«Әкімдік анықтайды. Әзірге қандай жұмыс істейтіні белгісіз. Бірақ алда апелляция бар, әлі соттасамыз. Себебі қырық сағат жұмысқа жегеді деген жазамен келіспейміз. Себебі, ол кінәсі жоқ адам. Жазықсыз айыпталып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, қандай жұмыс берсе де орындауға әзір. Бірақ кінәсі дәлелденген жоқ. Сот шешімімен келіспейміз. Сондықтан істі қайта қарауға береміз», - деді әншінің адвокаты Тілеужан Кішкенебаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыда жол бойында полция қызметкерлерінің Lexus көлігінің жүргізушісін ұстаған сәтінен видео тараған еді. Куәгерлер ұсталған азаматтың танымал әнші Төреғали Төреәлі екенін байқаған. Кейін Алматы қаласының полиция департаменті желіде тараған видеоға қатысты пікір білдіріп, полиция қызметкерлері Майлин көшесінің бойында А. есімді азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқанын хабарлады. Полицияның мәліметінше, жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінген. Яғни, ол агрессивтілік танытып, полицияның заңды талаптарына бағынбай, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтірген. Сондай-ақ ұсталған орнынан қашып кетпек болған. Полицейлер құқық бұзушының жолын бөгеп, оны ұстап, медициналық тексеруге алып барған. Сараптама қорытындысы бойынша оның есірткіге мас күйде екендігі анықталған.