар мен бейсболкаларды өндірмейді. Видеодағы айтқан крассовкадағы жағдай біздің өнімімізге кірмейді. Ал поло жейделеріндегі жыртыққа келетін болсақ, ол 100 пайыз түрік матасынан жасалған. Видеода байқағанымыздай, жыртық шынтаққа жете бере жерде жейденің қол жеңінің жиегінде болғаны көрініп тұр. Яғни, бұл жең сыртқы қандай да бір әсерлерден болмаса жыртылуы мүмкін емес. Ал шалбарына келетін болсақ, видеода оның сапасыздығына дәлел келтірмеген. Мен сонда да түсініктеме бере кетейін, бұл шалбардың матасы ресейлік компанияның өнімі. Сапасы жақсы», – деп мәлімдеді ол.
Спорттық формаға 110 208 000 теңге жұмсалған ба?
Ал «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов әлеуметтік парақшасында спорт комитетін сынға алып, бұрынғы Мәдениет және спорт министрлігі Азия ойындарына қатысатын спортшылардың киімі үшін бюджеттен 110 208 000 теңге жұмсағанын жеткізді.
«Спорт комитеті Азия ойындарына қатысу үшін формаға (аяқ киімсіз) 110 208 000 теңге жұмсады. 600 жинақ үшін. Келісімшарт, әрине, бір ғана тараппен, ешқандай конкурссыз жасалған. Небәрі 2 жылдың ішінде Спортты дамыту дирекциясы формаға 1 164 683 520 теңге жұмсаған және барлық келісімшарттар бір көзден жасалған», – делінген жазбада.
Ал кеше Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы ұлттық құрама спортшыларының киіміне байланысты мәлімдеме жасады.
«Қолданыстағы заңнама бойынша спорттық киім-кешек тізілімге кіретін және индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық тауар өндірушілерден сатып алынуы тиіс. Спорттық форма осы сертификаты бар өндірушілерден сатып алынды. Айта кету керек, индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық өндірушілер саны аз. «КазСпо-N компаниясы «Zibroo» ЖШС, ЖК 79-шы КВАРТАЛ және «ТОРИ КОМПАНИ» ЖШС-мен шарт жасалды.
Жеткізу толық көлемде жүзеге асырылды. Мысалы, Zibroo компаниясы біздің спортшылардың Олимпиада және Азия ойындарына қатысуы үшін жабдықтарды тігіп, өзін адал жеткізуші ретінде көрсетті. Спорттық жабдықтардың дизайны бірнеше рет әлемдік аренадағы ең жақсылардың бірі ретінде атап өтілді. Сондай-ақ, жеткізуші компаниялар қажет болған жағдайда форманы ауыстырып беруге дайын. Бұған дейін дизайн мен сапасы федерация өкілдерімен келісілген болатын және спортшылар тарапынан шағым түскен жоқ», – делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірге дирекция Азия ойындарында осындай жауапты сайыстар кезінде спортшылардың эмоцияларына түсіністікпен қарайтынын, қазір спортшыларға қажетті жағдай жасау үшін барлық бағытта жұмыс істеліп жатқанын атап өтті.
Бәсекелестік керек
Сонымен қатар осы мәселе бойынша Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева да түсініктеме беріп, Азия ойындарынан кейін арнайы комиссия құрылып, спортшылардың түрлі жарыстарда өнер көрсетуі үшін спорттық форма дайындау мәселелерін зерттейтінін жеткізді.
Жалпы осы уақытқа дейін ZIBROO спорттық киімінің қазақстандық өндірушісі біршама олимпиадалардағы спортшыларымыздың киімін тігіп келген еді. Мәселен, былтыр Бейжіңде өткен қысқы ойындардағы киімді де аталған компания мойынына алған болатын. Сол кезде Халықаралық Олимпиада комитеті Бейжіңдегі қысқы ойындардағы ұлттық құраманың үздік сәнді киім үлгісі тізімін жариялап, үздіктердің қатарына қазақстандық спортшылардың киім үлгісі кіргендігін хабарлаған еді. Ол кезде ZIBROO спорттық киімінің қазақстандық өндірушісі ресейлік дизайнер Дмитрий Шишкинмен Бейжің 2022 үшін ынтымақтасқан болатын. Сондай-ақ ХОК өз шолуында Forbes журналына сілтеме жасап, қазақстандық спортшылардың киімін «ең жақсы сән дипломатиясы» деп атады. Бұған дейін америкалық басылым Қазақстанның Олимпиадалық формасын да Бейжіңдегі ойындарда ең стильді киімдер рейтингіне қосқан болатын. Қазақстанмен қатар Халықаралық Олимпиада комитеті мен Forbes АҚШ, Канада, Ресей, Қытай, Швеция және Германия спортшыларының образдарын ерекше атап өтті. Сонымен қатар сол қысқы Олимпиадада қазақстандық ту ұстаушылардың костюмі спорт шарасының тарихындағы ең үздік киім үлгісі деп танылған еді. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков мәлімдеген болатын. Онда еліміздің туын коньки тебуші Екатерина Айдова мен шорт-трекші Абзал Әжіғалиев ұстаған еді. Олар Сақ патшайымы Тұмар мен қазақ батырының бейнесіндегі тарихи үлгідегі киім киіп шыққан болатын. Сонымен қатар Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарында да қазақстандық спортшылардың киімі үздік сән үлгісі деп танылған.
Осы ретте біз осындай спорттық киімдер тігіп, елімізде танымал спорттық іс-шараларға демеушілік етіп жүрген Champion.Kaz компаниясының басшысы Ернар Үсенбаевтың пікірін білген едік. Оның айтуынша, спортшыларымыздың формасын тігуде елімізде бәсекелестікті арттыру керек.
«ZIBROO спорттық киімінің қазақстандық өндірушілері еліміздегі спортшыларға олимпиададағы киімдерін 20 жылдан аса уақыттан бері дайындап келе жатыр. Оларға бәсекелес компаниялар жоқ дегенге сенбеймін. Бар. Бірақ келісімшарт нәтижесінен осы компанияны ғана көріп келеміз. Жалпы спортшыларымыздың үстіне кигендері шет елде сынға қалмас үшін, сапасы жақсы болуы үшін аталған салада біраз өзгерістер қажет етіп тұр. Біздің отандық спорттық киім брэнді де аталған конкурстарға қатысқан болатын. Бірақ өкінішке қарай, біз өте алмадық. Егер бізге осындай мүмкіндік келсе, ешқандай пайданы ғана ойламай, еліміздің намысы үшін барлық мүмкіндігімізді пайдаланатын едік», – дейді ол.
Бүгінде Қытайға Азияның 45 елінен 15 мыңнан астам спортшы бақ сынасып, олар спорттың 40 түрінен 481 медаль жиынтығын сарапқа салуда. Ал еліміздің атынан спорттың 30 түрінен 525 спортшы қатысып жатыр. Алдағы уақытта спортшыларымыз сапасыз киіммен өздерін жайсыз сезінбес үшін осы мәселеге қатысты құрылған комиссия тиісті шешім шығарады деп үміттенеміз.
Наурызбек САРША