Адал асхана

Мен, тоғыз жасар балам және жетпісті алқымдаған шешем үшеуіміз Маңғыстау облысына сапарға шықтық.

Жолымыз болды. Баратын жерімізге аман-есен жеттік. 

Балам:

– Әке, қарным ашты, – деп ауызы бұртиып қалды. Аптап ыстықта тамаққа да тәбет жоқ. Неше күннен бері мұздай қара суды көшеде қотарып ішіп жүрміз. Содан жүрек жалғайтын жер іздедік. Қарсы алдымызда іздеген асханамыз тұр. Төбесіне «халал» деп бадырайтып жазып қойыпты. 

Ішіне кірген бойда жүгірмегім сұрап жатыр

– Әке, «халал» деген не?

– Балам, ол  адал, өте таза деген мағынаны білдіреді.

Орындыққа жайғасқан бойда бір қыз жетіп келді.

– Ас болсын, не ішесіздер?

– Қызым, қандай тамағың бар? – деп шешем де сөзге араласты.

– Апа, бізде бәрі бар. Барлық тағам «халал» деп әлгі қыз зуылдап тұр.

    Біз таңдаған тағамдар алдымызға әкелінді. Қызарып піскен хош иісті самсаны көргенде кәдімгідей тамаққа тәбетіміз оянды. Балам айтпағанда, кәдімгідей ашығып қалыппыз. Адал асты енді жей бергенде бес қара шыбын, екі көк шыбын ызыңдап жетіп келді. Әлгі шыбындар өз үйлерінде жүргендей дастарқандағы тағамдардың үстіне жайғасып қонып алды. Бұл жерде бәрі халал, таза деп айтып ұлыма өтірікші болдым-ау деймін ішімнен.

Шешем беторамалымен қайта-қайта ұшырды. Әрі-берден соң ашуланған шыбындар тағы он шақты туыстарын ертіп әкеліп тамақ ішкізбеді. Сосын әлгі қызды шақырдым.

– Тағы бірдеңе жейсіздер ме? – деді ол.

– Айналайын, бізге мына шыбындар маза бермей жатыр, – дедім.

– Шыбындарың да халал ма? – деп шешем қойып қалды.

Қасымызда анадай жерде тамақ ішіп отырған екі адам күліп жіберді. 

Даяшы қыз қызарып кетті. 

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН