Түйткілге толы қоғамдық көлік

Түйткілге толы қоғамдық көлік

Күні кеше Люксембург қоғамдық көлігі толығымен тегін жүретін әлемдегі тұң­­ғыш елге айналды. Қазақ­стан­ның астанасы да жуыр­­­­да қо­ғамдық көлікке қа­тыс­­­ты ше­шім қа­­былдады: Нұр-Сұлтан қаласында 18 жас­­қа тол­маған бар­лық ба­ла жо­ла­қысын төле­мей­ді. Алайда елорда­лық­тар­дың көбі бір автобус­тан екін­шісіне тегін ауы­сып отыру игі­лі­гінен қағыл­ға­ны­на қапалы.  

Текті елдерде – тегін сапар

Дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы елдер жолаушылар тасымалын ақысыз-пұлсыз етуге ден қойды. Мұнысы бекер емес. Халықаралық сарапшы­лар­дың байламынша, осы бас­таманың оң жағы жетерлік: біріншіден, әлеуметтік бағ­дар­ланған қадамы арқылы билік бұқара қолдауына ие болады. Екіншіден, небәрі бір-екі адам ғана отырған, яғни «ауа тас­итын» жеңіл көліктер көшелерді тез-ақ толтырып, ты­ғын ту­ды­рады. Ал бір автобусқа көп жолаушы сиятыны мәлім. Үшіншіден, айлық жол жүру билетін, жеңілдікті-жеңілдіксіз жол жүру картасының түр-түрін жасауға, валидация жүйесін ұстап тұруға, бұзылған турни­кеттер мен валидаторларды жаңартуға жұмсалатын шығын жойылады. Төртіншіден, жолаушы­лардың көлікте жүруін бақылау қажет болмай қалады, ал авт­о­парктер бақылаушылар мен кондукторлардан бас тарта алады. Олар сондай-ақ арнайы комбинезон, тексеру құралдары, билет басқызу шығындарынан құтылады. Тегін қоғамдық көлік жүйесі бар қалаларда тұрғындарға жеке көліктен гөрі автобус тартымды бола түседі. Мұндай шаһарларға туристер көбірек келеді. Көшеде жеңіл көліктің азаюы нәтижесінде қала билігі жаңа жол айырымдарын салу секілді аса қымбат жобалардан қаржы үнемдейді. Қала экологиясы жақсарады. Жол апаты саны да кемиді екен. Бұл ретте автобус, троллейбус, трамвай және басқа да автопарк­тер­дің жолаушылар тасымалдау шы­­ғыны мемлекет не қала бюдже­тінен және кәсіпкерлер мен де­меу­ші­лердің қаражаты есебінен өтеледі.
Эстония өз өңірлерінің басым көпшілігінде қоғамдық көлікте тегін жүруді енгізген бірінші ел: 2018 жылғы 1 шілдеден бері оның 15 уезінің 11-інде автобустарды тегін пайдалана аласыз. Нәти­жесінде, қоршаған орта жақсарған, жеке көліктер қатары кеміген, экологиялық таза трамвай, трол­лей­бус және монорельсті көлік желісі өркен жайған.
Бүгінде Германия да қоғамдық көлігін толығымен тегін ету мәсе­ле­сін қарастыруда: әйтпесе, Global Citizen мәліметінше, Еуропалық Одақ ауаның ластану деңгейінің артуына байланысты неміс еліне үлкен айыппұл салынуы мүмкін екенін ескерткен. Люксембург 2020 жылғы 29 ақ­панда автобус, трамвай және пойыздармен сапарлау үшін ақы алуды жойды. Себебі шағын, бірақ шалқыған бай мемлекетте жеке көлік саны еселеп артуда, бұл жол­дарда ұдайы көлік кептелістерінің туындауына соқтырады. BBC News дерегінше, Люксембург машина саны жөнінен Еуропада 1-орында: әр 1 000 тұрғынға 650 «темір тұл­пар­дан» келеді. 2003 жылы Ресей­дің Воронеж қаласы да тегін қо­ғамдық көлік жүйесіне көшті.  

Шектеулі шеңберде шыр айналып...

Ең болмаса, кәмелетке толма­ған балаларға автобуста тегін қоз­ғалуға мүмкіндік беру жайы Қазақ­станда кейінгі 10 жылдан бері ай­тылып келеді. Басты себеп – бала­лар табыс таппайды. Демек, мем­лекет қамқорлығында болуы тиіс.
«Бізде, әсіресе жасөспірімдерді кемсіту бар. 7 жасқа дейін жолда жүру тегін, 15 жасқа дейін – 50 па­йыздық жеңілдік. Ал жасы 15-тен асқан бала ересек қатарлы төлейді. Елордада картасы болса – 90 тең­ге, болмаса – 180 теңге. Айлық «проездной» о баста 1 500 теңге болған, қазір 7 500 теңгеге дейін өсті. Соңғы 10 жылда ха­лықтың әл-ауқаты бес есе артқан жоқ қой. Үкіметтегілер бала 15-ке толса жұмысқа тұрып, ақша табуы керек деп санай ма? Әрине, жоқ, ол күн сайын мектепке барады, қосымша сабақтарға, секцияларға қатысады. Ешкім де жалақы тө­лемейді», – дейді қоғам белсендісі Ксения Самохвал.
Айтқандай, «Автомобиль көлiгi туралы» заңның 20-бабына сәйкес, 7-15 жастағы балаларға 50% жеңіл­дік ғана қарастырылған. Бұл жас­тан ересек болса, жол жүру ақысын толық төлеуі шарт. «Үкімет балаларды өз қала­уынша топтастырады. Мысалы, бала 3 жастан асса ауруханада ­ата-анасынсыз жалғыз жатуы ке­рек. Автобуста жеңілдік 15 жаспен шектеледі. Бірақ жұмысқа кәмелет жасқа толғандарды ғана алады. Мемлекет жұртшылықты шатас­тыра бермей, нақты айқындалса екен», – дейді қала тұрғыны Арай Баймағанбетова. Бұл мәселені астаналықтар қала әкімі Алтай Көлгіновтің есеп­ті кездесуінде көтерді. Қалабасы мәселе шешілетінін мәлімдеді. Ізінше атауы City Transportation Systems болып өзгерген «Астана LRT» 18 жасқа дейінгі жолаушылар қоғамдық көлікте 28 наурыздан бастан тегін жүре алатынын жария етті. Рас, бұл игілік барлық бала­лар­ға таралмайды, Нұр-Сұлтанда және қала маңындағы елді мекен­дерде тұратын оқушылар ғана оның қы­зығын көре алады: тегін жүруі үшін мектеп арқылы алатын картасы болуы шарты. Өзге өңір­лер­ден келген балалар ақша төлейді. Сонымен бірге ескі картасы бар ересек жолаушылардың тегін ауысып отыру құқығы жойылды (ауысып отыру тек 2 мың теңге тұ­ратын «15 сапар» және 4 мың тең­гелік «30 сапар» жаңа тариф­терінде көзделген).
2018 жылы картаға негізделген AstraPlat жаңа жүйесіне жолау­шыларды жаппай көшіру керек болғанда, билік елді «1 сағат ішінде кез келген бағдардағы автобусқа тегін қайта отыра аласыз» деп қызықтырған еді. Сол кезде көп­теген бағдарлар қаққа бөлініп, әртүрлі бағдарларға айналды. Бұл «қоғамдық көлікті жолаушылар ұзақ күтпеуі үшін жасалғаны» алға тартылды. Салдарынан азаматтар амалсыз бір автобустан екіншісіне ауысып отыруға мәжбүрленді. Кейін осы мүмкіндік 1 сағат ішінде 1 рет тегін қайта отыруға дейін азай­тылды. Енді мүлдем алып тас­тауы бұқараға ауыр тиіп отыр. Өйткені автобуспен сапарлау құны күрт қымбаттап, такси ақысына жуықтады. Осының кесірінен қа­лада жеке көлік иелерінің саны артпаса, енді кемімесі анық.
Осы орайда, балалардың тегін жол жүретіні туралы хабар көмескі тартып қалды. Оның үстіне алда онсыз да еліміз бойынша жас ұр­паққа үлкен жеңілдік берілетіні анықталуда. Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген «Кейбір заң актілеріне көлік мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұжырымда­масына сәйкес, 7-18 жастағы аза­маттардың қоғамдық көлікте 50% жеңілдікпен жүруі енгізілмек. Яғни, құжат қабылданса, алда бұл талап барлық қалаларға таралады. Ресми мәлімет бойынша, Қа­зақстанда 15-18 жас аралығында 917 284 бала бар. Мұның сыртында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резерві өкілдерімен кездесуде аз қамтыл­ған отбасы оқушылары үшін мектепке тегін барып келу енетінін айтып, ауқатты бизнесмендерді мемлекеттің бастамасын қолдауға шақырды. Жалпы, қоғамдық көлік жұмы­сын ретке келтірмей, азаматтардың жеке көлігінен автобустарға ауы­сып отыруы неғайбіл.
«Астаналық автобус парктері жүру кестесін сақтамайды, оның себебі көп: біріншіден, автобустар жолай сынып, бағдардан шығып қалады. Екіншіден, көлік тапшы. Үшіншіден, жүргізушілер жетіс­пейді. Төртіншіден, елордада жыл сайын жол кептелісі артып ба­рады», – дейді City Transportation Systems басқарушы директоры Дәурен Нұралиев.
Жазғы аптапта, қысқы қақаған суықта автобустарды тым ұзақ күтуге тура келетіндіктен елорда­лықтар төл «темір тұлпарға» қол жеткізуге ұмтылады. Сөйтіп, көлік саны көбейіп, жолдың «тығын­далуына» соқтырады. Бұл өз кезе­гінде автобустардың кешігуіне әкеледі. Таусылмас бір тауқымет «шеңбері».

Айхан ШӘРІП