Аудиторлық қызмет туралы келісімді қарайды

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың тө­рағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Алдағы жалпы отырыста депутаттар қарауына «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылады. Бұл Келісімде Еуразиялық экономикалық одақ аумағында аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыруға бағытталған нормалар белгіленген. Cондай-ақ Келісім мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметті жүзеге асыру мен реттеудің бірыңғай тәсілін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар депутаттар Бюджет кодексі және бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелеріне қатысты заң жобаларын жұмысқа алады. 

Бюро отырысында Парламентаризм институтының VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиядағы Мәжіліспен өзара іс-қимылы бойынша қызметі және екінші сессияға жұмыс жоспары туралы ақпарат тыңдалды.