Түнгі ЧП

Бала күнімізде көрген үнді киносының бірінен сол елдің әлемге аты әйгілі әртісі Радж Капур шырқайтын әуен бар-тын.

...Американнан етігім бар,

Ағылшыннан  телпегім,

Француздан темекім бар,

Менің өзім үндімін, – деген. 

Сол айтқандай, тәуелсіздіктің, әм өркениеттің арқасында ұзақ жыл моторы от алмай қалған еліміз қазір гүрілдеп тұр. Гүрілдейтін себебі бізде шетелдіктермен байланыс мықты. Мықты болатын себебі бізді щетелдіктер басқарады. Кім басқарса, сол жақтың өнімі бізді жаулап алады. Біз де  содан соң  бір кездегі үнділіктер сияқты ән шырқайтын болдық.

 Тері тоным  түріктерден, 

 Немістерден көлік мінгем, 

Қытайлардан қатық ішіп,

Өзбектерден өрік   жегем. 

Түріктер мен қытайлықтардың кәкір-шүкір сабақты жіп  инесінен бастап  «жоғары сапалы» фирмалық белгісін басқан автокөліктеріне дейін  қазақстандықтардың сауда  нүктелерін  билеп тұр. Туу,  нені айтып кеттім. Бұл сөз емес сөз.  Оны қойшы.  Бәріне ет үйренді. 

Қазір  алпауыттай Қазақстан қазынасының басына шетелдік өкілдер келсе құшақ жая қарсы алатын болдық. Мәселен, Астанада қаптаған құрылыс жүріп жатыр. Атырауда мұнай бұрғылануда. Қарағандыда  көмір қазылуда. Соларды басқарып отырған кімдер? Жезқазғанның мысын ше? Іштерің біліп отыр ғой. Тағысын тағы, тере берсең, ішің қыжылдайды.

Шұрайлы жердің, мұнайлы жердің, өмірлі, көмірлі  жердің тізгінін ұстап  отырған  ұлтымыз емес, кәріс, ағылшын, үнді, түрік, т.б.  Әйтеуір, қалталы шетелдіктер. Ақша жүреді-ау деген жерді солар қайдан біледі? 

Жақында біздің цемент шығаратын  зауытқа да туу қиырдағы Лондоннан бір ағылшын  бастық боп келді. Өзіміздің қазақтар бастық болуға жарамай қалған ғой. Аттай  алты жыл АО болып жүрген мекеме екі жыл бұрын ЗАО болған. Осылардың АО-сында да, ЗАО-сында да шаруамыз қанша. Бізге жылы орнымызды суытпай,  айлығымызды   ай сайын алып тұрсақ болғаны дедік. Бәрібір бізбен ешкім санасып жатқан жоқ. Сол  цементті нанша илеп жатқан қара қазақтар нені біліп жарытар деген шығар.

Сол ЗАО цемент зауытына бастық болған ағылшынның  бірінші орынбасары жарықтық қазақтан шыққан орыс еді. Тайлы-таяғымызды  қалдырмай  жинап алды да:

–Так, біліп отырсыздар, о чем идет разговор, – деп бір тоқтап қойды. Біз мектеп партасындағы оқушылар сияқты қолымызды алдымызға қойып,  тыңдай бердік. Қырп етпейміз. Екі көзіміз  орынбасарда.  

– Раньше казак тилі, казак тилі говорили. Оказывается далеко не пойдем, казак тилимен. Жизнь показывает и доказывает, – деп бізге қарады. Жұрт үнсіз. Ол әрмен сөзін жалғастырды.

– Даже бұрынғы  Елбасымыз да, қазіргі Президентіміз де   шетелдик тилді билу кирек деп отыр. Вот теперь нам пора.   Бариңизге ескертем. Создикті окиык, или нанимать етиңіздер учителді. Нам теперь англиийский языкты билу керек. А кто не хочеть,  пусть подумает.   Его заменит сможем...

Бұл қорқытқаны.

– Алдыңғы жақтағы жас қыздар да бір-біріне басын қоса қалды. Сыбырласып жатыр. Шамасы  «чем қазақша, пуст ағылшынша» деп жатыр ма, кім білсін.

Сол күні Жапақ үйге басын салбыратып келді.  Шайын ішті. Сосын әншейінде ағылшын тілінде сөйлегіш  қызын қасына шақырды. 

– Қызым,  сен енді  маған ағылшын тілін үйрет. Сөйтті де, бүгінгі жұмыстағы болған жағдайды түсіндірді.

– Ой, пап, конечно, помогу, но трудно будеть сізге. Бірақ конечно стараться етсеңіз, все будет, О, кей!  – деп қызы әкесіне қолдау көрсете кетті.

– Ассалаумағалейкум? – дегенді ағылшынша қалай айтады?

–  Пап, ондай амандасу жоқ.. Наверно «Привет!» или «Здраствуй!» деп амандасуға болады. Ағылшынша Hello! дейсіз. Эл-Лоу, Эл-лоу!

– Содан соң «Осы саған Қазақстанға келіп нең бар?» – дегенді  үйретші, оның  айтылуы тек жай сұраулы сөйлем сияқты болмасын, мынадай, кейіген сияқты екпінді болатын болсын. Осыны  маған  жазып бер, тілім келгенше жаттайын.

– Ну, пап, мұндай сөз сізге не керек? Қызметіңізге қатысты сөзді үйрену керек  емес пе? 

– Қызым, үйрет дедім бе, менен ешнәрсе сұрама, үйрет! Мен үлкен бір службаны басқарамын. Прямой ағылшын бастыққа бара қалсам, бәрін де білуім керек. Мен саған көп сөз үйрет дегенім жоқ қой. Бір-ақ сөз! Маған қажеті осы! – деп  қырсыққан  Жапақ қызына алара қарады. Әкесінің сырын білетін  қызы:

– What  have  you lost in Kazakhztan? – дейсіз. (Уат Һавю  лост ин Казахстан)  Былайынша ниет қылмайды екен ғой  жұрт, «тоқпақ мықты болса, темір қазық жерге кіреді» деген.  Жұмыстағылар  ағылшынша күнде бір сөз жаттап, бір-бірімен ағылшын  тілімен амандасып, «тән кю веримачты»  зуылдатты.

Бір күні ойламаған жерден автобазадан түнгі кезектегі  бір шопыр  машинамен электр бағанасына соғылып, өзі жарақат алып,  бүкіл мекемеде қуат көзі  болмай, ЧП болды. Жапақты   ағылшын бастық тез келсін деп шақыртыпты. Жапақ келді.

Тілмаш дегбірсізденіп күтіп тұр екен, «сіздің службадағы түнгі ЧП-ны бастық сізден ауызба-ауыз өзі сұрап білгісі келеді. Тез, тездетсеңізші», – деп тызылдап қарсы алды.  

Жапақ болса сасатын емес. Тілмаш екеуі ағылшын   бастықтың кабинеті алдына келді.

– Үсті-басыңызды сәл түзеп, айнаға қарап, сәл  шашыңызды түзеңіз, – деді  алдындағы хатшы қыз.

– Қазір, ағылшын тілінде амандасыңыз. Тапсырма берілді, служба бастықтарына. Үйренген шығарсыз, – деп бір қойды Тілмаш та қосарлана.

Жапақ ішке кірген соң  төрдегі көзілдірікті ағылшын бастыққа адымдай басты. 

Тілмаш:

– Ойбай-ау, аға, ағылшын тілінде амандасуды бастасаңызшы тез. «Эл-лоу!» десеңізші. Бастай беріңіз  деймін, – деп қапталдаса сыбырлауын қояр емес.

– Ас-са-лау-ма-ғал-ей-кум,  мырза!  – деп Жапақ  төрдегі бастыққа  оң қолын ұсынды.  Бұлайша амандасуды бұрын  естімеген  ағылшын бастық  орнынан атып тұрып;

 – А-а. Сы...сы-сса-кум, – деп барып өзінің эл-лоуына басты. Тілмаш ортада. Ағылшыншалап  жалпақтап бастыққа бір нәрсені  түсіндіріп жатыр. Жапақ ол айтқандарды түсінген жоқ. Бірақ  Жапақтың ұққаны ағылшын бастық бұған оң райда қарап тұрған сияқты. «Гуд», «гуд», – деп басын изей бастады. Содан соң Тілмаш Жапаққа былай деді.

Аға, сіздердегі шопырлар жоғары білімді ме? – деп сұрап жатыр. Түндегі ЧП-ға байланысты, – деді.  Жапақтың көзі шытынап кетті.

– Ай, бұл не не айтып отыр өзі? Қайдағы жоғары білімді?! Жоғары білімді болса, шопыр  боп істеп несі бар автобазада?! Отырмай ма анау креслолардың бірінде.

– Бізде Англияда  бәрі де жоғары білімді дейді. Сіздердің шопырлардың жоғары білімі жоқ болған соң түндегідей ЧП болды деп отыр. Оларды аттестациядан өткізу керек дейді, – деді арадағы тілмаш.

Осы жерде Жапақ шыдамады. Басындағы қалпағын уыстап тұр еді. Қалпақты жерге атып  бір ұрды. Сөйтті де:

Өй, әкеңнің аузын!  Тілімізді бұрып өлдік қой әкеңнің... Бұл үшін мені қазір соттатып жіберсеңдер де. Ендеше барсын Англиясына. Осыны аударып айт, – деді Тілмашқа. Сөйтті  де, ағылшын бастыққа қарап:

– Уат Һавю  лост ин Казахстан?! – деп (What  have  you lost in Kazakhztan?!) көзін одан сайын ежірейтті Жапақ. Тілмаштың да, ағылшынның көзі жыпылықтап кетті. Жапақтан мұны күтпеген тілмаш  мүлде  сасып  қалды.

– Өй, ағасы, бұлай қатты кетпесеңізші. Бүйтуге болмайды ғой, – дей беріп,  ағылшын бастыққа  қайтадан жалпақтап, Жапақтың сөзін өзгертіп жеткізді:

 – Шопырлардың бәріне  оқыңдар, жоғары білім алыңдар деп айтыпты. Соған күйініп тұр. Кейбір қазақтар осындай горячий. Сіз кешіріңіз, ренжімеңіз, эмоцияға беріліп кеткеніне, – деп жуып-шайды. 

– Ағылшын тілін біліп тұр ғой, – деді бастық.

– Иә, бізде білетіндер бар.. Сіз келген соң бәріне үйреніңдер деп тапсырма берілді,  –деді тілмаш жарамсақтанған күйде.

– Қажет сөздерді біледі, – деп айтыңыз деп түзетті  ағылшын.

Бұл  оқиға түнгі ЧП-дан да жаман  ЧП болды. Ағылшынның бірінші орынбасары зауыттың  басқарма бастықтарын  жинап:

– Жапақ Қатапович  ұлтшылдығын көрсетті. Оны біз жұмыстан  шығарамыз. Енді қалғандарыңа ескерту – ешқайсысың Жапақты қайталаушы болмаңдар! –деп қатаң ескертті. 

Содан соң ағылшын бастыққа келіп Жапақты бүгінгі сөзі үшін жұмыстан шығаратынын айтқан.

– Керісінше,  оны шығармайсың! Бізде ағылшын­дар да әділ айтатын адам, тура бетке айтады. Ол ешкімнен қорыққан жоқ, тура өзіме бетіме айтты. Мен түсіндім. Алдағы уақытта  Жапақтай адамдарға  ғана жұмысты сеніп тапсырамын – депті ағылшын бастық.

– Бізді жерге қараттың, халықаралық  қатынасқа зияныңды тигіздің. Боқтау сөз айтыпсың. Енді өз еркіңмен шығуға  өтінішіңді жаз!, –деп бұрқылдаған  бірінші зам  бұдан кейін жым болды.  

Кейіннен ағылшын бастық қазақ тілінің тілмашын жалдап, мекемедегілермен  «Ассалаумағалейкум» деп амандасуды, тағы да басқа өз қызметіне қатысты сөздерді  іріктеп алып,  қазақ тілін  үйреніп жүр деген сөз зауыттағыларға  тарап кетті. Біз, қазақтар, талап етпейді екенбіз өз тілімізді үйренуге.Талап етсек, бәрі де басқаша шешімін табады екен ғой.

Ағылшын бастықтың  наурыздағы мерекелік дастарқанымызға қатысып, қойдың басы мен қазы-қарта  жегендегісін  айтсайшы. Таңдайын қағып, көл-көсір  қазақы дастарқанға аузын ашты да қалды.  «Гудын» қойып, «Жакси-жаксиға» тілі  еш  күрмелмей-ақ келді. Ағылшынның  бұл ісіне бүйрегіміз бүлкілдеп  соға бастаған-ды. Бір жыл толды ма, толмады ма, ол кенеттен ғайып болып, еліне кетті. 

Енді бізге  неміс ұлтының  азаматы бастық болайын деп жатыр. Баяғыда бір жеңгеміз «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» деп қайынсіңлісін  үй ішінің барлық жұмысына жұмсай береді екен. Сондай-ақ, шетелдіктердің  бастық болуының арқасында аман болсақ,  су жаңа Қазақстанымызда, тәуелсіз елімізде  тәуелді болып әлі  талай шет тілін үйренетін шығармыз.  Міне, біздегі  өркениет! 

Ағылшын бастыққа түнгі ЧП жасап, қазақ тілін құрметтеуді  үйретіп едік. Енді келетін неміс бастыққа да бір түнгі ЧП керек-ау деп  ойлап жүрміз.

Өріс  ЯШҮКІРҚЫЗЫ