Қоғамдық палатаның белсенділігі маңызды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қо­ғам­дық палата мүшелерімен кездесіп, өткен сессиядағы жұмысты қорытындылап, алда­ғы кезеңге арналған міндеттерді айқындап берді.

VIII сайланған Мәжілістің екінші сессиясындағы Қоғамдық палатаның алғашқы отырысы жаңар­тылған құрамда өтті. Жиынның ресми бөлігі бастал­мас бұрын Ерлан Қошанов палата мүшелерімен алдағы кезеңнің күн тәртібін талқылады. 

– Бұл Қоғамдық палатадағы алғашқы тәжірибе­леріңіз болғанына қарамастан, жұмыс дұрыс бағытта жүргізілуде. Небәрі екі айдың ішінде 5 отырыс өтті. Онда 8 мәселе қаралды. Барлығы жоғары деңгейде болып жатыр. Қоғамдық палата салмақты диалог алаңына айналуда, – деді Мәжіліс спикері. 

Ерлан Қошанов Қоғамдық палата сарапшы­ларының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау, капиталды қайтару туралы заң және басқа да өзекті мәселелер бойынша нәтижелі жұ­мысын атап өтті. Заңдарды қабылдау кезінде көп ұсыныс ескерілді.

– Мәселен, онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы заң жобасын талқылау кезінде Мүсілім Хасенов заң жобасына жан-жақты талдау жасады. Мүсілім блогерлердің құқықтық мәртебесін енгізіп, ұғымдық аппаратты нақтылауды ұсынды. Бұл пікір тиісті комитетте назарға алынды. Олар заңда ескерілген. Бізде мұндай мысалдар аз емес, – деді Мәжіліс төрағасы.

Спикер осы сессиядағы заң жобалау жұмыстары да Қоғамдық палатаның белсенділігін қажет ететінін атап өтті. Бұл – масс-медиа, Бюджет, Салық ко­декстері және басқа да әлеуметтік маңызы бар жоба­лар мен тақырыптар туралы заң жобалары. Өз кезегінде Қоғамдық палата мүшелері ойынқұмарлық, жолаушылар тасымалы, тұтынушылардың құқық­тарын қорғау мәселелерін талқылауға шығаруды ұсынды.

Жиын соңында Ерлан Қошанов Қоғамдық палатаның жаңа мүшелері – Әміржан Қосанов пен Қанат Нұровты жұмыстың басталуымен құттықтады.

Фото: nur.kz