4 ауысымда жұмыс істейтін заманауи ғимарат балалар шығармашылығын дамытуға жол ашады. Ол балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған.
Заманауи жабдық таланттылардың шабытын шыңдайды
Хансұлтан Ерлан – Шымкенттегі жаңадан ашылған №2 Оқушылар сарайын жаңа аттаған жасөспірім. Талапты да талантты ұл. Жеткіншек негізгі сабақтарынан бөлек фортепиано, барабан секілді үйірмелерді де үйіріп әкетті. Оқушылар сарайының ашылғанына небәрі екі ай, ал Хансұлтан фортепианоның пернелерін еркін басады. Ұрмалы барабанды дабыратқанда бір орында тыныш, бейжай отыра алмайсыз. Делебеңіз қозып, әдемі музыканың әуенімен билей жөнелесіз.
Шымкент қаласы білім басқармасының №2 Оқушылар сарайында Хансұлтан сияқты дарынды балалар көптеп табылады. Оған өзіміз осы мейірім мен жылулық мекеніне қадам басқанда көз жеткіздік.
…Ақбоз арғымақтай аппақ ғимарат алыстан менмұндалап көз тартты. Заманауи мекеменің ауласына кіргеннен айрықша жылы атмосфера сезілді. Кіреберістен жылы жүзді қызметкерлер күлімдеп қарсы алып, үйірмелер жайлы, оларға қалай тіркелу керектігін, ол үшін міндетті түрде 075 медициналық форманың болу қажеттігін айтып түсіндіріп жатыр. Ал мекеменің директоры Данияр Егізбаев бізді үйірмелерге бастап әкетті.
– Бізде үйірмелер 6 бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, спорт және сауықтыру, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және жастар қозғалысы, өнер және музыкалық, көркем-эстетикалық бағытта 54 түрлі үйірме жұмыс істеп жатыр. Үйірмелердің ішінде әсіресе, бассейн, футбол, журналистика, ағылшын үйірмелеріне сұраныс мол. Қазірде 5000-ға жуық бала тіркеліп, үйірмелерге қатысып жүр, – деді Данияр Дүйсенбайұлы жұмыс барысымен таныстырып.
Бірінші қабатта кіл шығармашылық үйірмелер орналасыпты. Әуелі көркем-эстетикалық бағыттағы үйірмелерге бет алдық. Мына бір кабинетте сүп-сүйкімді жеткіншектер майлы бояумен сурет салуға арналған кенепті шимайлап отыр. Біздің кіргенімізді байқаған да жоқ. Натюрморттың қызығына сүңгіп кеткен.
Одан кейінгі кабинетте – ағаш өңдеу үйірмесі. Үйірме жетекшісі Мұрат Желдібаевтың айтуынша, бұл үйірме он саусағынан өнері тамған баланы тәрбиелеу, шәкірттердің шеберлігін, білім мен еңбегін көрсету, іскерлік, икемділік қабілеттерін арттыру, тәрбиелік дағдысын қалыптастырып, еңбектену жұмысына төзімділігін арттыруды мақсат етіпті.
«Оқушылардың ойлау қабілеті мен жүйке жүйесінің жақсаруына Құмыра жасау үйірмесінің септігі мол. Өңделген кәсіби лай-балшық, қышпен неше түрлі формалар, құмыраларды қазақи нақыштағы ою-өрнекпен сәндеп жасаймыз. Лайдың неше түрі болады. Мысалы, Шымкенттің лайы қою қоңыр болады. Басқа елдер мен өңірлердің лайы ақшылдау келеді. Әсіресе, Қытайдың лайы өте ақшыл түсті. Бірінші саз-балшықты илеуге арналған арнайы құрылғыда күйдіріп алып, құмыра, түрлі ыдыс-аяқ жасаймыз. Сосын дайын бұйымды пеште кептіреміз. Кептірілгеннен кейін бояуын жағып, суреттер саламыз», – дейді үйірме жетекшісі Ақмарал Қосбармақова дайын шәйнекті қолына алып.
Құмыра жасау үйірмесі шығармашылықты шыңдауға таптырмас орын екені көрініп-ақ тұр.
Он саусағынан өнері тамғандар да осында
Ал қолына ине-жібін ұстап, тігіс тігіп отырған қыздар отырған кабинеттің қолөнер үйірмесі екенін жазбай тануға болады.
– Оқушыларымыз үйіндегі киілмейтін киім, кәдеге аспай жатқан ескі бұйымдарды әкеліп, төсеніш, әр алуан жаңа бұйымдар жасап шықты. Еркін тақырыпта болған соң, балалардың қиялына шектеу қоймадық. Одан соң мельхиордан зергерлік бұйым құрастыру арқылы әдемі бұйым, брошкалар, шашқа тағатын әшекей бұйымдары, кестелер, жастықтар, биссерден моншақтар, көйлектерге арналған гүлдер, фермуарды пайдаланып әдемі сөмкелер жасап шықты, – деп үйірме жетекшісі Салтанат Серікқызы оқушыларының аз уақытта жасаған кәдесый, бұйымдарын көрсетті.
– Мәселен, мына жылтыраған қып-қызыл сөмкені неше күнде істеді? – дедік қызығушылығымызды жасыра алмай.
– Үш күнде.
– Оныншы сыныптың оқушысы бар болғаны үш-ақ күнде осындай тамаша сөмке істесе, онда бұл үйірме өз мақсатын орындап қойыпты, – дедік әзіл-шыны аралас. Ұлттық салт-дәстүрге сүйене отырып, ұлттық қолөнер бұйымдарын әдемі үйлесімділікпен жасап жатқан қолөнер үйірмесіне бізді өзіне еріксіз тартып қызығушылығымызды арттырды.
Өнер және музыкалық бағыттағы үйірмелердің қатарында домбыра, хореография, фортепиано, жетіген, қылқобыз, вокал, драма-актер шеберлігі, скрипка, саксофон, флейта, баян (аккардеон), ұрмалы барабан, гитара бар. Хореография залында сымбаты мен сәні жарасқан ерке қыздар мың бұрала билеп жүр. Әр кабинеттен әр түрлі аспаптың үні естіледі. Бейне бір Оқушылар сарайының оркестрі дерсіз. Мегаполистегі бірегей нысанның бас режиссері Сайранбек Дүйсембаев заманауи жабдықтармен жарақталған дыбыс жазу студиясы шәкірттер үшін таптырмас мүмкіндік екенін айтады.
– «Драма-актер шеберлігі» үйірмесі таяуда ғана «Театрдың ғажайып әлемі» атты қалалық байқауға қатысып, қанжығамызды майлап келген жайы бар. «Дебют» оқушылар театры К.Сергиенконың «Еркін иттер мекені» драмасымен қатысып, жүлделі І орынды иеленді. Біздің оқушылардың сомдауымен бұл шығарма алғаш рет қазақ тілінде сахналанды. 15-ке жуық топтың ішінде №2 Оқушылар сарайының «Драма-актер шеберлігі» үйірмесінің шәкірті Назар Рамазан қазылар алқасының шешімімен «Үздік ері рөлі» номинациясымен марапатталды, – дейді үйірме жетекшісі Жеңіс Тілекенов.
Ғылыми-техникалық бағытта үйірменің көптеген түрі бар. Кипавтоматика, 3Д модельдеу, химия, физика, экология, биотехнология, роботехника, lego құрылысы, гидропоника және баланың дамуына арналған бұдан басқа да 40-тан астам үйірме жұмыс істейді екен.
– Заманауи құрылғымен жабдықталған зертханалар жас ғалымдардың тәжірибе жасауына зор мүмкіндік береді. Шымкент қаласында дәл осы ғылыми-техникалық бағыттағы үйірмелердің аналогы жоқ. Мәселен, биотехнология үйірмесіндегі VR көзілдірігі бар құрылғы қала бойынша бізде ғана бар. Дегенмен, бұл үйірмелерге сұраныс сәл аздау болып тұр. Сондықтан ғылымға қызығатын балаларды орталығымызға шақырамыз, – дейді Данияр Дүйсенбайұлы.
Мұнда сіз бен біз білмеген заманауи әдіс-тәсілмен оқушыларды ботаник, биолог, агроном болуға баулитын үйірме бар екен. Гидропоника. Аты да, заты да айрықша кабинет.
«Әсіресе, жеке секторда тұратын, қорасында малы бар отбасы үшін баланы осы үйірмеге жазған өте дұрыс деп ойлаймыз. Неге? Себебі гидропоникаға келіп жүрген әрбір бала өсімдікті жер аудармай, топырақсыз-ақ өсіріп шығаруға болатынын үйреніп, меңгереді. Айтпақшы, малыңыз болса, жем-шөп керек деп шапқыламасаңыз да болады. Үйірмеге қатысушы минералды қоректік заттарды суда ерітудің тәсілдерін біліп, жасанды жолмен шөп, гүл, қияр, болгар бұрышы, қызанақ, тағы да басқа қажетті өсімдіктерді өсірудің жолдарын үйрене алады», – деп ерекше үйірменің жұмыс барысын түсіндірді жетекшісі Кеңесбек Нұрсәт.
Айта кететін тағы бір нәрсе, мекеме директоры Данияр Егізбаев жуырда ғана Астана қаласындағы бірнеше Оқушылар сарайына арнайы іс сапармен барып, екіжақты серіктестікке қол қойып келіпті. Астана қаласы әкімдігінің «Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы» және Sana жаңа ұрпақ орталығымен екіжақты меморандум түзіп қайтыпты. Екіжақты серіктестік аясында қос тарап инновациялық жобаларды бірлесе жүргізуге, ғылыми-әдістемелік семинарлар, ғылыми-практикалық конференцияларда өзара ынтымақтастықта тәжірибе алмасуға уағдаласқан. Айта кетейік, Шымкенттегі «Қамқорлық» орталығындағы балалар енді оқушылар сарайындағы қызмет түрлерін тегін пайдалана алады. Демек, оқушылар үйі ғылыми бағыттан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандарға басымдық беріп отыр.
Бір байқағанымыз, Оқушылар сарайындағы барлық үйірмелер заманауи жабдықтармен жасақталған. Әр оқушының жан қалауы мен қызығушылығына қарай барлық мүмкіндіктер қарастырылыпты. Тек ниет ет те, кел, қалауыңдағы үйірмеңе қатыс, өс, біліміңді дамыт! Осы орталыққа қонақ болып келген белгілі журналист Бақтияр Тайжанның тілімен айтсақ, мұндай сарай түсімізге де кірмеген, барлық жағдай жасалып жатқан қазіргі оқушылар расында бақытты.
Көз алдымызда оқушылар бір үйірмеге келіп, екіншісінен шығып, тағы бірі үйіне, ендігісі мектебіндегі сабағына бет алып бара жатыр. Оқушыда да, ұстазда да қайнаған қызу жұмыс. Бір сәт мойын бұруға шамасы жоқ. Бұл сиқырлы сарайда болашақ чемпиондар мен жарық жұлдыздар тәрбиеленіп жатқанына еш шүбә келтірмедік. Таланттарға жол ашатын орталықтан лайым мықты түлектер түлей берсін!
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы