Алматыда анасының көңілдесінің соққысынан кейін қаза болды деген төрт жасар Хантөренің әкесі барлық мән-жайды өз аузымен айтып берді, - деп хабарлады ktk.kz.
Қайғыдан қан жұтқан әке, бұрынғы әйелі азаматтық некедегі күйеуіне шаң жуытпай, бауыр еті баласына қамқорлық көрсете алмады деп айыптауда. Бүлдіршін өгей адамнан үнемі таяқ жейтінін айтқан соң, Ақылбек полицияға да арыз жазыпты. Алайда тәртіп сақшылары бұл істі назардан тыс қалдырып, шара қолданбағанын айтады ол.
26 жастағы Ақылбек әйелімен былтыр ажырасқан. Сол уақыттан бері анасы кішкентай Хантөрені әкесіне жолатпауға тырысып, бар-жоғы төрт-ақ рет кездестірген. Соңғы жүздесуде бүлдіршін «үйге бармаймын» деп жылап, бөтен еркектің қол көтеретінін айтыпты. Мұны ести сала, әкесі бірден полицияға жүгініп, бұрынғы жұбайына да ескерткен.
«Балам маған «ұрады» деп айтты. Содан мен Әуезов ауданына барып, өз арызымды бердім. Сол кезде шешесі келді, «балаға қарашы, бала үйтіп жатыр ғой, бала алдамайды» десем, «төрт жасар бала не демейді», сен ойыңнан шығарып отырсың, мені қызғанып отырсың» деді. «Сенің басың істей ме, қай жақтағы қызғанған, ажырасып кеттік қой, мен баланы ойлап отырмын» дедім», - дейді Ақылбек Дармаханов, Хантөренің әкесі.
Бірақ дабыл қаққан әкені 25 жастағы келіншек елемей, азаматтық некедегі күйеуіне шаң жуытпапты. Ал учаскелік полицейлер сан түрлі сылтау айтып, ешқандай шара қолданбағанын жеткізді. Апталдай азамат ұлының қазасына ажырасқан әйелін кінәлайды. Айтуынша, баласына қамқорлық көрсете алмаған ананы қылмыстық жауапкершілікке тарту керек.
- Туған шешесі қылмысқа кінәлі. Оны 100 пайыз айта аламын. Ол, біріншіден, бала «сырғанақтан құлады» деп жалған ақпарат берген. Екінші, баланың жағдайы нашарлаған соң туған әкесіне мойындады. Өзінің қара басын ойламай, баласын ойлау керек еді ғой. Оны тергесе, бәрін айтады. Оны қазір бостандыққа жіберіп қойған. Өз баласын өлтірген шеше ешкімді аямайды. Сондай топас әйелдер көп. Соларға сабақ болсын деп ойлаймын, - деді А.Дармаханов.
Самал есімді келіншек баланы жуан жұдырығымен өлтірген жас жігітпен энергетика және электронды технологиялар колледжінде танысқан. Ауыр қылмысқа барған күдікті осы оқу орнын биыл бітіріпті. Білім ордасының басшылығы екі жыл педагог болып жұмыс істеген әйел мен студент арасында болған жақын қарым-қатынасты «байқамадық, колледжден тыс әріптестеріміздің жеке өміріне араласуға құқығымыз жоқ» деп ақталды.