«Асар» оңалту кешені ашылды

Жетісу облысында тағы бір мү­ге­дектердің жағдайын жақ­сар­туға бағытталған спорттық-оңал­ту орталығы ашылды.

Бұл орта­лықта негізінен омырт­қаның түрлі жарақаттарынан, инсульттан, ба­ла­лардың цереб­ральді салды­ғы, І-ІІІ топтағы мүгедектіктен кейін оңалту жүр­гі­зіледі. 

Мемлекеттік тапсырыс арқылы об­лыстық бюджеттен халықтың жоға­рыда аталған топтарындағыларға осы орталықта тегін негізде оңалту қызмет­терін көрсету үшін 80 млн теңге бөлін­ді. Жылына 400-ге дейін адам қабыл­дай­ды. Талдықорған қаласында орна­лас­қан бұл орталықта адамның қайта­дан аяғынан тік тұруына көмек­тесетін әлемнің түрлі елдерінен әкелін­ген заманауи жабдықтар орнатылған. 

Дәл қазіргі кезде мүгедектер үшін аса маңызды болып саналатын  әлеу­меттік нысанның ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, орта­лық­тың басшысы әрі негізін қалаушы, облыстық мәслихаттың депутаты Ел­дос Баялышбаевқа алғысын білдірді:

– Бүгін біз Талдықорған қаласында «Асар» оңалту кешенінің ашылуына арнайы келдік. Жаңа  оңалту орталығы ерекше қажеттіліктері бар жандарға талапқа сай сапалы қызмет көрсетеді деп ойлаймын. Баршаға кедергісіз, қолжетімді орта құру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты және бүкіл қоғамның міндеті. Биыл 162 әлеуметтік нысанды бейімдеуге 472,6 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін толық аяқтай­мыз және алдағы кезде де  жалғас­тыратын боламыз.  Өздеріңіз жақсы білетіндей, осы жазда  Алакөл ауданы­ның Ақши ауылында, шипалы көлдің жағасында күрделі жөндеуден өткен аудандық резиденция базасында жазғы демалыс үшін балаларды оңалту лагері ашылды. Осы жазда 140 бала демалды. Балқаш көлінің жағасында да осындай орталық тұрғызу жоспарда бар. Мұнда қабылдайтын адам саны Алакөлдегі лагерьден көбірек болады. Алдымен жолды аяқтап, содан кейін инженерлік инфрақұрылым салуымыз қажет. 

Ал бүгінде Талдықорғанда оңалту қызметтері 300 адамға көрсетіліп отырса, соның 54-і – бала. Осыған байланысты Жетісу жұртшылығының атынан оңалту орталығының басшысы Елдос Баялышбаевқа алғысымды білдіремін. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Газ тартып береміз, шамамен 1,5 ай ішінде жұмысты аяқтаймыз. Осындай орта­лық­тар ерекше күтімге мұқтаж азамат­тардың әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне, сондай-ақ көрсетілетін оңалту қызметтерінің сапасын арт­тыру­ға ықпал ететініне сенімдімін, – деп атап өтті өңір басшысы, сондай-ақ осы жылы Талдықорғанда «Қамқор­лық» қорымен бірлесіп аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар бала­ларға арналған орталық ашылғанын, қазір оның базасында 18 жастан асқан азаматтар үшін де жағдай жасау жос­парланып отырғанына тоқталды. 

Бұдан соң облыс басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрінің құттықтау жеделхатын оқып берді. Онда Е. Баялышбаевтың әлеу­меттік қорғау ісіне қосқан үлесі аталып өтіліп, орталық басшысы мен ұжымы­ның атына тілектер айтылыпты.

Талдықорған қаласындағы тірек-қимыл жүйесі зақымданған мүгедек­тердің «Ер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Роза Ақжаркенова де өз тілегін біл­дірді: – Елдос, сенің біздің қаламызда болғаныңа мен ризамын. Бәрі неден, қалай басталғанын білеміз және осын­дай жағдайға жетіп отырғаның – өзіңнің қажырлы еңбегіңнің нәтижесі. Көбісі орталыққа арбамен кіріп, оңалтудан кейін балдақпен шығады. Елдосқа қолдау көрсетіп, жобаны жүзеге асыруға көмектескендердің барлы­ғына шын жүректен алғыс білді­ре­мін, өйткені бұл жай ғана пайдалы іс қана емес, нағыз ізгі іс. Ден­деріңіз сау болсын, өмірді бағалаңыздар және бір-біріңізге қамқор болыңыздар, – деді Роза Ақжаркенова.  

– Екі жарым жылдан астам уақыт бойы біз «Асар» орталығында ем алып жүрміз. Орталық бастапқыда жартылай жертөледе болды, қазір жарық, жақсы ғимаратқа көшіп отыр. Күйеуімді арбамен алып келгенбіз, қазір ол баяу жүре бастады. Қызметкерлерге қам­қор­лықтары үшін көп рахмет. Енді жаңа орталықта физиокабинетке, процедура­лық кабинетке барамыз. Кабинеттері өте жақсы жабдықталған. Елдосқа, оның отбасына, туыстары мен жақын­дарына денсаулық тілеймін, – деген  қосағы орталықта оңалтудан өтіп жатқан Қадира Сағадиева да лебізін білдіріп қалуға асықты. 

Орталықтың директоры Елдос Баялышбаевтың өзі де сөз сөйледі, ол жобаны іске асыру және оңалту орта­лығын салу кезінде көмек көрсеткен­дердің барлығына алғысын білдіре келе, орталықтың құрылу тарихына қысқаша тоқталды:

– 2015 жылдан бастап осы жобаны іске асыра бастадым, үш жыл қата­рынан «Сәби» қорының «Өз бизнесіңді құр» конкурсына қатыстым. Үшінші жыл дегенде жеңіске жеттім. Сонымен қатар әр жылдары Жапония елші­лігінің жабдық сатып алуға берілетін «Шөп тамырлары» грантын екі рет жеңіп алдым. Айтпақшы, халықаралық грант­ты бір адамның екі рет ұтуы әлемдегі екінші жағдай екен. Бұл заманауи жетілдірілген жабдықты сатып алуға үлкен қолдау болды. «Даму» қорының жеңілдік шарттары бар кредиттік қара­жатын да пайда­лан­дым. Әкімдік маған құрылыс салатын жер телімін берді. Жал­пы көп уақыт кетті, көп жұмыс жасалды. Соның бәрі нәтижесін берді. Бүгін Орталық ресми түрде ашылып отыр. Біз хабарласқан­дардың барлы­ғына көмектесуге тыры­са­мыз. Осы мүм­кіндікті пайдалана оты­рып, өз ұжы­мыма алғысымды білдіремін. Бастап­қыда бізде 4-5 адам ғана жұмыс істеген, қазір олардың саны 30-ға жуықтады. Сіздер болма­саңыздар, осындай жетіс­тікке жетпес едім, – деген Елдос бір­қатар азамат­тарға «Алғыс хат» тап­сырды.

 «Асар» спорттық-оңалту орталығы ғимаратының жалпы ауданы 700 шар­шы метр. Физиотерапия, кинезо­терапия, массаж, емдеу, психолог және логопед кабинеттері жабдықталған. Буфет бар, кедергісіз орта қалыптас­тыру үшін барлық жағдай жасалған. Жобаның жалпы құны – 120 млн теңге. Мемлекеттік әлеуметтік тапсы­рыс­тың арқасында орталықта қызмет­тер тегін көрсетіледі, мұнда оңалтудан өту үшін дәрігердің тағайындауы қажет. 

Спорттық-оңалту орталығының жоғары технологиялық жабдықтары ерекше. Мысалы, испандық экзоскелет адамға қайтадан жүруді үйренуге кө­мек­теседі. «Бұл салмағы небәрі 17 кг бо­латын модель, ресейлік өндіріс моделінің салмағы 46 кг. Қазақстанда мұндай модель жоқ, бұл модель қозға­лыс датчиктерінің функциясына ие. Тренажердің құны шамамен 107 млн теңге», – деп түсіндірді орталық дирек­торы. Заманауи емдеу жабдықтарының тағы бірі – «Луна» көпфункционалды роботтанған оңалту жүйесі. Бұл ерекше тренажер неврологиялық және орто­педиялық патологиясы бар, бастан өткерген жарақаттары мен ауруларына байланысты қозғалыс бұзылыстары бар науқастарды емдейді. «Асар» орта­лығын­да АҚШ, Жапония, Германия, Италия, Ұлыбритания, Испания, Польшадан әкелінген ересектер мен балаларды оңалтуға арналған 30-дан астам тренажерлер мен арнайы жаб­дық­тар бар.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы