Заманның қилы кезеңінде еліміздің рухани-мәдени жаңғыруына елеулі үлес қоса білген қайраткер Темірбек Жүргеновтің есімі күллі Алаш жұртының жадында сақтаулы. Небары 39 жыл дүние дидарын көрген дара тұлғаның қамшының сабындай қысқа ғұмыры өнегеге толы.
Жалағаш ауданында өткен қайраткердің 125 жылдығына арналған шарада ел болашағы үшін еміреніп өткен тұлғаның өмір жолы кеңінен сөз болды. Жүргеновтанушы ғалымдардың пікір, пайымдары айтылды.
Ұлт қайраткерінің есімін ұлықтауда арнайы саябақ ашылып, жергілікті халықты қуанышқа бөледі. Саябаққа тұлғаның еңселі ескерткіші орнатылған.
Саябақтың ашылу салтанатында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет айтулы шараны өткізуге ықпал еткен бірқатар азаматтарды аймақ басшысының алғысхатымен марапаттады.
«Темірбек Жүргенов – барша түркі әлеміне ортақ тұлға. Жазықсыз жаланың құрбаны болған қайраткердің ақтық демі түгесілгенше жүрегі елім деп соққаны тарих беттерінен белгілі. Бүгінгі ұрпақтары, яғни біздер қайраткер есімін ұлықтап, жас буынның жадында жаңғыртуды азаматтық парызымыз деп білеміз. Осы орайда тұлға есімін ұлықтауда еселі еңбек етіп жүрген «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсатов, жүргеновтанушы ғалым Бауыржан Иманғалиевтің есімін ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі туған топырағында тұлға есімімен ашылған саябақ сондай игі істердің бір парасы десек болады. Барша шараға қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Өз кезегінде қайраткер атындағы қор төрағасы Сәпен Аңсат пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев шараның мән-маңызына кеңінен тоқталды. Ел келешегі үшін елеулі еңбек сіңірген тұлғаны ұлықтап жатқан облыс және аудан әкіміне, барша жанашыр азаматтарға алғыстарын жеткізді.
Жүргенов атындағы саябаққа 60 млн теңгенің үстінде қаражат жұмсалыпты. Демалыс орнының құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілген. Саябақты абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмай, талдар мен жеміс ағаштары отырғызылыпты.
Тарихи тұлғаның туған жері, Т.Жүргенов атындағы ауылда атқарылған игі істер мұнымен шектелген емес. Биыл ауылда ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын ішкі көшеге жай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған жергілікті қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралыпты.
Ұлт қайраткерінің ауылда өткен мерейтойы республикалық деңгейдегі түйе палуандардың қазақ күресімен және сөз маржанын терген ақындардың жыр мүшәйрасымен жалғасын тапты. Палуандар додасында 20 қатысушы бозкілемде белдесті.
Бұл күні қайраткер атындағы ауылда өткен өнегелі іс-шаралар береке мен ынтымақтың үлгісін көрсетті. Ауыл айналасына 20-ға жуық киіз үй тігіліп, ән мен жырдың інжу-маржаны төгілді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы