Жетіп тұрса да, жетпейді, көз алдынан дүние-мүлік кетпейді. Жетіп тұрса да, анадан, мынадан ептейді. Бір облыс әкімінің әйелі кешкілік ашулы қарсы алыпты дейді:
– Осы сенің айлығың қашан өседі? Жарымай өтетін болдық қой!
– Жетеді ғой.
– Бар болғаны бір миллион, екі жүз мың теңге ғана аласың. Қазіргі қымбатшылық заманда осы да ақша ма?
– Айлықты мен өсірмеймін ғой, – деген әкім диванға жайғасты. Ішінен: – «Шіркін, айлығым шынында бес миллион теңге болса ғой? Артық етпейді», –деп ойлады. Ал әйелі ызыңдауын қоймады. Шынында, «Кедей бай болсам, бай құдай болсам!» –дейтінді баяғы бабаларымыз қалай дұрыс айтып кеткен еді?
– Айлығың өспесе, қарамағыңдағылар пара берсін.
– Ойбай, атама, сотталып кететін жағдайым жоқ.
– Ойпырмай, а? Түк алмай жүргендей сөйлейсің ғой.
– Енді...Бұрын ептеп алдым.
– Министрлер қанша алады екен?
– Әрине, менің айлығымнан көптеу.
– Министрге тимеген екенмін де?
– Қойшы енді. Пошташылар да жүр ғой, ештеңе деместен.
– Мен пошташының қатыны емес шығармын?
– Пошташының төменгі айлығы жетпіс мың теңге ғана.
– Сен пошташы емес, облыс әкімісің ғой?
Ал енді министрдің әйелі не дейді екен?
– Сен министр болғалы бір жарымай қойдық.
– Миллионнан аса айлық жетпей ме не? – деп ашуланды министр.
– Айлығың алты миллион болмай ма?
– Болса, қанекей! Кабинетіме билеп барып, үйге әндетіп қайтар едім!
– Қазір ақша деген жай сабан, құны кете берсе, бұдан да жаман.
– Енді қайтейін? Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда ғой?
– Сол ішкеніміз бен ішпегеніміз неге анда, мұнда, сонда, ана жерде, мына жерде, ана жерде, мына жерде болмайды?
– Тойымсыз қатын екенсің!
– Бюджеттен кеміруді де білмейсің!
– Сотталып жатқан министрлер аз ба? Пошташылар да жүр ғой, өлмей-ақ!
Мен пошташының қатыны емеспін, министрдің қатынымын!
Ал енді коррупцияға қарсы күрес бастығының әйелі не дейді екен?
– Айлығың қатып қалған екен де?
– Жібітейін деп пе едің?
– Айлығың өспейді екен де? Жарымай кеттік қой!
– Өспесе де, ақша деген былайша кеңірдектен келіп жатыр ғой.
– Бәрібір жетпейді.
– Жетпесе, желкесі үзілсін. Ызыңдай бермей, тыныштық берші?
– Қара уылдырық жейміз, қызыл балық жейміз, енді акуланың етін неге жемейміз? Киттің көзін ше?
– Мен антикор бастығымын, антикор!
–Жемқорлыққа қарсы күресе жүріп, жалмауыз бол! Аз асап жатырсың.
– Пошташылар да жүр өлмей!
– Мен пошташының қатыны емеспін! Антикордың қатынымын!
Ал енді прокурордың әйелі не дейді екен?
– Айлығың құрысын!
–Не болып қалды? – деп сұрады прокурор.
–Айлығың ештеңеге жетпейді. Жарымай қойдық.
–Беретіндер беріп жатса да ма?
–Тұрақты емес қой.
– Мен прокурормын! Тазалықты бақылаймын!
– Ойпырым-ай! Моншаға барып, жүрек тұсыңды тазалап жуып келе қойшы!
– Саған ештеңе жетпейді екен! Пошташылар да жүр ғой!
– Немене, пошташылар?
– Аз ғана айлыққа малданып!
– Мен пошташының қатыны емеспін! Облыс прокурорының әйелімін! Прокурордың!
Ал енді соттың әйелі не дейді екен?
– Айлығың құрттап кеткен, кедейшіліктен құтылатын күн бар ма өзі? – деді әйелі бұртиып.
– Ойбай, құдайға шүкір десеңші? – деді сот.
– «Түрмеден құтыласың, сотталсаң, ұтыласың!» – деп ала бермейсің бе? Ала бер, ала бер, ала бер! – дегенде сот әйелінің аузын алақанымен жаба қойды.
– Ойбай, айқайлама! Соттап жіберемін! Пошташыларға рақмет!
– Е?
– Айлығым аз демейді.
– Мен пошта бастығының әйелі емеспін, соттың қатынымын, соттың!
Ал енді пошташылар ше? Олар айтады: – «Дәрігерлердің, мұғалімдердің, басқалардың айлығын өсіріп жатыр, өсіріп жатыр, бізді ұмытып кете береді!» – деп жылайды. Олардың көз жасы көл, ал айлығы, шынында нөл! Сондықтан болар, Алматыдағы «Қазпошта» қызметкерлері «айлығымыз аз» деп наразылыққа шықты. Пошташылардың айқайы жан ауыртады. Айтуларынша, еденді де өздері жуады екен. Өйткені мұрын сүртуге келмейтін аз айлыққа ешкім келмейді екен. Бірнеше қосалқы жұмыстар атқарса да, айлықтары «ауру» қалпында көрінеді. Сыйақы деген ұстатпайтын көрінеді. Пошта қызметкері Ботагөз Қаңтарова: – «Жоспардың жағасынан алып, енді орындай бергенде жоспар әдейі көтеріліп кетеді. Компания басшылары осылай қулыққа барады», – дейді. Ал Мадияр Нұрсейітов (пошташы) айлығының аз екеніне, бар-жоғы 85 мыңдай ғана алатынын, демалыс жоқ екенін, тіпті мереке күндері де жұмыс істейтінін, ол күндерге қосымша ақы төленбейтінін айтып, күрсініп салды. Масқара! Еден жуатындардың айлығы 18 мың теңге ғана екен! Шынында, айлық көтеретін шенеуніктер пошташыларды ұмытып кетіпті ғой! Склероздар!
Мұхтар ШЕРІМ